Ел бастаған көсем
Аңырақайдағы жеңістен кейін біраз уақыт өткен соң Жәнібек қасындағы бір топ сарбазымен Қаратау бойындағы Төле биге сәлем беруге аттанды. Қазақта
«көп ақылы – көл» деген қағида бар. Көпті көрген аса сыйлас адамы Төле бимен уақыт белесіндегі ел тағдыры, мемлекет билігі жөнінде ақылдасуды ойлады.
Жәнібек Төле бидің ауылында бір жұма болған еді. Сол күндерде олар өздерін толғандырған көптеген мәселелерді ортаға салды. Өткен тарихты еске алып, оның жақсы-жаманын електен өткізіп, ел жағдайын жақсарту үшін қажет болар өнеге, із тауып, қиындықтан шығар жол іздеді.
Ойлап отырса, шындығында Әз-Тәукеден кейін көш- пелі жұрт қамын ойлар өрелі адамды табу қиынның қиынына айналған. Қазақтың бір сенгені Әз-Жәнібек ұрпағы Әбілқайыр хан болды. Бірақ оған өз басын, астындағы тағын ойлайтын адам деген ат тағылған. Сәмеке хан от басы, ошақ қасы мәселелерден аса ал- майтын. Әбілмәмбет те өресі шектеулі жан еді. Қалған жүздердің билігі амалсыздан соған кеп түсті. Бірақ жа- уына қарсы қол біріктіре алмай күн кешті.
«Ақтабан шұбырынды», ең алдымен, қазақтың мем- лекеттік жүйесі үшін қатты соққы болып тиді. Алты алаш атанған елдің бес алашы қалып, қырғыз жұрты бөлектенді. Бас ауырып, балтыр сыздаған шақта Әбілқайырдың қателігінің кесірінен қарақалпақ сыртқа кетті. Қазынасы мол, халқы көп тұрақтанған бірнеше қалалардан айырылды. Сауда ошақтары тұншықты.
Рухани орталық болып отырған мешіттер мен медресе- лер қирап, халық діннен қашықтады. Мәдениеті орны толмас қирауға ұшырады. Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесінен бастап, Сауран, Шымкент, Сайрам, Таш- кент, Созақ және басқа қалалардағы сақталған бай кі- тапханалар, ондағы діни-фәлсапалық еңбектер, ескі та- уарихтер* мен шежірелер, тіпті біз білмейтін мол мұра өртеніп кетті. Қалғаны талан-таражға түсіп, жойылды. Ал қалалар қираған кезде өнер туындылары, сән-салта- нат бұйымдары және басқадай құнды қазыналар жер бе- тінен өшті.
Бұл нәубет алаш жұртының өсімін екі ғасырға ше- герді. Шексіз даласының төсін, жайлауы мен көлінің, теңізінің бойын жайлайтын қазақ жұрты жау қолынан, жоқшылықтан, аштықтан қырылды. Елдің сағы сын- ды, еңсесі басылды. Бұрын ешкімге бас имеген, кеудесі биік қазақ осы кезеңнен бастап, жан-жағына жалтақтап қарауды бойына сіңірді. Басқаның күшінен именіп, өнеріне табынып, өзінен биік санайтын дерт қазақ са- насын меңдеді. Өр тұлғалы алаш ұлының мінез-құлқы, дүниетанымы өзгерді. Бәрінен бұрын қазақ халқы өз тәуелсіздігінен айырылды.
Төле би де осы бір кезеңнің ауыртпалығын ай- тып ағынан ақтарылып, ішкі сырын жайып салды. Ол Шақшақ Жәнібек батырдың жөні тым бөлекше, қазақтың қамын жеген көшелі* азамат екенін танитын. Жәнібек батырдың жауды тек қана желекті найзамен ғана емес, алғыр оймен, кемел ақылмен, өткір тілмен де жеңу керектігін жете түсінетін бірден-бір батыр еке- нін де білетін. Замана дауылы соққанда, оның алдын алып, іргеңді мықтап қымтап, шаңырағыңды тас-түйін бекіткеннің де жөн екенін, аузы бір болса, халқың тас қамалдай ешкім жеңе алмасын да ойға түюмен болды.
Айтқандай-ақ 1739 жылы көктемде Септен бастаған отыз мың қалың қалмақ қолы Ертістен өтіп Сарыарқаға
*тауарих – тарих.
