11.02.2022
  109


Автор: Құл-Керім Елемес

ЗІКІР

Аспанның ақбоз беті, қара түбі...
Секілді көздің ақ пен қарашығы.
Нұрына Аллаһтың ақ нұрлана алсаң,
Көзіңе көрінеді бар асылы...
Табиғат біз білгеннен таңғажайып,
Атады бір шындықпен таң ғажайып...
Зат біткен өз тілінде Раббынан
Тілейді алақанын таңға жайып?!
Ғаламды ғылымы астам сап қырағы,
Күзетіп періштелер сап құрады.
Зат біткен өз тілінде Жаратқанды
Растап, мүлгіп зікір сап тұрады!..
Нарсынып намысы өлген надандана,
Хақ беттеп жасамаған қадам дана,
Қылмаса бір қылмайды ғибадатын,
Шайтан мен шайтан ділдес адам ғана?!
Аспанның жарық беті, жарық түбі,
Қойған-ды Күнді Түнге жарып тығып...
Құдайдың құзырына құлағаным,
Рухымның Хақтан алған жарықтығы!..
2002.3.14





Пікір жазу