Сапарбаян
Бұл туындының алғашқы сұлбасы, жиырма жылдың ар жағында, 1980-нің жазында қағазға түсіп еді. Уақыт парақтарының арасында ұмыт қалып қойыпты. Жақында тауып алып, қайта жазып шықтым.
Автор.
Кеше ғана ауылдан кетіп едім аттанып,
Ақ қаламсап - самолет дәптер - көкке хат жазып.
Жетіп едім жыраққа арман баурап, жыр құрсап,
Ақша бұлттар әлпештеп — алақаны жұп-жұмсақ.
Өзім титтей болғанмен
Талап — таудай, қиял — нән,
Алматыны алмақпын — шығып шаңды қияннан.
Танытпақпын өзімді, тыңдатпақпын сөзімді,
Көрсетпекпін қазаққа Жүректегі Көзімді.
"Хан жайлаған Қаратау, би жайлаған Алатау", —
Сол тауларға тікпекпін Өлең деген Ақ Отау ...
Алматыдан қарсы алды кербез жігіт, керім қыз,
Он жетінің бағына енді кірген өрімбіз.
Тырысқанмен қаншама көрінбеуге досқа осал,
Мен шынында білмеп ем өз ауылымнан басқа шәр.
Қанша жазып жүргенмен көп шумақты өлеңді,
Алматыдан көрдім мен көп қабатты үй дегенді.
Көк көбікке үйлерді – малып - малып көп талы,
Қара күйе құсады Зауыттардың оқпаны.
Тым ақылгөй адамы, көрінді алғаш абыздай,
Күй шалған-ды көшелер — қырық қыртыс қобыздай.
Тау басында қар жатыр, ақ жабудан аумайтын,
Кейде қыстың өзінде біздің жаққа жаумайтын.
Жатады екен Алматы жастанып тау - көпшікті,
"КазГУград - тың" өзі кенттен үлкен боп шықты.
Қай бұрыш та сөйлейді ұлы тілде — түп - нұсқа,
Қазақ аттас көшедей — қазақ тілі қып - қысқа!..
Олжас ақын біз үшін көзі тірі құдайдай,
Қадыр менен Тұманбай — сол құдаймен сыбайдай.
Ғабит, Хамит, Әбділдә — пайғамбарлар елесі,
Шахановтар шырқап тұр биікті алып келесі.
Тоқаш тірі, кетіпті Мұқағали шетінеп,
Жұмекен мен Сағидың аралары сетінеп.
Шың сияқты Ай түнеп, бұлт ықтаған басына,
Бара алмаймыз қорынып Әбіш ағам қасына.
Өтежан мен Асқардың — дабысы бар, даңқы жоқ,
Шықпас мадақ мақала олар жайлы жарты бет.
Ақын үшін елде де орын жоқ боп қалған кез —
Жұматай мен Иранбек енді көшіп барған кез.
Беймәлімдеу есімі қазақ түгіл жырға әзір —
Тыныштықбек қырда жүр, Есенғали Сырда жүр ...
Қабақтары жар-жақпар, көз алдары сан қатпар,
Мінбелердің иесі — әл - жаппарлар һәм жаппар.
Алатауда — қарлы ақпар, Ақ Отауда - Кәрлі Ақпар,
Тілін тістеп тұрған шақ Жаратушы Хақ Жаппар ...
У-ду болып ай жаттық — кіл бүлдіршін "данышпан",
Тарнау-тарнау жолмен кеп, Алматыда табысқан.
Үкілеген үмітін балапанбыз жаңа ұшқан,
Арман атты Мұнартау бұлт бұлғайды алыстан ...
Бұтағына Түйсіктің жатырған шақ бүр шығып,
Танытардай шын кейпін құбақан өң Тіршілік.
Қыласың деп құлшылық, бұтағына қырсығып
Тас тістеген тамырлар күні жетіп тұр шіріп.
Аспан ашық болса да — ауа жетпей тұншығып,
Буатындай алқымнан көрінбейтін бір Сүлік.
Кейде бұлтын ауырлап жатады тау күрсініп,
Сол бұлттардан көңілдің көйлегіне кір сіңіп.
