11.02.2022
  156


Автор: Құл-Керім Елемес

ТҮРМЕДЕГІ ЖАРЫҚ

Хақтың құлы едің,
Қазақтың қайсар ұлы едің.
Тұранда туып,
Түнек түрмеде түледің.
Түнек түрмені тілгілеп өткен жасындай,
Сен деген, Тәке, даланың өткір тілі едің!
Сен деген, Тәке, қазақтың өткір тілі едің,
Қасқайып тұрып, хақтықты ғана тіледің.
Шындық пен жалған жаныға қарсыласқанда,
Жарқ етіп барып жарылып кетті жүрегің.
Жарқ етіп барып жарылып кетті-ау жүрегің,
Бір өзің, Тәке, бір ғасырға азық жыр едің.
Сан жекпе-жекте жыртылып кеткен қазақтың,
Даласын дал боп жырыңмен көктеп жүр едің...
Жыртығын көктеп даланың жүрген кезіңде,
Нұр ойнап қанда, намысың ойнап көзіңде,
Қараңды бағып, қарайған артта жау барын,
Сезсең де сезбей қалғансың, Тәке-ау, өзіңде...
Лап етіп лаулап жанған шағыңды кешірмей,
Жалынды жырды дауылды Түнмен өшірмей,
Тынбайтын тыңшы қайда жоқ дейсің?
Мәселен,
Міндетін ит те өтей алмас-ты еш үрмей!..
Міндетін өтеп артыңа түскен «Ақтабан»,
Жауығып саған, жауыңның дітін ақтаған...
Қайран ерім-ай, қарға-құзғынға жем етті,
Арыңды сотқа,
Тәніңді отқа қақтаған...
Ала қарғалар арыңды отқа қақтады,
Міндетін солай Ақтабан төбет ақтады...
Сөйтсе де бізге «Түнектің сырын айтсын» деп,
Жау сақтаған жоқ,
Аллаһым Өзі сақтады!
Аллаһ сақтады!
Жыр алауыңды өштірмед!
Қазақтың бағын қайтпастай етіп көштірмед.
 Көбеңе ине,
Үрпіңе шиді тықса да,
Сайраған қобыз – тіліңді жауға кестірмед!
Сайраған қобыз – тілің түнекті осқылап,
Түрме түбінен Тұранға тартты көш құлап...
Жарқылдап жасын жақсы әуен жатты талықсып,
Бұрын да соңды ести қоймаған еш құлақ.
Бұл қайдағы әуен?
Бұл қандай тәтті ән, жарық?
Келгендей жарық қауызын әсем таң жарып?..
Ал, қане, аш жол, ақының келді, ағайын,
Аяқта кісен...
Алшаңдай басып Таңжарық!
– Әссәләмуғаләйкум уә рахматоллаһи уә бәрәкәтүһ!
2003.8.11





Пікір жазу