Түркмен шайыры Сейидидің Ақ Аруанасы жайлы хикая
Поэма
І бөлім
... Торғай - таң атпайтын шық тыныш сайрап —
Бір шері, бір аждаһа тігісті айбат —
Зіркілдеп зеңбірек боп Орыс келді,
Бір жақта Хиуа тұр қылыш қайрап.
Қос мықты бірін бірі қажап түрткен,
Әлсізге әр қылығы азап тіптен.
Шері мен аждаһа кеп шарпысқанда
Көжектей қалтырайды қазақ, түркпен.
Үреді Хан-Хиуа — "Түлкі пұшпақ",
Патша-Орыс кетеді артын күрт ұшықтап
Ошағы ойран болып жатырса да ел,
Күйдіред — өзді өзімен қырқысып қап.
Кіргенде түн қойнына іздер сүңгіп,
Сұп - суық жел есетін түзден сұрғылт.
Қайраны жатқа қылар болмаса да,
Ерміз ғой — Өзімізге біздер, сұмдық!..
... Жүгіре жаздап қалып бақан ала,
Теткіді Дүйімғара, Атағара.
Теректің Байбоз — Жамбоз құнын төлеп,
Ат жүре бастаған шақ екі арада.
Қойғандар қысылысып — көп тас атып,
Тұлдаған — белдеулерді ат босатып ...
"Елімді қорлатпан!" — деп арлылар жүр,
Арсыздар — құпиясын жатқа сатып.
Тыншыды Әлім әзер, зорға Табын,
Адай тұр:
Ұлымын, — деп — Мөрлі Атаның!..
Елеуреп Егдір, Жәуміт, Теке тағы
Сүйрейді әрқайсысы төрге тағын.
... Орыс пен Хиуаға бірдей жағып,
Жамылған тыңшылар жүр молда атағын.
Келеді бірі ханның хатшысы боп,
Келеді бірі байдың атшысы боп,
Келеді бірі "қара бақсысы" боп —
Солар жүр елдің қазір "жақсысы" боп.
Аңқау ел, күзеті жоқ көңілінің,
Аузының, сормаңдай жұрт, сақшысы жоқ.
Бар сырын алдырған соң, бар киесін,
Бола ма бақ — бәтуа, мәнді кесім.
Орыс пен Хиуа қазір естіп отыр,
Бұлардың күбірлескен әңгімесін ...
Бұл елдің жасы жүдеу, қарты сұлық,
Әркімге телім боп жүр жартысы іріп ...
Ойларын талай рет ойран қылды,
Үстінен жау әскерін дәл түсіріп.
... ретін осылардың айтсаң ептеп,
Шатынап шығары бар, шарт ісініп!..
Үш түбек — кең Маңғыстау — құла майдан,
Көз ашқан бір күні жоқ бұлағайдан.
... Сейиди осыларды отырды ойлап,
Тортының' ойын шолып қырағайдан.
Сейиди — жанарынан жыр моншақтап,
Даңғылға айналады ол жүрген соқпақ.
Тоқтайды —
Адай, Түркпен байламына,
Алқаға Абылменен кірген шақта - ақ.
Айтқанын екі етпейді қандас елі,
Тар жерде тиген талай жанға себі.
Анттасқан — Қан құйысқан кездерінде,
Абылдың жан қиысқан Андасы еді.
Еншілес Иманы мен Ары бар-ды,
Қос ақын табысқанды жаны зарлы.
Тоқтатқан екі шайыр толғау айтып,
"Нармын!" — деп күркіреген Жарыларды."
Қос қылаң хат ұшырып алыс жерден,
Алғаусыз ілім шашып табысты елмен.
Өришан, Бектұрлы ишан, Дәулетияр,
Пір Бекет — ұстаздары дәріс берген!
"Нағыз ер, Абыз Пір, — деп, — нағыз ақын!.."
Қылады тірісінде ел аңыз атын.
Зайырын шайырының көргендер бар,
Қаласа суды теріс ағызатын!
Болмаса түс түйсіксіз, хаса надан,
Тас атқан тірі жан жоқ тасада оған.
Өтер-ді қудай жүзіп шөпті жықпай,
Қатерді құмырсқаға жасамаған.
Ылыммен шөпті аңқытып, тас балқытып,
Кете алар құдіреті бар — асқан Құтып.
Қайтқанын көргендер көп тәжім қылып —
Құтырып келген құйын аспан түтіп!..
... Сейиди көзін ашты ой қамалған,
Қашады сағым болып, қайран арман!
Ішінде қалың шәкірт зікір айтқан,
Мешіт тұр шекесіне ай қадалған.
Бір шетте Отман жатыр мұнарланып,
Қарап қал, Дөніспанға құмар қанып.
Күркіреп теңіз жатыр құбылада,
Жонындай жолбарыстың шұбарланып.
