09.02.2022
  171


Автор: Светқали Нұржан

Мадақ – жыр

Бала кезің ұлағат, дана кезің,
Тырнап ашқан сен едің Сана көзін.
Кәрі дала сан ғасыр толғатқанда,
Тек Маңғыстау туа алған — Дарабозым!..
Әбіш Кекілбайұлына арналған ауызекі өлеңнен.

"Оян!" — деп таңда үн қатты Заңғардан құсым,
Оятуға ойды жетер ме қалған бар күшім? —
Өзіңізге, аға, арнаған бір жырым бар-ды,
Тұрғызбасам да мәңгілік мәрмәрдан мүсін.
Шырлаған таңда нұр сіңді үнім боп менің,
Айналып ұшып жүр қазір жырым кептерім.
Аққулар кепті, қарызға қауырсын алып,
Дәптерге төніп отырмын дірілдеп демім.
Әуезем еді айтар бұл аспанға шығып,
Қанатым болмай тұрмын мен тастарға асылып.
Достан жасырып сырымды, қастан қашырып
Жүргенде — кетіп қаларсың дастанға сіңіп.
Санаусыз нұрды сүртіп ап келбетіндегі,
Шыра ғып жақсам деп едім елге түндегі.
Жер бетіндегі кәрі тау — Қаратау-анаң:
"Өзінде қалсын — нұры жоқ ер жетім", — деді.
Ананың сөзі Заң маған — өзінде қалсын,
Тек оның ұшқын-сәулесі көзімде жансын.
Көзімде жанған шырақты өшіріп алсам,
Төстабанға сап даяр тұр — езуге нар-шың...

Адастым талай түнекте сансырап, талып,
Берген-ді сонда сен жаққан шамшырақ бағыт.
Қалтырап барып сан рет көздегі сәуле
Қайтадан жанды, білтесін қан шылап қалып.
Шынарды шыңда тұрса аспан бұлты қапсырып,
Етекте қалған қол созар шырқырап шыбық. —
Зардоштың сіңген қанына топырақ исі
Өзіңнен, аға, кеткенде бұрқырап шығып...
Мәртөбе сынды мәртебең жарасады елге,
Биіктегі жұрт қия ма аласаны ерге!?
Елінде өрлік қала ма, жеріңде — кендік,
Мұхитта жүзер кемесін қамаса көлге?!
"Оңбайды халық, деуменен, бірлігі кеткен," —
Бабаларыңның ізінде дүрлігіп өткен,
Шыңыраудағы шындықты шыңға шығарып,
Тамыздың таңдай шөлдерге ындыны кепкен.
Жұтар деп Заман құлқыны Арандай Малғұн,
Шығар жол іздеп жұртыңа — ғаламды айналдың.
Әулие күйде келіп қап мына жалғанға,
Пенде болудың амалын таба алмай қалдың.
Астында кімдер жатқанын оба, мазардың
Айтып ап, сендей ертеңге оза қарар кім? —
Шайқалып бара жатасың, мың жарым үй тіккен
Асынан жаңа шыққандай Қожаназардың
Абыздар ділін тірілтіп нелер аталы
Сен сөйлеп кетсең, көрсетіп көне жотаны. —
Тоғанақтарын теңдеп ап, керуен жолмен
Ғасырлар көші біз жаққа келе жатады.
Сол керуеннен өткеннің мұрасын көріп,
Таңдай қата боп: "Осы ғой шын асыл," — дедік.
Қарақшы-Уақыт тонаған бар қазынаны
Үркердей елге қайтадан тұрасың беріп.
Елең-алаңда қылғай да Үркеріңді аман,
Үркеріңе әзір ұсынып тұр төрін ғалам. —
Тоныкөк бабаң тәубә айтып тірлігімізге,
"Түрік бұдұн тоқ", — дейтіндей Күлтегін қаған.
Миына мысқал сендегі сезімді берсе,
Пітінә жұртың ұғар ед сөзіңді де елше.
Жүрегін ұстап сан ғасыр мелшиіп тұрған
Балбалдар сөйлеп кетеді — өзіңді көрсе!..
Жалпыға жүрсе Жалқының азабы жұқпай,
Топанда қалған тұрасың азалы Нұқтай.
Басарға тауым қалмайды — жатқанда кейде
Қара тас ұққан жаныңды қазағың ұқпай.
Көз жасын бекер ішіне жұтпайды шері,
Күлесің сыртқа — жоқ жандай түк қайғы-шері...
Боқ кеуделері бір жерде шіріп қалғанша
Шіренген тәңірсымақтар — ұқпайды сені!..
Хош! Тәмәт. Тәмәм. — Осы жыр құпталса бір күн,
Түзелер түбі Абай мен Мұхтарша күлкің.
Ордамның төрін толтырып отыра берші,
Сен кетсең — жетім қаларын ұққанша жұртың...





Пікір жазу