*көшелі – байсалды, ой-өрісі кең.
сау ете қалды. Септен қонтажы Қалдан-Сереннің таңдау- лы әскербасы, аса құрметті тайшысы еді. Ол жүздеген ауылдарды өртеп, адамдардың қырғанын қырып, қолға түскенін мың-мыңдап тұтқынға алды. Одан қалса, елдің бетіне қарап отырған бар малын айдап әкетті.
Жәнібек, Абылай, Барақ сұлтан мен Әбілмәмбеттің бі- ріккен жасағы Септенді Орта таудағы Жошы қиясының жанында тоқтатты. Жоңғар нояны ашық ұрыстан қашқан еді. Қазақтар да оларды қумады. Артынша қалмақ елшіле- рін жіберіп, Орта жүздің Жоңғар патшалығына бағынуын талап етті. Қазақтар бұл талаптарды орындамайтынын айтты.
Әдетте, Септен ноян:
- Жәнібектің соғысқа аттанғанынан үйінде жатқаны қауіптірек, – дейді екен. Өйткені, Жәнібек батыр қалмақ нояны Септенмен ең көп соғысқан ердің бірі еді.
- Жәнібек күшті болса, мені бағындырсын, маған ша- масы жетпесе, өзі басын исін, – дейді тағы бірде.
Оның бұл сөзіне:
- Өзіміз де соны анықтайық деп түн қатып жүрген жоқпыз ба, – депті сонда Жәнібек.
Ғасырға жуық уақытқа созылған қалмақ-қазақ соғы- сы, әсіресе, ойраттардың басшысы Сыбан-Раптан мен Қалдан-Серен ел билеген шақ қазақ халқы үшін ең бір қиын кезеңдер болды. Батырларға да, басқаға да өздерін қорғап-қоршайтын, сүйенетін пана керек еді. Соның бі- рі көршілес орыс елі деп ұқты. Жәнібек әу бастан-ақ осы ұйғарымға келуді кесіп-пішкен. Сондықтан да батыр 1739 жылы 22 қыркүйекте Ресей патшалығының сыртқы істер басқармасына хат жазады. Хаттағы ұсыныстар екі елдің де ішкі жағдайларына қатысты болатын.
Өз ұсыныстарында Жәнібек Ресей билігінен, алдымен, қазақтардың Жайық өзенінің бойына көшіп барып, орыс шаһарларындағы жергілікті халықпен сауда-саттық жа- сауына рұқсат сұрады.
Осыдан біраз уақыт бұрын Жәнібекке князь Урусов- тан хат келген. Ол Сарсахайдан Бұхар хандығына бара жатқан орыс керуенінінің тоналғанын ескертіп, оған жауапты адамдарды іздеп табуды, дүние-мүлікті орны-
на қоюды талап еткен еді. Жәнібек сол керуенді тонаған Қойгелді батырдан олардың дүние-мүлкін қайтарып алғанын айтып, талапты орындағанын баян етті. Ке- лесі ұсынысында, Жайық орыс-казактары Еділ бойы қалмақтарынан он екі тұтқын қазақты сатып алып,
құлдықта ұстап отырғанын, осы бейшараларды құнда- рын төлеп қайтарып алуға рұқсат керектігін жазды.
Тағы бір ойға алғаны – қазақ еліне қажетті астықтың аздығы болатын. Аттың жалы, түйенің қомында соғыспен жүрген қазақ қайтіп қана егін сала қойсын. Аздағандары ғана болмаса, көшпелі жұрт бұл шаруаның шекесін қыздырған емес.
Сол себепті орыстар бидай берсе, қазақтар оларға те- рі, жүн, ет беретінін білдірді.
Ең негізгі мәселе – қазақ үшін Ресейдің жоңғарлармен соғыстағы көмегі еді.
Жәнібек осы бір түйінді мәселеге бар жанын салды. Құдай да сәтін беріп 1740 жылы тамыздың жетісінде Нұралы, Ералы сұлтандар бар, Жәнібек бастаған бір топ қазақ билері Орынбор комиссиясының бастығы, гене- рал-лейтенант В.А. Урусовтың лагеріне жеті шақырым жақын жерге келіп қоныс тепті. Қалмақтар бұл кезде өз дегенін жасап жатқан. Бұл тірлікке жүрегі жаралы батыр қайткен күнде Ресейді арқа тұтып, жоңғарларға қарсы күш ретінде пайдаланбақ еді.