Балқиды сал сағымнан манар дала,
Қашады қияндарға жанарды ала.
... Күндегі мезгілінен сәл кешеулеп
Барады өріске өріп Ақ Аруана.
Шайырда Ақ Аруана — мал дегенде,
Хайуанның патшасы еді — хан деген не!..
Бауыры — Итолының бұлағындай,
Арғымақ шендеспейді сар желерде.
Сияқты Шерғаладан ұшқан айрақ,
Екпіні — жібергендей құсқа байлап.
Ертесін желісінен табылады,
Кетсе де өрісінен дұшпан айдап.
Жуас құм, қоныс қылып шақар шынды,
Қайнардың тек көзінен татар суды. —
Жануар — жаннан зият, өред дара,
Мысалы, қу сұлтаны — саһар сынды.
Кеткендей ақша бұлтты түтіп жарық,
Боз Сәуле — боз мұнарға жұтылды анық.
Сұңқылдап жатты артында ақ ботасы,
Аққудың көгілдірі сықылданып.
II бөлім
... Басында ұралы сай отыр Көбес,
Қажытып безеу бет қыр, қотыр белес.
Ауылдан "аң атам" деп кетіп еді,
Мезі етіп кесір — билік, соқыр — кеңес.
Көбесте бір ыза бар соқпа дерттей,
Қау шөпке сайдан шығып шапқан өрттей ..
"Шәйір" деп Әз - Әулие қылады елі,
Шақша бас бір түркпенді қатпа көрттей.
Ал, не тұр? —
Шайыр болса шайыр шығар!..
Шайырдың не күн туды жайын сұрар.
Тортыдан түріп айдап шығар едім,
Табар ед, сонда жөнін қайыршылар!
Ол қоныс — сауырысы еді жайған малдың,
Пәлеге Мешіт деген қайдан қалдым?!.
Сыйлайды ел — өзі түгіл түйесін де,
Нақа бір, киесіндей Пайғамбардың!
Осы елдің ағалары саудан ада,
Болмайтын тулап жүріп дауға бола —
Шәйірге шәкірт қылды ұл-қыздарын,
Өсер ел — оқыта ма жауға бала?!
Осы ісін таба алмайды ақтар жүйе,
Осы шал біздегі бар ақпарға ие.
Сөзіңді сөйлете ме ертең сенің —
Сүйекке сіңіп қалса жат тәрбие?!
Байқайды, мұның арғы аужайы арам,
Сол десе, бордай болад таудай ағам.
Кешегі қан шашысқан дұшпан еді,
Жаралы, — ертелі - кеш, — жауды аяған!..
... Көбестің ұйтқып отыр басындағы ой,
Кенеттен ... (Қайдан шықтың, асыл мал - ой!..)
Жарқ етіп шыға келді Ақ Аруана,
Жазымы Жасағанның қасында ғой!
Келеді ... көк толқында қудай жүзіп,
Көп торғай нені күтіп шулайды үзіп?
Боларын бір сұмдықтың білген сынды,
Батбаттар балтиып тұр қумай қызық.
Көбестің тұрған жері — ұралы сай,
Аруана сайға қарай құлады жай.
Алдында қара мерген жатты күтіп,
Қолында күлдір мамай — құралы сай.
Аруана қалды төніп ақ бұлт құсап,
Біресе, ниеті бөлек жат жұрт құсап.
Дейтұғын: "Ақ түйенің киесі бар" —
Қолдарын қалды сәл сол дақпырт тұсап.
Түркпеннің еске түсіп бар ылаңы,
Көбестің қозды кенет әруағы.
"Мал түгіл, жанда қазір кие бар ма?! —
Қанша ошақ жау қолынан қаңырады?
Киесі болса неге атпай жатыр,
Бабамның шатырлаған шаңырағы?!
"Таутайлақ деп қалыппын" дей салармын,
Ал, тіпті, шайыр маған не ғылады?!."
Сәл тұрды не боларға жетпей көзі,
Сой еді — іс қылатын етпей мезі! —
"Айырсам — Ақ Аруана — киесінен,
Тортыдан тоз-тоз болып кетпей ме өзі?!"
Төселді майса құмға көне шекпен,
Көзінен өткен күннің елесі өткен ...
Шынында таутайлақ боп елестеді ол,
Баяғы арпалысқан Ер Есекпен!
... Күрсініп қалды кенет — Күлдір мамай,
Неліктен тартып кетті бұлдыр маңай?
Таутайлақ — Сейидидің өзі болып
Құбылып бара жатыр, құрғыр, қалай?..
Бар деуші ед, ақ түйенің әруағы,
Мылтықтың кетпеуі нес — с, сарыны әлі?
Аруана — көздерінен жыр бұршақтап,
Күле ме?
Сөйлей ме өзі?..
