meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  11.02.2022
  152


Автор: Құл-Керім Елемес

МЕН

Көзімді жұмсам кәдімгі Түнмін – түнек Түн,
Бірі екем менде жұлдыздап тұрған түнектің...
Жұлдызым сөніп,
Жұлдызым жанып жарқырап,
Ағып келатып Ай астында бір түнептім...
Түнеген жерім дүние екен – дүр жалған,
Егескен арман ентіге ұмтылды бір жалдан...
Қашқанды қуып,
Қуғаннан қашып қанжілік...
Қалжыған түрі қасқаның мынау ырғалған.
Солқиды ішім соқадан қайтқан өгіздей,
(Бұл емес еді немеурін келген негізгі ой).
Көрсетпей шегін көсіліп кеткен ғаламмен,
Кеудемде жанған көзді жүрегім егіздей.
Жүрек – көзімнің кірпік – шыңында тоқтаған
тамшыдай таза мәңгіліктерге оқталам...
Көзді ашсам фәни,
Көз жұмсам бақи – екі әлем,
Екі арасында алқынып тұрды от ғалам!..





Пікір жазу