Кешкісін сұлтандар шатырына княздің өкілі пра- порщик Д. Гладышев және аудармашы князь Максютов бастаған өкілетті адамдар келіп сәлемдесті. Ертеңінде поручик* Сперидов бастаған он екі драгун* княздің ұсынысын жеткізді. Сонан соң ол Жәнібекке бұрылып:
- Князь сізге арнайы ниет білдірді. Ұлы мәртебелі Сізді қабылдауға басқалармен бірге кіре ме деп сұрап жатыр, – деді.
- Менің сұлтандардан жасырарым жоқ, бірге қабылдасын, – деп жауап береді Жәнібек.
*поручик – патшалық Ресей әскеріндегі офицерлік дәрежесі бар жауынгер.
Сонан соң Жәнібек батыр князьге арнап тұлпар әкел- генін айтып, белдеуде тұрған сүйріктей сұлу күрең арғымақты көрсетеді. Поручик те, драгундер де тұлпарға қызыға да қызғана қарайды. Ертеңінде поручик күрең ай- ғырды князьге алып кетеді. Артынша қазақ сұлтандары
*драгун –патшалық Ресей әскерінің жауынгері.
мен батырларын, билерін княздің өзі қабылдайды. Жиыр- ма төрт офицер, алпыс драгун салтанатты шеру жасап, жеті зеңбіректен аспанға оқ атылады.
Қазақ қамын ойлаған Жәнібек Ресейге бодан болуға келіскенімен, Абылай хан саясатын ұстанған еді.
Жәнібеккнязь Урусовтыңбойынанқазақұлтынаұқсас белгілерді іздеген еді. Бірақ ордаға енгенде өзін қарсы алған бойы еңгезердей, жирен мұрты әдемі қиылған, көкшіл көздері күлімдеген, өте сәнді әскери киім киген генералға қарап таң қалады. Аты аңызға айналған қазақ батыры Едігенің ұрпағы орысқа тартады деп кім ойлаған. Өзінің білуінше, бұл жас генералдың атасы Мәлімнияз әулиеден. Ол Түркістанның дәруіші болған. Одан Құт- тықия туады. Ал Құттықиядан 1482 жылы Мәскеуді шабатын, 1498 жылы Алтын Орданың ханы атанған Тоқтамысты өлтірген Едіге туған. Едігенің ұрпағы Сма- йылдан Орыс деген дүниеге келіпті. Ал мына князь Васи- лий Алексеевич Урусов сол тектен қалған. Бұл күндері ақ патшаға лауазымдық қызмет етіп жүр.
- Сізді патша ағзам жақсы біледі, – деді ол Жәнібекті өзінің оң жағына отырғызып.
Сәлден соң Жәнібек қазақ батырларына «Орта Азияға өтетін орыс көпестеріне тиіспесін» деп хат жазып берге- нін баяндады.
- Өте дұрыс. Жақын арада қазақ даласында да біз- бен сауда жасау өркендейді, – деді Урусов.
- Иә, батырлардың да орыс керуендеріне өшігетіні осы- дан болар. Елдің үстінен өтіп, бар байлығын өзбектерге са- удалап жатса, қалай намыстанбасқа, – деді Жәнібек.
Урусов Жәнібекті қоштағандай болып күлімсіреді.
Жәнібек:
- Дондық Омбы қазір қайда жүр екен? – деп сұрады сөзін ары қарай жалғастырып.
Мұнысы «қалмақтарда тақ тартысы қалай өтіп жатыр?» дегені еді. Бұл кезде Дондық Омбы жоңғар қонтайшысының мұрагері ретінде билікке таласып жатқан болатын.
- Еділдің арғы бетінде ғой олар, – деді князь сыр бер- мей қысқа жауап қайырып.
- Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан қайда? – деп сұрады сәлден соң Урусов.
- Менің топшылауымша, олар таяу күндері осында келіп қалуы керек, – деді Жәнібек.
Одан ары қарай орыс-казактар қолындағы тұтқын қазақтарды босату жайы сөз болды. Сонымен бірге қызылбастар* Астраханьға шабуыл жасаса, Жәнібек өз әскерімен олардың керуенін барымталайтынын ескертті. Қазақ жігіттерін әскери іске үйретуде көмек көрсетулерін де сұрады.