Неғылады?
"Япырмай, неғып тұрмын құтым қашып?
Емес ед біздің, сірә, тұқым жасық.
Шомылған боз мұнарға манар дала —
Өрт шалып баратыр ғой түтін басып.
Мен осы неге тұрмын өкпені үзіп,
Көруге келіп пе едім текке қызық?.."
Аруана — жел бұйданы кеткен үзіп,
Жөнелді ақ бұлт болып көкте жүзіп.
Түйе емес, болып шықты атқаны — аққу,
Аққудай қақты қанат ақ тамақ бу.
Қан емес, көздерінен сүт шұбырып,
Алдында сұңқылдайды қап - қара аққу ...
Сөйлеп тұр аққу болып шалдың өзі,
Осындай Шайырлардың бар мінезі.
Аспанға қолын жайып тұрып қалған —
Соңғы рет Ақ Кебінді шалды көзі.
"Бәй, бәй, бәй!
Бекер болды - ау!
Бекер мұның! —
Ертеңге ерте үзілді-ау жетер жырың.
Жазықсыз қанға батқан жануардың
Ер болсаң — мойыныңмен көтер құнын!
Түп түркі — баласы едік бір атаның,
Қиылды-ау, қан шашырап күретамыр
... Қазықта шыр айналған жетім бота —
Мен енді оны қалай жұбатамын?
Төрінде текке отырмай көк орданың,
Арқалап алғаның-ай обал — қанын.
Хайуанның — Ақ Аруана Аққуы еді,
Қарағым, Аққуды атып не болғаның?!
Анаңның Аққу деген Кимешегі,
Киелі болмаса оны кимес еді!
Япырмай, аруанаға атқан оғың
Өзіңнің Зәузатыңа тимесе еді!.."
Осындай дауыс жетті көкті бұзып,
Барады сүйекті жеп, етті мүжіп.
Аңырап адырнадан көкке жебе,
"Зың!" — етіп оқпен бірге кетті үзіліп...
Санаға сіңіре алмай елесті әлгі,
Көр соқыр, тас саңырау Көбес қалды.
Мерт болды жұлдыз шыға ...
Кетті қыршын —
"Тиді, — деп, — қарғыс оғы," - ел еске алды.
III бөлім
Өшкен күн сөнді артында күйесі қап,
Кей-кейде тұнжырайды қыр есіне ап.
... Өріске барады, әне, түйе шұбап,
Жетектеп Ақ Аруана — Иесі жат ...
Ақынды ағайынға жат деп ойлау,
Соқтырды неге әкеліп, міне, шырақ!
Шайыр да аққу құс қой! —
Тиеді оған,
Сен, мейлі, түйесін ат, киесін ат.
Қайтесің, қанжарыңа айқай жанып,
Ақынға айтарыңды айт, ойланып!
Бәрі де, барлығы да кеш болады,
Өз оғың тисе өзіңе қайта айналып.
Пенде ісін жөндегей де бір Тәңірім,
Әйтпесе, жыр желкесін қырқады мұң.
"... Бәй, бәй — лап!" — шырқыраған шайыр шалдың
Әлі күн естіп қалам қырқада үнін.
Қаншама қыршындарды қымтады құм? —
Мінеки, көзім көрген бір тағылым! —
... Көбестің шертті жасын жасай беріп,
Ғұмыры үзіліп жүр ұрпағының!
Күнәмді жуды жылдар, ғасыр өтеп,
Мешіттің көз жасынды тасына төк...
Көбестің құрбан болған қыршындарын
Жерлейді ел — Сейидидің қасына әкеп.
Сен де кеш, пірлі яшұлы, арлы оғлан,
Аман жүр — көлденеңнің қанды оғынан.
Түн болса — жүреді ұшып жалғыз аққу,
Шәйірдің кешу сұрап әруағынан.
Тортының Ай сыңсыған төңірегі
Шақырып алды талай мені кері.
... Көбестің бөбектері келеді өсіп,
Боздаған боз ботадай желідегі!
Астына Аңыз бұққан көне дөңім
Сан рет тәмсілдеді — елемедім:
Киеге — Сұлулыққа атқан оқтың
Өтеуі — Ұрпағыңмен Төленерін!
Бұл өзі Аңыз емес — Мөрлі Шын-ды,
Мөрлі Шын мекендейді қарлы шыңды.
"Қиянат қияметке кетпегей!" — деп,
Ұшырам қарлы шыңға Ар — кұсымды.
Қадалып көкірегіме қанды сүңгі,
Келемін кешіп өтіп мәңгі сынды. —
Басында Сейидидің жыр оқимын:
"Шайыр шал!
Қайтып ал, — деп, — Қарғысыңды!.."
Рамазан айының 25-ші жұлдызы, 2001 — жылан жылы. Шынжыр қыстағы