АЛЛАҺТЫҢ ІЗДЕП...
І
Шын жарық мекен ғайыпта ғана екенін,
Күнжарықта өсіп қалайша білмеді екемін?
Мекенсіз қайдан дәргағын іздеп Аллаһтың,
Көктерді көктеп ақылмен самғап өтемін...
Шіркін, дүние-ай, табаным сенде тілінді...
Нәпсіні нарлап, ақылсыздығым білінді.
Тұнықта туып,
Түнекте ділім тоттанып,
Келтіре алмадым Кәламға қанша тілімді?!
Мекенсіз қайда Аллаһтың іздеп жамалын,
Ақылмен самғап, Жәйнамазымда жанамын...
Құдірет Аллаһ, тағдырымды Өзің жарық ет,
Ындынымды оқып... жатырында жазған ананың?!
ІІ
«Қымбатпын!» дептім, қымбаттың білмей не екенін,
Қартаңдап қалған қара Жер менің мекенім.
Иман – шырағым алдыма жағып алам да,
Аспанда ағамын, Адамның* іздеп мекенін...
Арман-ай, деші!
Ағаттық үшін бір мысқал,
Жұмақтан шығып жұтап-ақ қалды тұрмыс, хал...
Жеті қат төмен жексендеп кеттік...
Енді оған
Жүрегі нұрлы жетеді Хаққа шын құштар!
Жетеді оған Аллаһқа шындап берілген,
Әркімнің арман, несібесі бар терілген.
Өлім сызығы – Аллаһтық әділ таразы,
Фәни мен бахи екі ортасына керілген...
Ажалсыз одан аттамасымды білемін,
Өлім оятқан күнденді өлі жүрегім...
Кіршіксіз,
Кірсіз жете алсам ғана сол шекке,
Мәңгі Жұмақтық құл екенімді білемін!..
Иншаллаһ!
2002.2.14
*Адам – Адам ата ғаләйһис сәлам