Урусов бір сәтте тілмәшқа Жәнібекпен жеке сөй- лесетінін айтқызды. Екеуі оңаша қалды. Сол түнгі әңгімеде Жәнібек:
- Мен жағыну дегенді білмейтін, тек шындықты бет- ке айтатын адаммын. Ант бердік екен, оны орындаймыз, екі сөйлеу – өлім, – деген еді.
Князь осы бір адамға, оның әрбір сөзіне, дарынына өте риза болып, көңілі толды. Жәнібектің әділдігіне жоғары баға беріп, батыр қажет десе, Орынборға үй- жай салып беруге әзір екендігін білдірді. Бірақ Жәнібек үйден де, атақ-даңқтан да бас тартты ...
- Жәнібек батыр, ұлы мәртебелі патша ағзамға сізге
«Тархан» атағын беру жайлы өтініш жасасам қалай бо- лады? – деді Урусов.
- Біздің халық досқа берсе, айтып бермейді, – деді Жәнібек.
Алғашқыда тосылып қалған князь Урусов біраз үнсіз- діктен кейін Жәнібекке:
- Шынында «Тархан» атағы халық арасында беделіңді нығайтады, дұшпаның бұрын іштей есептесіп жүрсе, ен- ді мойындайды. Ұлы Мәртебелінің мөрі басылған бір бет
*қызылбастар – парсылар.
қағаз сенің күллі даладағы абыройыңды асқақтатады, батыр, – дейді.
Жәнібек сәл ойланып:
- Таудан тірегің болса, тастан жүрегің болады, – деп жа- уап береді князге.
Жәнібек бұл кездесуден түн ортасынан ауа шықты.
Бір-бірін жақсы ұғынысқан қос азамат қимай қоштасты.
Осы жолы ол Жәнібекке күміс сапты қылыш, револьвер, қара түлкі сыйға тартты. Жәнібекті шығарып салуға бекі- тілген алты драгун екі жағынан үш-үштен тізіліп, даланың мүлгіген тыныштығын бұзып шауып бара жатты.
Өкінішке орай, бұл олардың соңғы кездесуі еді. Себе- бі Урусов 1742 жылы бірнеше ай науқастанып, дүниеден өтеді.
Сол жылы батырдың Түркістанға келген сапарынан хабардар жоңғар әскерінің басшысы Септен Жәнібекке арнайы кісі жіберіп:
- Аманат жіберсін, болмаса соғыс жариялаймын, – деп сес көрсеткен еді. Сонда Жәнібек қалмақ тайшысының тапсырмасымен келген адамға:
- Септенге айта бар. Аманат дегенді енді ұмытсын. Ал, соғыспен қорқытуы тіпті орынсыз. Ол Қытайға ар- қа сүйесе, қазақтың арқасын тіреп Ресей тұр. Қазақтың маңдайына шерттім дегенше, орыс зеңбірегінің доп- тарының астында топыраққа көміліп қаларын ұмыт- пасын, – деп жауап қайтарды.
Міне, осылайша Жәнібек батыр қазақ тарихында тұңғыш рет күші басым жоңғарларға айбарлы сөз айтып, қоқиланған қалмақтардың кеудесін басқан болатын.
Осыдан соң Септен елші жіберуді тоқтатты. Жәнібек өзінің бұл тірлігіне риза еді.
1741 жылы жоңғар қонтайшысы Қалдан-Серен Сібір генерал-губернаторы П. Бутурлинге елші жіберіп: «Ұлы мәртебелі губернатор! Мына қазақтар бүйірлеп тиіп, әбден мазамызды алды, олар, негізінен, ұлы мәртебелі ақ патшаны мойындамаған рулар. Сондықтан Сізден қазақтың қай руларының ұлы империяның қанатының астына кіргенін, қайсысының кірмегенін білсек...» деген хат ұсынды. Ал П. Бутурлин:
- Бұған, негізінен, Орынбордағы ұлықтар қанық. Ме- нің білетінім – Кіші жүз қазақтарының ұлы мәртебелі ақ патшаның құзырына бағынғаны. Орта жүз қазақтары жай- лы мұндай хабар естіген жоқпын, – деп жауап қайтарды.