Дем боп еніп кеудеге — сол күрсініс шың кезген,
Қарар болдық маңайға бүршік жарған сын көзбен.
Алматыны жұмақ деп, ойлаушы едім бұрын мен,
Ұқтым жұмақ емесін — Тереңдегі Дірілмен!..
Сезім сіңіп Санаға, Сәуле сынып Ақылда,
Сонда ойландық біз алғаш — Тәуелсіздік Хақында.
Сөз қозғалса ұлт жайлы болды көзде от ойнар,
Өзгертті енді ауқымын Отан жайлы қате ойлар.
Тілге көше бастады ұшқын болып жат айбар —
Көне жырлар ішінде жасырынған — Атойлар!
Ұлы Азаттық айналды — жан шөліне басты іңкәр! —
Аңыздарды естиміз — жайында әлгі "Жас Тұлпар".
Сол Аңыздар сөнбейтін өртке айналды бықсып кеп,
Мектептегі ұғымдар қирап жатты быт-шыт боп.
Алатаудың Қарында Тепсе Жұлдыз Сырғанақ,
Біздік Жұлдыз-Арманға таңдай қағып тұрды Алап ...
Ру, жүзге бөлінбес қауым жұртпыз — талапкер,
Әр кәлләда — мың қиял, мықты болсаң санап көр!..
Алматының шаһары ... ұстап кенет қаһары,
Сынақ сайын сиреді "біздің жұрттың қатары.
Шаңқан шаттық шытынап, жайрап жасыл жарастық,
Жамырасып қауышып, маңырасып тарастық.
Ару қайтты аулына жанарлары боталап,
Мәңгілікке мертікті мендік Мылқау Махаббат.
Сезіп тұрдым мен іштей — жол бұрымды өргесін,
Ол бұрынғы қалпында Алматыға келмесін.
Сыңси жүзген Ай, Жұлдыз — салып кетті Айдынға із,
Жапырақ боп Сол Ізге қатып жатты қайғым — Мұз.
Мұңды көңіл бар сырын Жұлдыз Акқан кешке айтты,
"Енді Әскерге кетем", — деп жолы ауырлау дос қайтты
Таланттылар сүрінсе болды жанды дерт меңдер,
Қарап жүрді шекелеп, "көкелері" ерткендер ...
Мұнартаудың басына қалғанымда бір аттам,
Маған да кеп оқ тиді. — "Ұштым" соңғы сынақтан.
"Сенсіз де көп — Әйлеңкес, өріп жүр кіл — Күләйлан,
Өрекпіме! — Жаймен қош! Болған шығар құдайдан.
Аузындағы желіңді Алматыға бұлдамай,
Ауылыңа қайта ғой!" — осылай деп күлді Ағай ...
Шулап еді маңайым: "Бұл қалай?" — деп, — "бұл қалай?" –
Жамбасымды бір сипап тұрып кеттім тыңдамай.
Обалым жоқ, кінәм бар — сүйегімді қаритын:
"Оқымаппын дұрыстап Сы-Сы-С-ы-Р-дың тарихын".
Сиғанменен Кеңсайға — жүз жазушы, мың ақын,
Жер жоқ екен шәрде де біздер тұмсық сұғатын.
Би орнына күл сөйлеп, ми орнына пұл сөйлеп,
Көксіл көзді Көк сұр Жүз — "Кілең бұздай кілшеймек".
Өліп қалған Отта Тіл ... Елмен ойнап қақпақыл,
Ділсіз, Тінсіз көп кәпір сыналасып сапта тұр.
Алатауды жын жайлап, Қаратауды күл жайлап
Алған екен — мәңгілік жайлы орынды ыңғайлап.
Қадамымнан әр басқан іздеуші едім ылғи мән.
Мәнім қашты зорлықтан көмейіме кұм құйған.
Жанарына зіл жиған, жүрегіне кір жиған,
Құрсағына пұл құйған болмайды екен сұмда иман.
Қорғалайды бұтаға қашқан торғай қырғидан,
Биігіңді жау алса — пана іздерсің ылдидан.
"Есім барда еліме жетейін, — деп, — қой, ізбен," —
Самолетпен келгенмен, қайттым кейін пойызбен.
