Той
Есігі есінеген тұр жер үйім,
Іште жоқ үлде менен бүлде бұйым...
Көп болды, той боп жатыр қыр астында,
Қазақ боп тойдан қалу мүлде қиын. —
Басында Мәртөбенің мәжіліс көп,
Қасында Күлтөбенің күнде жиын.
Сол жиын күні-түні ду-ду еткен,
Жаңғырып құлағымда шуды үдеткен.
Іргемде өтіп жатқан тойға бармай,
Немене, мен тоқалдан туды деп пе ең?! —
...Дөңбекшіп бұлт төсекте жатқанымда
Көп жұлдыз жалғыз айды қуды көктен.
Мен қалай тең құрбымнан кем қалармын,
Ерінге тиері хақ — елде бардың.
Шыдамай киіп жыртық шапанымды,
Сол тойға қолау таймен мен де бардым...
Түскенін байқамаппын ымырт қалай,
Тойлы ауыл сілекейді шұбыртқаны-ай.
Түндігі боз үйлердің түсіп қапты,
Балапан жарып шыққан жұмыртқадай.
Ал, енді қызықталық, асықпалық. —
Бұл неткен той тойлауға машық халық?!
Шошынып шонжарлардан шықтым қайта,
Есігін бір орданың ашып қалып.
...Бір шетте қыз бен жігіт айтысуда,
Бауырын домбыраның қасып қағып.
Мініп ап көңіл атты көк дөненге,
Қосылып кетсем керек мен де өлеңге.
Көп халық мені нұсқап мәре-сәре,
"Көсеу таң, — деген, осы-ау, — көрмегенге".
Жарылып мені мошқап күлді халық,
Қалдым сәл көңіліме кірбің алып...
Қаумалап жұрт ұсынған гүлді жарып,
Ал әлгі бозбала мен бәлекей қыз
Бәйгігер — "темір атқа" мінді барып.
...Нұр — қаймақ, Айың бейне кетік қасық.
Кіл бәйгі ат ай астында шекіп басып.
Ішінде "сайтан сайдың" бұқпақтап жүр,
Тойып ап "шайтан шайға" екі-үш ғашық..
Көзінен көп адамның күнә көрдім,
Күнәсін тергейтіндей, сірә, мен кім?!
...Бидай боп диірмен тойға түсіп едім,
Ұн болып ұзамай-ақ шыға келдім.
Құйынға үйіріліп кете бардым,
Айырмай күн мен түнін тұл әлемнің.
Бір жерде кілең Дүрлер белдесуде,
Бір жерде билік қаққан ер бөсуде.
Аты озған, палуаны жығылғандар
Бір жерде жұдырықты сермесуде.
Екі-үш шал бірін-бірі сақалдан ап,
Баяғы бабаларын тергесуде.
Білмеймін не жеп, нені ішкенімді,
Біреу тұр санап беріп тістерімді.
Тай қазан төңкеріліп күл үстіне,
Үш бұты қара ошақтың үш бөлінді.
Желінбей сары табақта сыйлы ас қалды,
Шықтым мен шала тыңдап күй-дастанды.
Дүйім жұрт Тойбасыны ортаға алып,
Сәлден соң бір алапат би басталды.
Қимылы билігіне көне ме деп,
Ойлап ем, обалдары неге керек,
Танытып сала берді мың сан қырын —
Қаптаған тегене көт, бөдене бет.
Байқадым кенет бойдың дір еткенін,
Шыңғырып жібергені-ай жүректегі үн.
Топас той топанында жүзіп жүріп
Ай көшіп, сезбей қаппын жыл өткенін...
Иә, Тәңір, жықпылы мол жолдан сақта! –
Қайдағы пәле үйір ғой қорғаншаққа.
Шоқытып ауылыма қайтып келем,
Қолау тай тісеу құнан болған шақта.
Қарайтын шағым келді-ау шамама ақыр,
Жеткендей шалдар айтқан Заманақыр. —
Солқылы Өкшелер мен Бөкселердің
Теңселтіп жер дүниені бара жатыр.
Шығармас тұтқынынан түрмеге тең
Бұл тойға бекер ғана кірген екем.
Киелі, Мәртөбем мен Күлтөбем-ай,
Болғансың кімге мекен, кімге бөтен?!.
Жібермей қалатындай түрме тергеп,
Тебіндім бірде тоңып, бірде терлеп.
Қайырып кәлимамды күбірлеймін:
"Жер үйім орнында тұр ма екен?" — деп..