«Бұл орта жүзді шабуға болады, біздер араласпай- мыз» дегені еді. Мұны естіген жоңғар қонтайшысы ақпаннан бастап жер қайысқан қалың қолмен қазақ жеріне кірді. Тіпті Септеннің әскері салып ұрып бір ай- да Тобылға дейін жетті. Олардың іздегені Орта жүздің сол кездегі ханы Әбілмәмбет болды.
Осы жолы қалмақ тұтқынындағы бір қазақ «Мен сен- дерді хан ордасының үстінен түсіремін» деп қалмақтарды Сібір жаққа адастырып алып кетеді. Наурыздың басында қар жауып, боран соғып, аяз болады. Алданғанын біл- ген қалмақтар әлгі қазақ батырын тірідей отқа өртеп жі- береді. Әттең, сол батырдың есімі кім екенін ешкім біле алмады.
Жәнібек бұл кезде Орынборға бірнеше рет кісі жі- беріп, өздерін қалмақтардан қорғауын өтінді. Бірақ көмек бола қойған жоқ. Сарыарқаға жеткен Септеннің ауылын аз ғана қазақ қолын бастаған Олжабай батыр шабады. Соғыс сәл саябырлады. Бірақ қазақтың күші қалмақтарды қуып тастауға жетпеді.
1742 жылдың қаңтар айында Бодансияқ бастаған жоңғар елшілері қазақ жеріне келіп жетті. Екі жақтан жиырмаға тарта адам келіссөзге отырды. Қазақ елші- леріне Жәнібек басшылық етті.
Бұл жолғы қалмақтардың талабы бұрынғыдан көбей- месе азаймаған еді. Қазақ жағы қалмақтардың отбасы, ру салығын төлеуге тиісті деген сияқты мәжбүрлеу басым- дығы көп талаптарынан бас тартты. Келіссөз барысында бір ғана жеңілдік: қалмақтардың қолына түскен қазақ тұтқындары қайтарылатын болды.
Қалмақ жағының тағы бір ұсынысы Қарасақал де- ген қашқын қалмаққа қатысты еді. Қарасақал – Еділдегі Торғауыттан шыққан, өзін-өзі қонтайшының мұрагерімін деп есептейтін адам. Ол қазақ жерінде жан сауғалап жүрген, өйткені оның басқан ізі аңдулы болатын. Міне, сол кеудемсоқты Қалдан-Серен «қолымызға берсін» депті.
Келіссөзді қорытындылай келе Жәнібек:
- Біз орыс патшасына жақын адамдармыз. Сондықтан патша ұлықтарымен ақылдаспай тұрып, ешқандай ше- шім жасай алмаймыз. Менен аманатқа ұл алғанша, атқан оғым жоңғарлардың маңдайын ойып, зуылдаған жебем кеуделерін тесіп өтер, – дейді.
Қалмақ елшілері жол тауып кеткен Жәнібекке қарап бастарын шайқайды. Ал бұл сөзді естіген Қалдан-Серен тіптен қатты ашуланады. Елшілік жағдайында мұндай ұтқырлық Жәнібектің мерейін үстем етіп, беделін өсіреді. 1742 жылы 20 тамыз бен 7 қыркүйектің аралығында Орск қаласының жанындағы Тасөткел деген жер- де Орынбор генерал-губернаторы И.И. Неплюевтың қатысуымен үлкен жиын өтеді. Бұл кеңеске қазақ ел- шілерімен бірге жоңғар, қарақалпақ елдерінің өкілдері де қатысады. И.И. Неплюев жоңғарлар мен қазақтарға қатысты мәселені Ресей үкіметі арқылы шешетінін мәлімдейді. Ол қазақтардың ішкі істеріне қол сұғу, ама- нат сұрау, салық төлеуді талап ету қалмақтар тарапынан заңдылыққа сыймайтынын қадап айтады. Мұның жаңа ғана дами бастаған қазақ-орыс тарихи достығына сына қағу екенін де атап өтеді. И.И. Неплюевтің бұл сөзіне
жоңғарлар:
- Қазақтар біздің қытаймен жиі соғысатынымызды пайдаланып, үнемі шауып, тонаумен келеді. Сондықтан біз олардан аманатқа балаларын сұрадық, – деп түл- кібұлаңға салады.
Сол кезде:
- Біз Ресейге адалмыз, – дейді Әбілқайыр хан.
- Бұл бір батырдың немесе бір ханның ойынан шық- қан сөз емес, бүкіл халықтың мүддесінен туып отырған сөз. Қонтайшы осыны түсінсін, – деп Жәнібек батыр Әбілқайырдың сөзін жалғастырады.
