10.02.2022
  159


Автор: Құл-Керім Елемес

ҚАЗАҚ КҮЙІНДЕ

Қазақтың барлық арманы,
Мұңы күйінде,
Қазақтығы оның бұрышсыз қазақы үйінде.
Хақпенен ішкі үндесі, шексіз құлдығы,
Ауратын жапқан ар қабы сынды киімде.
Қазақтың күйін қазақы киіз үйінде,
Үстіне киім қазақы киген күйінде,
Алдыда қымыз, жал, жая, бағлан сырбазын
қарпытқан қалпы тыңдау шарт қазақ күйінде...
Еске түссе олар сөз таптыртпайтын айтарға,
Айналтар лезде қан тулап бойда қайсарға,
Іргеден енген жуа, гүл, тезек, көң исі...
Шіркін-ай, деші,
Қазақы ол өмір қайтар ма?!
 Шіркін-ай, рас, қазақтың күйі – арманы!
Ішінде оның қара баласы, сар наны.
Ішінде оның бар сүрген өмір тарихы,
Ішінде оның қол жетпей кеткен Қорланы...
Ішінде оның дұғасы менен тілегі...
Ішінде оның бірліккен жауға білегі...
Ішінде оның адасқан шағы хақсыздап,
Ішінде оның дін тұтқан елдік ірілігі...
Қазақтың содан көңлінен қалса жыр ұшпай,
Жаман қиялдар болмысын алса құрыстай,
Жалғыз күй тыңдап, құрыс-құрысы жазылып,
Жарқылдайтыны алдаспан сынды қылыштай…
2012.2.12





Пікір жазу