Алғашқы сын
Құрылтайдан соң өзін ер жеткендей сезініп, балалық шағы біржола келмеске кеткендей көрінген Жәні-
бек Бөгенбай батырдың сөзін ұмытар емес. Батырдың алты алаштың рухын көтеріп, ерлікке бастаған айбын- ды ұраны оны мүлдем есейтіп жібергендей. Енді ол қалмақтарды тәубесіне келтіріп, төбесіне қылыш ойна- тар күнді асыға күтті. Күреңқасқаны бабында ұстап, шайқасқа мұқият дайындалды. Өзі де ер жігіттей талап- танып, жауынгерлік саптағы қайраты мен күшін, әдіс- айласын шыңдады.
Салма ілуде жастар ішінен одан асқан мықты жоқ еді. Сол әдісін пысықтады. «Әттең, қару жетіспейді» дейді іші- нен күбірлеп. Жігіттің бес қаруы жаңа болуы керек. Ескі қарумен не істей аларсың. Өлімге бас тігумен бірдей.
Жәнібектің жаттығуы ұзаққа созылмады. Ел құлағы елу емес пе? Таудан асқан қалмақтар Жетісуға лап қойыпты, күші, саны тең еместігін байқаған Ұлы жүз жасағы Сыр бойына, Орта жүздікі Ұлытауға шегініпті деген хабарды үлкендерден естіп қалды.
Қаракерей Қабанбай батыр қалмақтарға тойтарыс беруге әр жүзден әскер жинап жатыр екен.
Әдетте бір-бірінен шалғай қоныстанатын қазақ ауылдарының елдегі жаңалықтардан құлағдар болып отыратынының мәнісі былай еді.
Соғыс жағдайында әр ауылға жаушы аттанып, халықты ұрысқа көтереді. Ауыл батырлары жігіттерін жинап, қаруларын сайлап дұшпанға қарсы тұрар негізгі қолға кеп қосылады. Бұл әдет әбден қалыптасқан бола- тын. Қалмақ пен қазақ арасындағы жаугершілікте осы топқа Жәнібек те өз еркімен барып, күш-қайратын танытпаққа ниет етті.
Күндердің күнінде Қабанбайдың жасағы жоңғар қолымен ұрыс даласында кездесті. Екі жақ бір-біріне қарсы сапқа тұрды. Қандай да бір ұрыстың алдында екі жақтан батырлар жекпе-жекке шығатыны белгілі.
Өкінішке орай, ақ азу тұлпар мінген қалмақ батыры жекпе-жекке шыққан қазақтың үш батырын да шақ кел- тірмей, о дүниеге аттандырды. Осыдан кейін әлгі дөкейге ешкім жүрегі батып қарсы беттемей қойды. Жеңімпаз қалмақ онан әрмен екілене айқайлап, маңайындағы- ларға мақтанып, қазақтарды әжуалап күле бастады.
Қазақ жағы ішін тартып, үнсіз қалды. Осы бір сәт- те Күреңқасқа ат мінген бозбала қаруын асынып ор- таға шыға келді. Дулығасы жарқылдап, сауытының салпыншақтары күнге шағылысып, қолына қыл ша- шақты ұзын найза ұстаған жас жігіт қаһарлы жауына қарсы қатты желіспен беттеп барады.
- Құрыды-ау мына бала...
- Ажалына асыққан бейшара-ай...
- Алда, құдай-ай...
Сапта тұрған сарбаздардың есі шықты. Жәнібек қабағын түйген күйі сыр білдірмеді. Әбден бекініп алып- ты. Алғашқы шайқас... Оның үстіне қалмақ батыры жолындағысын жайпап, қазақ батырларын қойдай жуа- сытып, рухтанып алған.
Жалпы, соғыстағы әрбір жігіттің ақылы мен күшін, қару ұстау өнері мен айла-тәсілін сынайтын ең маңызды сәт – жекпе-жек. Ол «алғадай» деп аталған. Алғадайдан өтпеген адам батыр саналмаған.
Бұл – қарсылас екі батырдың бір-біріне өліспей беріс- пейтін, жанкешті айқасы. Олар жекпе-жекке не өлім, не өмір деп шығады. Мұндай шайқастан тек ілуде біреу ғана аман қалған.
Жекпе-жектің бұрыннан қалған өз дәстүрі бар. Жеңген батыр әрқашан кезек алып, бірінші шабуыл- дайды. Қарсыласыңның алғашқы екпінінен аман қалсаң, үміт шырағы жанады, кезек тиеді. Сол себепті жаның үшін жаудың әр қимылын қалт жібермейсің. Қарсыласың да сенің осал жеріңді аңдиды.
Күні бойы жауының әдісін әбден барлаған Жәнібек тап қазіргі жағдайда салма ілуді таңдады. Сөйткенше болмай, қалмақ батыры найзасын кезеп Жәнібекке тұра ұмтылды.
«Сасқалақтауға болмайды» деді ол ішінен өзіне- өзі дем беріп. Найза сұғар жерге ат бойы қалғанда, да- йындап алып шыққан тақымының астындағы тұзақ жіпті жауына көздей лақтырып, дәл ілді. Сөйтті де шалт қимылмен Күреңқасқаны кілт бұрып, алға тартты. Одан кейінгі сарбаздардың көргені – қалмақ батырының ат үстінен ұшып түскені.
- Мынау Жәнібек қой, – деген әлдекімнің қуанышты дауысы елдің назарын аударды. – Жарадың!
- Қай Жәнібек?
- Шақшақтың шөбересі ше?
- Атасына тартуын... Қан бар ғой...
- Әй, кім болса да, жігіт екен. Есеміз кетіп, жігері- міз құм болып тұр еді, кеудеміз көтеріліп қалды ғой.
- Жаса, жігіт!
Жәнібек аттан түсіп, кектене дауыстап жерде сүйретілген шала-жансар дұшпанының сауыты мен дулығасын киіп алды. Соғыста бұл тірлік дөрекілік емес, ерлікке саналатынын Жәнібек талай көрген. Құдды үлкен сарбаздардай-ақ сабырлы. Кенет әлгін- дегі «жаугердің» «Шақшақ!», «Шақшақ!» деп ұран- даған зор дауысы естілді. Артынша майдан даласы күңіреніп кетті:
- Ақжол!
- Қаптағай!
- Алатау!
Жоңғарлар қазақ қолы мұндай батыл қадам жасай- ды деп ойламаған еді.