ДӘУ КЕН
Жыр арнапсың маған бір, шүкір, досым!
Надан ғана жақынын шұқыр, досын.
Маған айтқан тілегің өзіңе кеп,
Басыңда бақ, бауырым, шүпірлесін!
Рахымет айтпаған рахыметтен,
Кенде қалады екен Хақ рахым еткен.
Сен де, шүкір, ізгінің бірі ең,
Дәукем,
Ақын деген аймаққа аты кеткен.
Екеумізді анық ед Хақ қосқаны,
Алдымыздан әппақ нұр бақ тосқаны.
Мен де саған адал ем, сен де маған
Адал едің суындай ақ – тоспаның.
Жылағымды келтірдің жырыңды арнап,
Жыр боп ұшқан жүрегің – нұрыңды арнап.
«Неге өйтті екен» дейтұғын некер емен,
Жат бұратын жақсы ойды қырын қармап.
Сен де, мүмкін, «аппақ жыр – бұлағым» деп,
Жазған да отқан шығарсың жылағың кеп.
Жақсы көңлің үшін мін,
Арқам міне,
Арманыңа ап ұшайын пырағың боп!
Мендегі арман, менше ұқсас, – сендегі арман,
Мұмкін емес «Хақ» деген сембегі арнаң.
Арманымыз біздердің – Жәннәтқа еніп,
Хақ қауышу!
Бұндай-шы, жеңбек арман!..
Бұдан артық болмайды биік мұрат,
Адам үшін Жәннәт – нұр биік тұрақ.
Сондықтан да Жаратқан хақ Аллаһтан,
Басты жүрген біз бір құл иіп сұрап?!
Көпір салып,
Бақша рас тұрғызбадық,
Сонда да ақты, нақақ па, ұрғызбадық.
Аллаһ Өзі салғалы ақ жолына,
Пейлімізді бұзғыға бұрғызбадық.
Шүкір деуге тиіс пе, шүкір дедік,
«Соқыр» көрсек «алдың жар, шұқыр» дедік.
Күле қарап Хақ ісін тәрк еткенге,
«Байқа, бауыр, бұның шын күпір» дедік!
Мүмкінінше жыр бетін бұрдық Хаққа,
Түсіндік те екенін құрлық – қақпа...
Құранды оқып, болмысқа ой жүгірттік,
Ондағы Ұлы Хақ айтқан сырды ұқпаққа!
Дүние емес мәңгілік бақытты іздеп,
Жатар ойдан бас тарттық «жахұтпыз» деп.
Өлі халден Хақ Өзі тірілтпесе,
Мәңгі кетпек екенбіз бақытсыз боп...
Біздің әлі шәш-етек бар күнәміз,
Бір сауаптан жалмауда әр күнәміз.
Тілге,
Көзге,
Нәпсіге ерік беріп,
Қас қаққанша-ақ даңғылды тар қыламыз.
Титтей ғана талаптан аса алмаймыз,
Тек шын үшін жанарға жас алмаймыз.
Болар-болмас көңілге қаяу кетсе,
Қан шапшытқан ызаны баса алмаймыз.
Демек, бізде бар әлі өкпеге орын,
Жыға ғана салуда өкпегі оның.
Олшы, сен де Шынды ең шын өппегенің!
Олшы, мен де Шынды ең шын өппегенім!!
Міне бұлар біздегі кемшіліктер,
Демек, ішкі біздегі кем шынықты «ер».
Шын Шын үшін Жалғанды тәрк ете алмай,
Жалған үшін ашуда кеңсіріктер.
Саған айтпай кімге айтам,
Дәукем менің!
Сен мен үшін таусылмас дәу кен де едің.
Сенен өзімді оқушы ем аңқыл қаққан,
Қуаныштан алқынып әукем менің.
Сенің маған ұнайтын сүйіспенің,
Жүрегіңмен жаныма түйіскенің.
Артық соғып кетпесе сүйіспенім,
Саған қайым жақпауы тиіс менің?!
Артық сүйіп жақпасам кешір мені?
Мен әуелден сүйгем жоқ көшірмені.
Мені қай дос достықта ұнатпаса,
Ең сүйгіні ол өзінен өшіргені!..
Отырған-ай бір түрлі жылағым кеп,
Бірақ хақтан басқа іске жылағым жоқ.
Сен де маған ақ, Дәукем, жылы ағын боп,
Мен де саған ағайын жылы ағын боп!
Сөйтіп бірге ұшайық Жұмақ жаққа,
Біздер күткен бақыт тек Жұмақ жақта...
Дүние жалған,
Онда оған пысқырмайық,
Табыстырсын Хақ бізді Жұмақ – бақта!
Әмин!
2012.3.15