Қиял өлген шағында басады екен қайғы-мұң,
Керуені қайғының — "Жүйткі, қара айғырым!"
Қамшы - жасын бір тартты қара айғырды борбайға,
Жолсыз жанға қашаңда ой үйірлеу болмай ма!
Басқан ізім кер кетіп, қалғандаймын ер жетіп,
Пойыз - бесік келеді қиялымды тербетіп.
"Қош Алатау!" - дедім мен, "Қош Алматы!" - дедім мен, -
Көңілімнің көбесін шегеледім сөгілген.
"Алатауды алмалы" қалдырып жол тартты алға,
"Қаратауым таңбалы" ерді біраз қапталда.
"Таусылма, — деп, — мұншама бақайдан тас қаққанға" —
Тау өзені сақылдап күліп жатты шатқалда.
Бұлт байлаған басына бұлыңдайды ала шың,
Түстік пенен Батыстың жалғап келем арасын.
Көкіректе — көне мұң, тілде жаңа өлеңім,
Баба Дала көлемін көктей шолып келемін.
Тұңғыш рет Қазақтың көз түнеттім Жұртына,
Сезім симай тұрқыма, сөзім симай ұртыма —
Көнбей отыр ырқыма.
Кілт тығылып Құлпыма,
Көздерімнің түбінде бүлкілдейді бір Тұма.
"Бұл ғажапты көрсін," — деп, мені саптан шығарғыш —
Кешегі атып құлатқан Мергендерге мың алғыс!
Сезім көзін кетті аршып Қысастықтың Қайласы,
Бола берсін Қысастық — тисе осылай пайдасы!..
Туған жерге махаббат оянады-ау қабындап,
Тағдырыңнан кішкене таяқ жеген шағында - ақ.
Қалмай шауып кер қырат, қылаң қыр мен торы дөң,
Келем —
Ауған Алтайдан Аталардың жолымен.
Құлап қалған оқудан біз сықылды тірі өлік —
Жалғыз мен деп ойлама! — Әр вагонда жүр өріп.
Тірі өліктер тиелген көк вагондар — көп табыт,
Моғолстан - нан шықты Ноғайлы елін бетке алып.
Қара тулы пойызбен қайттым майдан — шебімнен,
Тас-талқан боп жеңілген әскер құсап шегінген ...
Қырын қашқан қиялы — жол нұсқамай Хақ Тәңір,
Күйзелемін күймемде сияқтанып Шах Бабыр.
Құрар барып Қағанат — Үндістан жоқ тек алда,
Ар таңбалы Аманат! — Жүректен, Сен, жоғалма!
Құра алмасам Қағанат — мектебім бар ашатын,
Сол Мектепте, иншалла, жыр оқыр кіл хас Ақын.
Шах Бабырдан үлгі алам — болмасам да дүр Қаған,
Жоқ Жарағын іздейді жырларымды тыңдаған.
Тәңірі жоқ — тұл ғалам, әмірі жоқ — күл қалам! —
Аш есігін Мектептің — назарыңды бүр маған!
Жетер алғы жылға аман — берер әлгі Жырға мән,
Бостандықтың Боз Таңы — бозторғайы шырлаған.
Дәл әзірге ... Ертеңге пойыз келед зырлаған,
Маңдайымды сүйейді Ақ Қауырсын — бір қалам ...
Енді ешқашан жадымнан ұмытылмас бұл сапар,
Қалып жатыр қапталда көне, жаңа — кіл шаһар.
Сол шаһар, сол жолдардан бойға дарып бір қуат,
Пойыз келед Жүректің қос ішегін ұрғылап.
Тараз бенен Исфиджаб, Баласағұн, Шу қалды,
Дала сосын қолына Сырдария — туды алды.
Ыңыранып Иассауи, күңіренді Зау қорған,
Таба алам ба Жұртымды — "Үш айналсам Саураннан?!
Соқпағы көп болғанмен, оттары жоқ сол қала,
Шежіресін жырлайды бебеулеген жел ғана.
Желмен бірге күрсініп — табыт - Қала тұр сұлық,
Көкке жетпей ауызы жатқан нардай жыл шығып.
Көзге Елес боп жұтылды — Ордабасы, Күлтөбе,
От тұтатар сықылды жүректегі Білтеге ...
