10.02.2022
  108


Автор: Құл-Керім Елемес

ЖҰМАБЕК

Жүрегіңде «Күнің» бар,
Жарығы бар Күніңнің.
Жаны жарық кімің бар?
Жарығың бар кіміңнің?
Күйген Күндей қараңғы,
Жүрегі өлген, көзі ояу,
Батыратын қараңды,
Некер жетер не «жаяу»...
Басқасың сен, басқасың,
Басқадан да басқасың.
Майдай еру тасқа сын,
Тастай қату басқа сын.
Сынсаң «шарт» деп сынасың,
Өз айтқаныңда өлесің...
Ерді ел бір-ақ сынасын,
Екі сынау көне сын!
Қараңғыңды жарытты,
Жаныңдағы жарығың.
Намыс тұтқан нарықты,
Менің жарық жарығым!
Қараңғыңды жарытты,
Аллаһ жаныңды ілімдеп.
Жаның сүйді жарықты,
Жүрек – көзің күлімдеп.
Өліп барып тірілді,
Өзегіңдегі арайың.
Жалған жайлы сыр ілді,
Сәулелеген сарайың.
Жоғын біліп бақ мұнда,
Нұрын ішіп ақ таңның,
Жарық жолын таптың да,
Жарық жаққа аттандың!..
Аллаһ Хай!
Жол ақ болғай!
2002.10.1





Пікір жазу