11.02.2022
  207


Автор: Құл-Керім Елемес

ТАНЫСТЫРУ

Бисмилләһир-Рахманир-Рахим!
Ныспым Керім,
Кәрим Сенің бір атың.
Құл боп Саған (құдіретті Хақ Аллаһ),
Құзырыңа құлап өлу мұратым!
Құлмын Хаққа,
Мұхаммедке үмбетпін,
Солай өткен бірі менмін мың көптің.
Хаққа құл боп,
Қазаққа ұл боп өте алсам,
Түскені еді мойнымдағы міндеттің.
Тегім Адам!
Адам тегі топырақ!..
Дінсіз болса пенде қан-ндай соқыр, ә?
«Тегім маймыл»,
«Тегім көкжал» дегендер,
Ескермесе бұл шындықты от ұрад!
Тегім Адам – топырақтан жаралған,
Мен бір құлмын Хақ нұрынан нәр алған.
Бері-бері, бері-і келіп ұлт болып,
Сақ,
Ғұн,
Үйсін,
Қазақ болып таралған...
Мадақ Хаққа!
Хақсыз жоқпын – елеспін.
Хақсыз демен «айдарымнан жел естім».
Қазақпын мен ішіндегі Үйсіннің,
Қазақтағы Үйсін тағы емеспін!
Мынау жарым Аллаһ қосқан – Жәнәтым,
Жақсылығым,
Жанымдағы жан отым.
Анау қызым – Елігайым Ай сынды,
Ал, екі ұлым – оң-сол екі қанатым!
Шүкір Хаққа,
Хаққа ғана жуықпыз.
Хақсыздыққа қанымызбен суықпыз.
 «Жетісудың күй мектебі» атанған,
Біздер күйші Елеместен туыппыз!
Шүкір Хаққа,
Шүкір демей не дейін?
Хақты сүйген аманында – егейім!
Хақты сүйген жүрегіммен Хақ берген,
Қазағымды,
Қазақстанымды өбейін!
Әмин!





Пікір жазу