10.02.2022
  156


Автор: Құл-Керім Елемес

ТАЗАЛЫҚШЫ

Бәріне Хақ қазы анық,
Хақтан үміт үзбеген,
Мұнда келген тазалық
Жұмысшысы біз деген.
Қақымыз бар Хақ алды,
Адамдықты сақтауға.
Дүние үшін ғазалды,
Ар, иманды сатпауға!
Біріміз хан, біріміз
Ғалым,
Ақын,
Данышпан...
Шетімізден іріміз,
Жалған атақ, намыстан...
Мәңгі өлместей байлыққа,
Аш пейілмен кірісіп,
Бола өмірлік шайлыққа,
Сорлаудамыз нұр ұшып...
Хақ жаратқан таза ғып,
Сақтандыра күнәдан,
Анығында тазалық
Жұмысшысы бұл адам.
Білген мұны қорланбас,
Нәпсісіне болып құл.
Хақтар тіпті ел нанбас,
Хақ нұрына толып кіл.
Ұрысқаны аз, кейіткені,
Өтейтін тез жазасын,
Ханнан гөрі, өйткені,
Тазалықшы таза тым.
Дүнияуи сынақта,
Салмағасын «кірге» қол,
Тазалықшы Жұмаққа,
Ханнан бұрын кірмек ол...
Бәріне Хақ қазы анық,
Хақтан үміт үзбеген,
 Хақтан келген тазалық
Жұмысшысы біз деген.
Сондықтан да өмірді
Сүрмей тірі қаза қып,
Сүр бірінші нөмірлі,
Боп жұмысшы тазалық!..
2012.4.15





Пікір жазу