10.02.2022
  130


Автор: Құл-Керім Елемес

АҒАРУ

Батыр емен бар күші білегінің.
Хақ Өзі көзін ашқан жүрегінің –
Қуат алған Ғайыптан,
Хақ нұрынан,
Өмір атты мектептің түлегімін.
Қараңғылар қақпаған қақты білдім,
Нан, құй нанба, нарқында Нақты білдім...
Рух,
Тәнім әппақ кіл нұрға айналды,
Бірі екемін, сан шүкір, бақты құлдың!
Жалғаныңды, дүние-ай, шындап бақтым.
Құдіреттім,
Құз да едім шыңға аттаттың...
Жап-жарық боп жанамын рух-тәніммен,
Жарығымды емеді құндақтап Түн...
Таңдайға сап Түн мені сорады-ай кеп,
Жарығымды жалайды орақ – Ай көп...
Дүние – жалған,
Жалғанды шындау үшін,
Жеті айналып жеті қат орады-ай көк...
Дүние – жалған,
Жалғанын шындап бақтым.
Жарығымен жанастым мұңды аптаптың.
Құшаққа алып өбеді күн батты ақ Түн...
Жарға аттану жарқырап қымбатты-ақ тым!..
Батыр емен бар күші білегінің!
Хақ Өзі көзін ашқан жүрегінің –
Қуат алған Ғайыптан,
Хақ нұрынан,
Өмір атты универдің түлегімін!..
2004.3.10





Пікір жазу