- Қазақтар уәдесін ұмытып кетеді, – деп қалмақтар ен- ді И.И. Неплюевті азғыруға кіріседі. Бірақ жеңіс қазақтар жағында еді. Қалмақ елшілері кеткен соң И.И. Неплюев қазақтардың қалмақтарға, башқұрттарға және Жайық бойындағы казак-орыстарға жақын жерлерге көшіп- қонбауын өтінді. Жәнібек бұл пікірге қарсы шықты. – Қайта қазақ елі орыс қалаларына жақынырақ жерлерге қоныстанса, сауда-саттық ісі жақсарып, екі ел бір-біріне жақындасар еді, – деді ол.
Сөз жүре тыңдалды.
Сол жолы И.И. Неплюев жиынға келген игі жақ- сылардың алдында Шақшақ Жәнібек батырдың «Тар- хан» деген атақпен марапатталғанын жария еткен еді. Жәнібекке берілген тархандық лауазым оны барлық уақ- түйек әкім-қаралардан, төре-сұлтандардан да биіктетіп, хандармен теңестірді. Сонымен бірге бұл атақ мемлекет қайраткері құқында халқының атынан қимыл жасап, Ресей мемлекетімен арадағы мәселелерді шешуге белсе- не араласуына мүмкіндік берді.
Бұл жерде Ресей саясаткерлерінің көздеген өз мүд- делері бар болатын. Олар қазақта хандықтың қадірі кетіңкіреп, биліктің ұсақтанып бара жатқанын білді. Қазақтарды өзіне бодандыққа тартуға лайық кез екенін сезді. Оған қоса Ресей саясаткерлеріне халыққа ықпалы, беделі, ерекше билік құқы бар қазақ керек болды. Бірақ Жәнібек өз халқының басқалармен тең тұруына барлық өмірін сарп етті. Халқына сатқындық жасаған жоқ.
Тархан атағын қазақ арасында екінші болып Есет Көкіұлы алды. Кейінірек бұл орыс атағы алты қазаққа берілді. Олардың ішінде Жәнібектің үлкен ұлы Дәуітбай да бар еді. Әкеге тартып ұл туса игі деген осы болар.
Аз уақыт өте Жәнібек Жоңғарияға баратын елші- лердің құрамына енді. Ол қапыда жау қолына түскен Абылай сұлтанды қайткен күнде азат етуге бар күшін салды. Делегация басшысы К. Миллермен әңгімелесіп, қазақ еліндегі бәйгеге ат дайындау, жылқыны асыл- дандыру мәселелерін де тілге тиек етіп, мінсе – көлік, жесең – ет, ішсең – қымыз, сатсаң – пұл болатын тұлпардың жөнін де сөз қылды. Жәнібек өз халқының мүддесін, бірлігін бір сәт те ұмытқан емес. Тіпті ол үшін бар ақылы мен айласын, шешендігін іске қосты.
Қашанда құшағы ашық, кең қолтық ұлттың өкілі Жәнібек батыр Орскіден Жоңғар қонтайшысына аттану мақсатымен сапарға шыққан К. Миллер делегациясын алғашқы болып қарсы алды. Жолдан шаршаған елші- лерді бірнеше күн тынықтырып, демдерін алғызды. Ба- рар жерге жеткенше ұзақ жолдың барысында К. Миллер адамдарымен бірге Өтеміс, Сары батыр, найман Боқай батыр, Жарылғап батыр, Қара би, Алтай бай, үйсін Кел- дібай мырза, Наурызбай батыр, Мәмбетбай, Қожакелді, Боранбай, Жанжігіт, Тоқтабай батырлардың ауылдары- на қонып, түстене отырып, жоңғар шекарасына жетті.
Жәнібек туралы әңгімелерге құлағын тігіп, әрекет- терін талдап, ішке түйіп, ақылдылығына іштей сүйсін- ген жаулары да болған. Оны Жәнібектің өзі де білетін. Сондай адамдардың бірі, Жоңғар елінің нояны, қазақ- тың ата жауы Қалдан-Серен еді. Осы жолы ол елшілікке келген Жәнібек батырды шалып қалмақ болып бекінген еді. Өзінің аса көреген атанған бәйбішесіне:
Байқауымша, Жәнібекті қазақ атаулы тау көтереді. Алып-жұлып бара жатқан ештеңесі жоқ сияқты. Елі ту- ралы әлдене десең, өрге шапшиды. Тіпті жағаңа жармасу- ға бар. Әуелі тұтқын атаулыдан «Жәнібек қандай жан?» десең, көзі жайнап, арқасы қозып, жын шақырғандай еліріп кетеді. Мұнда қандай сиқыр бар. Біліп берші. Адам танисың ғой, – деп тапсырады.
