10.02.2022
  175


Автор: Құл-Керім Елемес

ӘЙ, ДҮНИЕ-АЙ, ҚАТТЫСЫҢ

Жаратпақ ол Хақ ісі,
Адам ісі сұрамақ!
Жоқты бар ғу Хақ ісі,
Адам оны құрамақ!..
Адамда жоқ жарату, жоқты әмбе бар ету,
Жауап беред бәріне Аллаһ сөзі Құран-ақ!
Аллаһ ісі жарылқау,
Адамдікі өтіну,
Жол көрсету Аллаһтан, басса да әлем бетін у.
Түкті алып бұл адам, бере алмайды түкті де,
Надан ісі сондықтан дүниемен бекіну.
Жәрдем Хақтан болады, етсе адам ол себепкер,
Жұмақы етпек адамды ақ жолда еткен себептер.
Адам құны ақылда,
Адамды ақыл дана етпек,
Тура Өзіне тартқанға Аллаһ Өзі медеткер!
Тура Хаққа тартады ақылдысы адамның,
Қадам жарығы ішінде Хаққа тартқан қадамның.
Ақылы жоқ хайуан танығанда Аллаһын,
Хайуаннан төмендеу ісін қылу наданның.
Ақымаққа дүние шетсіз-шексіз сезілмек,
Тауыспақ ол өмірін «дүние» деп безілдеп.
 Тек дүние болғасын мәңгілігі ондайдың,
Мәңгілік һәм Хақ жайлы рухы өлмек, көз ілмек...
Рухы өлсе, бұл адам, тек кері істі ұнатып,
Бұзылған ас секілді бұзылады түн асып.
Көріп тұрып көрмейтін,
Естіп тұрып сенбейтін,
Бола қалмақ әп-сәтте не кәпір, не мүнәфиқ.
Обал-ақ, шын, адамға, обалы әрине өзіне,
Құлақ аспағасын да Хақтың нұрлы сөзіне.
Сенім заңы мұсылман – сенуі шарт ғайыпқа,
Ақылымен көретін көрінбеске көзіне...
Әй, дүние-ай, тәттісің,
Шынымен-ақ тәттісің!
Сені сүйіп көп пенде кесапатын тапты шын.
Сонша ақылды адамды абы болып арбап бек,
Маңдайынан ұшырдың мәңгісінің ақ құсын...
Әй, дүние-ай, қаттысың!..
2012.3.4





Пікір жазу