09.02.2022
  219


Автор: Ділдар Мамырбаева

Көк түйме

— Әже, мектепте сахналық қойылым қоятын болдық, соған әдемі көйлек тігіп беріңізші! — деді 3-сыныпта оқитын Алуа. Әжесі тігінші. Алуаның көп киімдерін өз қолымен тігіп береді. Сәнді, қонымды киім киіп жүретін Алуаға сыныптастары да қызыға қарайды.


— Тігіп берейін, күнім!


— Онда жағасын артқа қайырып, түйме қадалмайтындай етіп жасаңыз!


—  Желбіршек жағаны алдынан түймелейтіндей етіп, жеңіне шынтаққа дейін түйме қадайын, — әжесі әрі ақылдасып, әрі көйлектің қандай сәнді болатындығын көз алдына елестете сөйледі. — Түйме қадамаңыз, түймелі киімдерді ұнатпаймын. — Алуа бұртия қалды.


— Неге?


— Сол.


— Балам, түймеде кие бар. Бұрынғылар оны көз тимеу, сөз тимеу үшін де таққан. Кейіндеп ол сәнге айналып, қолында барлар қоңыраулы алтын, меруерт түймелерді байлығын байқату үшін қадаған. — Әжесі үлкен әңгіме бастамас бұрын қобдишасындағы түймелерді ақ матаның үстіне төкті. Алуа осынша көп түйме көрген емес. Таудай болып үйіліп қалды. Біреуі домалап, біреуі секеңдей секіріп, біреуі момақан қалпында орын тауып жатыр. Бірі — қар ұшқынындай, бірі — бүлдірген секілді, бірі дәл раушан гүлінің өзіндей. Алуа аңтарыла қарап қалған.


— Қандай әдемі! Қандай керемет! — деп ішегін тарта таңданған Алуа сия түстес жұқа, жылтыр түймені көргенде көңілі пәсейіп қалды. Дененің бір жерге тиіп көгеріп қалғанындай болып көрінеді екен. Өздері көздерін қысып, әлдене айтуға оқталған секілді.


— Әже, мына көк түймелерді неге сақтап қойғансың, өздері сондай ұсқынсыз көрінеді екен,


— Алуа оларды жиып алып, лақтырып жібергісі келген.


— Әр түйменің өз тарихы бар. Тиіспе. — Әжесі көк түймелерді алақанына салып, аялай сипалады. Жүзі жылып, әжімдері тегістеліп кетті.


— Мен мұны атаңның жас кезінде сыйлаған көйлегінен кесіп алып сақтап қойғанмын. — Әжесінің даусына діріл араласты. Алуа енді көк түймелер жаққа мүлде қарағысы келмеді. Әжесінің көңілі үшін көйлегіне қызыл, сары, жылтырақ түймелерді таңдап алды. Көйлегінің өңіріне қадап еді, асыл тастардай жарқырап, киіміне өзгеше сән берді. Мектептегі мұғалімдерге де, оқушыларға да ұнады.


Елде жоқ ерекше көйлек екен деп құрбылары әр жерін ұстап көріп, осындай сәнмен киім тіктірмекші болды. Алуа әжесінің шеберлігіне мақтанды. Қойылым біткен соң үйге тез жетіп, бәрін-бәрін асыға-аптыға айтып шықты.


— Балам, ол өңіріңе қадаған түймелердің қасиетінен шығар. Атақты Мұхтар Әуезов атаң көптің алдына шығып сөйлерде Құнанбайдың шапанының түймесін алақанына қысып тұрып сөйлейтін болыпты. Сонда жаңылыспай, ағыл-тегіл әңгіме айтады екен. Кейін оны қызы Ләйлаға «атаңның рухы сені қолдап жүрсін» деп беріпті. Ол кісі де ғылым кандидаты атағын қорғағанда түймені уысына тас қылып ұстап тұрыпты. Сөйтіп бір сөзінен де жаңылмапты. Кейіннен сол түймеге көз салдырып, алқа жасатып, өмірінің соңына дейін мойнынан тастамаған екен.


Алуа осы уақытқа дейін түймелерге мән беріп, олар туралы ойланып көрмепті. Сондай бір қажетті зат деп те қарамаған. Керексіз бұйымдай шашылып, қараусыз жатқан түймелерге жаны ашыды. Өткен жолғы сия көк жылтыр түймелерді қараптан қарап тұрып жек көргеніне ұялды.


— Әже, өткен жолғы көк түймелерді мен анам  тоқып берген жемпіріме қадайын, беріңіз! — деп Алуа әжесіне қараған. Ол кісі көңілсіз ойға беріліп кеткен  екен.


— Әже, бір жеріңіз ауырып тұр ма? — Алуа әбігерленіп қалды.


— Жай, көңіл-күйім түсіп тұр. Жас кезінде атаң сыйға берген жүзіктің лағыл көзі түсіп қалыпты. Іздемеген жерім жоқ, — деп әжесі қатты өкініп отырғанын аңғартты.


Алуа дереу үйдің бұрыш-бұрышынан іздеуге кірісті.


— Түгел қарап шықтым, әуре болмай-ақ қой, шаңсорғыштың өңешіне түсіп кетті-ау, шамасы, — деді әжесі көңілсіз.


Алуа түймелер салынған қобдишаны ала беріп, ішіндегісін байқаусызда шашып алды.  Түймеден нөсер жауғандай болып, жан-жаққа шашырап кетті. Жылтыр сия көк түйме секеңдеп төсектің астына кіріп барады. Көз жазбау керек, әйтпесе ол да бір қалтарысқа кіріп кетіп, табылмай қалуы мүмкін. Ол жоғалса әжесі ауырып қалады. Атасы сыйлаған көйлектің түймесі ғой. Алуа жата қалып төсектің астын қарады. Сия көк түйме әлдебір затқа тіреліп, қырынан жатыр. Алуа етпеттеп жатып, қолын созды. Түймені қатқыл затпен бірге алып шықты. Алақанын ашып еді, Алуаның жүрегі дүрсілдеп кетті. Әжесінің қасына жеткенше асықты.


— Әже, әже! Қарашы — деді алақанын ашып.


— О, мынау менің жүзігімнің көзі ғой! — әжесі қуанып кетті, — қайдан таптың?


— Мұны көк түйме тауып берді! — деді Алуаның жүзі бал-бұл жанып.


Әжесі көк түймені алақанына салып, мейірлене қарады. Алуа да қараған. Көк түйме сондай әдемі болып көрінді. Көкшіл реңінен жылылық байқалады.


— Көк түймелерді енді маған беріңіз! — Алуа оларды аса бір ыждағаттылықпен уысына салды.


— Міне, қажетіңе жарады. Әдемі түймелер ғой. Сен оларға мұқият қарашы.


— Шынымен-ақ, жақсы, сүйкімді түймелер! — деді Алуа әжесін құшақтап.





Пікір жазу