Батырды сырттай бақылап, жүріс-тұрысына көз са- лып, сөз саптауына құлақ тіккен ханым:
- Жәнібек екі аяқты, бір басты адам атаулының сырт- таны екен. Өзінің оққағар қасиеті де жоқ емес. Сұсынан адам жерге кіріп кете жаздайды, – дейді.
Қалмақ қонтайшысы бұл сөзді естіп, терісіне сыймай ашуланады. Жер басып тұра алмай селкілдейді. Жанында отырған бәйбішесі күйеуінің бұл мінезіне аң-таң. Ары-бе- ріден соң «Жәнібекті сынап берші» деп өтінген өзі.
Тақыттан түсіп, ары-бері сенделіп, сарай ішін шыр көбелек айналған Қалдан-Серен жеделдей басып бәй- бішесінің жанына жетеді де:
- Онда мұны осы жолы өлтіріп тастаймын, – дейді зіркілдеп.
- Хан ием, шолақ ойлама. Атса, мылтық өтпейтін, шапса, қылыш кеспейтін, отқа салса, күймейтін, суға салса, батпайтын жандар деп дәл Жәнібек сияқтыларды айтады, – деп ноянның бәйбішесі күйеуіне қарап жауап- ты қысқа қайырды.
Ал Қалдан-Серен жерді бір теуіп сыртқа шығып кетеді.
Сонымен Жәнібек шынымен топ бастаған көсем болған ба?
Әдетте, адамға сын айтушы – халық. Көреген, білгір- лер қазақ жұртында мол болған. Замандас батырлары- ның бірі Тілеулі деген адам Жәнібек туралы:
- Сол неменің басы тым шалқақ. Қасына барсаң, қараптан-қарап еңсең түсіп, аласарып қаласың. Аулақ жүргенің дұрыс-ау. Бірақ шеттейін десең, аждаһаның көмейі секілді еріксіз өзіне тартатын бір құдіреті бар. Бұл дүниеден Жәнібектен асқан сесті адамды кездестір- мей өтетін шығармын, – деп айтқан екен.
Шындығында Жәнібек батыр сегіз қырлы, бір сырлы жан болған. Ағайын арасында да аса беделді адам екен.
Атақты үш қазақ биінің бірі, Орта жүзде қара қылды қақ жарған Қаздауысты Қазыбек Жәнібек батырдың тәкаппарлығына шағынған Әбілмәмбет ханға:
- Жөніне жүгінсек, Жәнібек үшін қара да, төре де бәрібір. Төрелерге илікпейтіні – төрелердің алып келген елі, айдап келген малы, арқалап келген жері жоқ. Қараға илікпейтіні – қанша бай болса да, мал мен жанды ұстауға ақыл, білік және күш қатар қажет. Мен көрген қазақта осы үшеуі бірдей Жәнібекте ғана бар. Сондықтан да төренің де, қараның да күні Жәнібекке еріксіз түседі, – деген екен.
Ұнатқысы келмегеннің өзін де Жәнібектің мысы еріксіз мойындатқан. Іштарлықпен көре алмаған бақ- таластар оған амалсыз мойынсұнған. Егер әділдігі, парасаттылығы, адам сыйлар асыл қасиеттері болмаса, әсіресе, кісі қорлап, азамат сыйлай білмесе, біздің қазақ ханға да бас имеген. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп айтарын айтып салған. «Айналайын балдырғаным, міне, қазақтар, сенің бабаларың осындай болған» деп жас өскінге айтуға жаралғандай тірлік көрсеткен.
Қалайда өмір бір орында тұрмайды. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» деген мақал да бекерге айтылмаған. Балғындардың өз ұлтын – қазағын, оның ішінде Жәнібектей бабаларын пір тұтып өсуге толық мүмкіндігі бар. «Мен Жәнібек бабаның ұрпағы атанған қазақпын» десе несі айып?