09.02.2022
  122


Автор: Құл-Керім Елемес

СЕН ҒАНА БАРСЫҢ

Аллаһымды ойлап атырып таңын Аллаһтың,
Құзырына Аллаһ жүрегім жібін жалғаптым.
Езіліп жүрек,
Есіліп көңіл елжиді,
Көтеріп күшін бойдағы ауыр салмақтың.
Құранын оқып Құдіретпенен сырласып,
Жанымда жабық жабылып қалған сырды ашып,
Аллаһыма әрі өзіме жақындап келем,
Ақ нұрда балқып екі де басып, бір басып.
Шіркін десеңші, жамалын көрсем Иемнің!
Ием-ай, Саған ілтипатыммен сүйендім!
Құранды қондыр,
Әлім жеткенше амал ғып,
Жұқтырып алған шәяйын нұрмен күйемді!
 Аллаһым, Өзің қателерімді кешірші?
Рух, тәнімдегі кір атаулымды өшірші?
Таудан да биік,
Тастан да қатты кінәм бар,
Кешіріп, Ием, Жәннәт бағыңа көшірші?!
Мәңгілік мекен Ғадынға кірсем, шіркін-ай!
Бұзылмас еді мәңгілік болып шырқым-ай!
Онда кіргеннің мәңгілік нұрлап бақыты,
Онда кіргеннің балта шаппайды мұртын-ай!
Шіркін-ай!..
Ғадынға иә,
Фердауысқа иә кірейін!
Үкіміңе айтқан үмітпен құлақ түрейін!
Дем бер Хақ Өзің, шайтанның сақтап шәрінен,
Тура Өзің баста, «жүр» дегеніңмен жүрейін!
Саған сенемін,
Сенен басқа ешбір жоқ тәңір!
Басқаға сенген кірері даусыз отқа құр.
Саған сенемін,
Сен ғана барсың, Мәңгісің,
Мүмкін емес-ті болуы әсте жоқта нұр!..
Сенен басқа, Аллаһ, Сенен басқа әсте жоқ тәңір!!!
2011.9.7





Пікір жазу