Қалып жатыр бәрі де, кейін қарай жылжып паң,
Ақша бұлт қып бұлғайды орамалын Мұң жұққан.
Көкжиегі Даланың — оба, жалын қылғытқан,
Көшті қанша қазағым — қалаларын құм жұтқан.
Кетті қанша заманым — жара Жанын шыңғыртқан,
Төкті қанша Қаралы үн — обал - Әнім Құл — Жұрттан.
Обал - Әнін шыңғыртқан — өшкен орда, тұл жұрттан
Көп кент өсіп шығыпты — молаларын мыңғыртқан ...
Дертіп теңіз, Сыр жатыр дымқылданып жанары.
Қорқыт — Қобыз қырда тұр ыңқыл қағып шанағы.
Молаға ұқсап кетеді кейде түнгі Айлы Өңір,
Сол моладан диюдай от шашады Байқоңыр.
Елес кешіп келемін Құба дала төсінен,
Түсіріп көз суретке — жүрекке оны көшірем.
Дала жатыр құшағын келімсек пен жатқа ашқан,
Достыққа тұр шақырып темір ұран тат басқан.
"Халық пенен партия — бөлінбейтін біртұтас!" —
Деген ұран Уақытқа қойған бейне құлпытас ...
Қой үйездеп, түйесі жаққа маңып басы ауған,
Жусап жатыр жылқысы — туламайды асау қан.
Басын қырқып алғанша — бәлденеді күріші,
Ақша бұлт боп Ақ мақта — көшеді елдің ырысы.
Арал жиып шалғайын — құлазиды құт белдер,
"Мұңал — Жары" мұнартад — атам Орда тіккен жер.
Ойсыратып кетпей ме аз Халықты Әр Қаза! —
Бұзбай Өлген Намазын жатыр, әне, Жанғожа!..
"Аузы түкті кәпірден тіс жемесін Келешек,
Тіреп жатам өкшеммен!" — деп кетіпті ер Есет.
Ер Есеттің Бесігін тербейді Елек — елтінжал,
Қалды ма екен біздерде сол шалдардың Серті — ылғал.
Ылғал Сертті Қандағы — тауысқандай жау жұтып,
Талтаңдайды төрімде — шоқты шеке, аузы түк.
Дәрғайына — ұл кіріп, борбайына — қыз кіріп,
Міндетсиді біздерге, үйреткенсіп ізгілік.
Сөз өлшеп ап ұртыма, бөз өлшеп ап тұрқыма,
Біздер айтқан Аңызды қыстырмайды қыртына!
Ескі Сөзді естуге танытады кім ыңғай? —
Еленбесе Есті Сөз — есалаңның жырындай ...
Көздің жасы — көк Ойыл, сөздің басы — Сағызым,
Бүгін бізге қалғаны суың емес — Аңызың.
Қалып жатыр бір Аңыз — әр бұтада боздаған,
Тілін оның ұқпайды — жат түгілі, өз балаң!
Қарақамыс, Көкжардың барады, әне, жұрты қап,
Шаң ұшады бұрқырап, зар ұшады шырқырап.
Жәрмеңкемнің жұртына — тарқап көшкен базары,
Аңызағы Тамыздың күй ойнайды азалы.
Ел де бүгін ел емес, — бейне Өткеннің Қаңқасы,
Жем де бүгін Жем емес — дарияның жаңқасы.
Жаңқалайды әлі де — Уақыттың Балтасы,
Құм көшеді арнада, мінгеседі жартасы.
Көшіп барад тек сағым — сол баяғы салқар көш,
Сағым қуған Атамның Арманы енді тарқар ма еш!
Ізі де жоқ атамның — тас молалар мүлгиді,
"Бәрі дұрыс!" — дегендей селеулер бас шұлғиды.
Шөп — жағымпаз, жон — жасық,
дөң — момақан, қыр —бұйық,
Ағаштар да аласа — жатып алған тырбиып.
Ай — именшек, бұлт — қысыр,
тау — бүгежек, тастар — сақ.
Бір дүлей күш барлығын қылып қойған жасқаншақ.
Бұл далада арқайын күлу — арман сияқты,
Сөніп барлық Ұран От — күлі қалған сияқты.
