11.02.2022
  140


Автор: Құл-Керім Елемес

АҚ ЖАЙЫҚ

(Фариза апаға)
Емес ол пенделердің батырағы.
Аймағы гүлге толған, атырабы,
Қасында Махамбеті – Әбіші бар,
Жайыққа Фариза апам шақырады!
Жиырма бес қосып дүлдүл арасына,
Патшасы, сөздің өңкей сарасына,
Қазақтың Хақ сыйлаған өнердегі,
Көзінің ағы менен қарасына...
Фариза апам «кел» деп,
Кеттік ұшып...
Жан толқыр махаббатпен көкті құшып.
Шаттықтың шарбатына шүпілдеген,
Ел көңлін елбіреген өптік, ішіп...
Ел көңлін елбіреген қанып ішіп,
Жайықта бір жасадық жанып ұшып.
Қырқылған қырығында Махамбеттің,
Алды ойды айтылмаған әні қысып...
Атырау құшты бізді аңқыл қағып,
Сабатта жүздік-ай бір сампыл қағып.
Халықтың сағынышынан қайта туған,
Қаройда Махамбет боп саңқылдадық...
Махамбет құл-ақ екен Құдай сүйген!
Құдайын құлай сүйген, жылай сүйген!
Болмаса, мүмкін, аты қайтпас еді,
Халқының арасына былай сыймен!..
Жүздірді батыс солай Жайығында,
Симайды бұл шаттығу жәй ұғымға.
Сазымен Құрманғазы тербетілдік,
Шәмшінің Каспидегі қайығында...
Ақ апам Махамбеті – Әбішімен,
Шыққандай жанып жүрді бақ ішінен.
Батыстың көрдім күнін сол жолы мен,
Махамбет найзасының нақ үшінен...
Ақ апам енді қашан шақырады,
Маңайы гүлге толып, атырабы?!
 Күн батар тұсқа кейде қарап қоям...
Батып Күн Хаққына ол да бас ұрады!..
Аймалап түнегендей Айы құмға,
Симайды бұл махаббат жай ұғымға!
Көңліммен ылғи саған барып қайтам,
Ақ Жайық, Сені сүйсем айыбым ба?!..
2007.1.20





Пікір жазу