11.02.2022
  113


Автор: Құл-Керім Елемес

АҚ ӘЛЕМ

Жер де әппақ,
Тоғай да әппақ,
Аспан да әппақ,
Әппақ шың әппақ басын аспандатпақ.
Оранған әппақ әлем ақ кебінге,
Кеткендей кептері ұшып аспан жаққа...
Ілінген сіңіріне тарамысы,
Ақ әлем ағарғанда қараны ішіп,
Белінен ақ әлемді өтті кешіп,
Мауыққан қара мақпал қара мысық...
Үйлесіп ақ пен қара отасқанда,
Көкейден көтеріліп от аспанға,
Көңілім әлденеден секем алды...
Белгісіз болар бұл сыр топас жанға?!
Ақ әлем құбылмалы, құбылады,
Шулы алап шырқай берсін шұғылалы!
 Жүрегім ауызыма тығылады...
Бетке алып басымды идім Қыбыланы!..
Ақ әлем көзін жұмып ақпандатқан,
Сезгендей бір сыбысты ақтаңдақтан...
Дүние көк көйлегін киіп жатты,
Келгендей кептері ұшып Аспан жақтан...
2002.2.12





Пікір жазу