Уысына бір Тырнақ бүріп алған сияқты,
Дәрменсізін Даланың біліп алған сияқты.
Ашып - жұмып көздерін мәңгіреді көл анау,
Жұлқынбайды өзені — қимылдайды керенау.
Тау мүжілген сүйектей ...
Сіңір сынды күлтілдек —
Сағым да ақпай ұйып тұр.
Жел, құйында үн-түн жоқ.
Дала тілін Әлдекім тұтықтырған тәрізді,
Кеудедегі Жан - Демін жұтып тынған тәрізді.
Желігі өлген желі бар.
Сағымында жоқ қой із,
Тек қалшылдап қояды Қара Тулы Көк Пойыз.
Қабаржиды көңілім, ажарымды бояп мұң,
Атой салып Даламды кеп кетеді оятқым ...
Көріп тұрып жете алмау, сол емес пе бас күйік! —
Сақар — Сеңгір қасына шақырады қасқиып.
Шалқарларды шарладым, кездім таудың ар жағын —
Қиялымның Көзімен қол жетпесті қармадым.
Жұмбас болдым көзімді, — жұмылсын Күн кірпігі,
Шақпақ - көкке бір тартып жағам жұлдыз - шырпыны.
Шыра қылам шындарға сөніп қалған нұр жағып,
Мұра қылам мұндарға өліп қалған жырды алып!
Болмау керек деп түйдім, даламда бұл — құт ұя,
Мен шешіп, мен таппаған Зәредей де құпия ...
Түйсіксізде таным жоқ — айта алмассыз бұған дау,
Жаман нәрсе жалғанда: Көріп тұрып — Ұға алмау!
Ұқтым жаңа, — даласын өліп сүйген Бабамды.
Құлап қалып оқудан, оқып келем Даламды.
Жалғаған соң арасын Бойлық пенен Ендіктің,
Даламды оқып енді ұқтым, ұққаннан соң көндіктім.
Кәр ұрғандар неліктен жататынын Молаға,
Шәр ұрғандар неліктен қашатынын Далаға ...
Тұла бойға жайылып жүректегі қанша у — зәр,
Түспей отыр кешегі оқ — бүйірімде шаншу бар.
Көз жиегін шылайды — "қоғалы көл, қом сулар",
Көкжиегім сұлайды — молалы бел, өр шыңдар.
Жиырады Мандайын жырақтағы тазша құм,
Сол құмдардан жетеді бабаураған бәз сарын ...
Алатауға соғып ап қанатқасын маңдайды,
Бабалардың өлеңі жібіткендей таңдайды.
Тауларынан түңіліп, тереңіне үңіліп,
Қиыр шарлап қыдырып көшкен Жұртым шұбырып —
Төзімдегі — сірілік, сезімдегі — жылылық,
Дарып жатыр бойыма — өзіңдегі Ұлылық!
Жырақтағы Шырақтар жүрекке ұшқын от берсе,
Ұлы Жырау боп шығам, Маңғыстауға жеткенше.
Таптым ұлы Дастанды ең, алмаспайтын басқа Әнмен,
Қайтып келем Жерменен — барып едім Аспанмен!
Қарсы ап салқам қатарым,
Самсап шаңқан шаһарым,
Ұлы Дала төсінде басталды
Ұлық Сапарым!
Билет сұрап миымды қатырмас кіл милақы,
Енді тоқтар Бекетім — Әруақтардың Зираты.
Мен Бабамды оқимын! — Әлдилеймін арманын,
Сол арманға арнаймын ғұмырымның қалғанын!
Мен Даламды оқимын, — бүккен егер сыр болса,
Бір төбенің басында Бекет болып тынғанша!
Сүре берсін Күндікші Күлін тасып жат үйдің,
Жалғап өтем арасын Фәни менен Бақидың!
Күндіз болып Күнге еріп, жұлдыз болып Түнге өріп,
Ой суарып бәріне — қану керек үлгеріп ...
Не боларын білмеймін келер тағдыр, ендігі ой, —
Пойыз — Өмір қайрылмай Заулап кете берді ғой!..
04 - 06.01.2001 ж. Ақтау қаласы.