ҚҰЛ-КЕРІМ ҚҰЛАСЫ
Абілез аға,
Қағылез аға,
Әнші аға!
Жатқан жұрт мынау, «келді екен, – десіп, – қаншаға?»
Қаншаға келу Хақ ісі, онда қақым жоқ,
Жетпіс пе, мейлі, жетпісте Күндей жаншы, аға!
Хақ Аллаһ саған өлең де берді, әңді де,
Спорттағы ісің ұлық бір ұза-ақ әңгіме...
Бастысы сізді қазағың сыйлап хандауда,
Қазақпен бірге өл!..
Қалады дейсіз мәңгі не?!
Жетеді сода қазақпен бірге жасасу,
Қайсы бір төрде қазақ боп жая асасу.
Жетпісің – Талқы!
Талқыдан асып самғадың,
Талқыдан асу жай асу емес, бас асу!
Талқыдан асу – Тәңірлі құлға талықпау,
Тағынан таймай тұлғаша өзін қалыптау.
Талқыдан асу – таза да мөлдір әуен боп,
Талқыдан аққан қырандай құйғу, қалықтау...
Талқыдан асу – Тәңіріге табан жақындау,
Нәпсіні тыю, харлықтан қару асынбау.
Талқыдан асу – мейірім күткен жүрекке,
Нөсерлеп, селдеп, түнегін түре жасындау.
Талқыдан асу – талқыға түсу өзімен,
Бетпе-бет келу ісімен, өктем сөзімен.
Талқыдан асу – Тәңірін «Бір» деп нақ танып,
Ғаламды көру сыртқы емес, ішкі көзімен...
Талқыдан астың,
Талқыға түстің, жан-аға...
Талқыға түспей тарланның бағы жана ма?
Еліңе еткен еңбегің кетті ел кезіп,
Шүкір ғой, шүкір, «шүкір!» де Хаққа, ән – аға!
Шүкір ғой Хаққа,
Тамып тұр беттен нұрыңыз,
Нұрланып әлі осылай ұза-ақ жүріңіз.
Жақсысы істің – екі әлемді екен тең ойлау,
Әніңіз – Азан,
Құрандасса екен жырыңыз?!
Әніңіз – Азан,
Құрандасса екен діліңіз,
Сәждеден тұрып, сәждеде көзді іліңіз...
Мүмкін сонда, аға, бұдан да самғап кетерсіз,
Мен соны білдім...
Сіз дағы соны біліңіз!..
«Білдім мен» демен, Аллаһым Өзі білдірді,
Мейіріне бөлеп Меккеде көзімді ілдірді...
Құл едім жынға, құл ғып, сан шүкір, Өзіне,
Адам ғып қойды, хас надан мендей – ділгірді.
Сан шүкір Хаққа,
«Сан шүкір» демей не дейін?
Хақ жайлы сізге айтатын менің көп ойым...
Қазірше мынау Талқыдан асқан тойыңда,
Құлын – жырыммен құйғытып барып өбейін.
Әкемді көрген,
Әкемдей болған әкем-ай!
Сайрамды бойлап сен салған әннің әсемі-ай.
«Әбілезі-ім!» деп отырушы еді Елекем,
Ендігі сенсің Елекем – Әбілез – әкем-ай!
Елбіреп ылғи жүресің Кер, жоқ, «Кәрім» деп.
«Кәрімге, тіпті, жетпейсің мынау, бәрің» деп.
Жаныммен іштей жаныңды оқып мен жүрем,
Жүк қалтырмайтын жолыңда болсам нарың деп.
Сара апам, олда «Кәрімім!» дейтін, рахымды!
Сіздер ғой менің айтқызбай білген мұратыңды...
Сізге арнап, Әбем, құлыннан өзің баптаған,
«Жырқұла» сынды жібердім осы бір – атымды...
Мініңіз дағы құйрық бір жалын төгілтіп,
Талқыдан асып,
Сайрамды басып егілтіп,
Буратал менен Жыңғылды барып қайтыңыз,
Сағынған елім қабырғаларын сөгілтіп...
Сұраушы болса «Керім Құласы» дегейсіз.
Сіз деген, Әбем, сол елден шыққан егейсіз.
Елге де,
Сізге бақыт тілеген мен бір құл,
Демейтін шығар маған да ешкім «өгейсіз!»
Бақыты жанған Елекем сынды әкем-ай!
Сайрамды бойлап сен салған әннің әсемі-ай?!
Сол әнің енді Азанға ұлассын, жан-Әбем,
Жан-Әбем – әкем Елемес сынды – әкем-ай!
Әмин!
2008.10.15