Жылымық
Күн дегенің күн де емес, жылтыраған бір шырақ,
Бауырымен жорғалап, әрең жетті күншуақ.
Тасасында таулардың созылып бір жатты да,
Көлеңкелер етегі жиылмады бір шұбап.
Аспан жақтан ашылды түпсіз терең түндік те,
Тал төсінен бүршіктер көзін ашты тірлікке.
Әрбір бүршік талдағы шабытпенен жазылған
Көктем жайлы өлеңге қойылатын бір нүкте.
Күн астында дел-сал боп мамыражай ерініп,
Маужыраған кең дала жатыр маңғаз керіліп.
Дүбірлетіп қыр төсін, оятайын алқапты,
Жібек жіптен есілген тізгініңді бер, үміт.
Асыл мұңның өркені,
Армандардың көркемі,
Жылымық күн әдемі бір жып жылы ертегі.
Әуенімен әуезді тал бойыңды еріткен,
Аралап жүр ертегі біздің сұлу өлкені.
Жанарымда жанады жұлдыз болып мың үміт,
Жанардағы жұлдыздар, кете көрме жұмылып.
Тұла бойы мың құрсау өңі салқын өмірдің
Жылы демі біртіндеп келе жатыр білініп.
Жалғыз қалдым тағы да, жалғыздығым ұлы мұң,
Жабығудың өремін тал-тал қылып бұрымын.
Жер бетінде жабырқап, жылымықты кешемін,
Ту сыртымда бір ызғар, бауырымда жылы күн.
* * *
Сыр айтумен сарсылды сырлы күнім,
Гүлге оранған қаланың тұрғынымын.
Бүлдіршіндей талпынған өтіп жатыр,
Көз алдымда бір сәтім, бір қылығым.
Ұқсамайтын қалаға ауылданмын.
Аман шықтым ақ түтек дауылдан мың.
Жүрегімнің дірілі сан оянды
Жарқыраумен шыққанда жауыннан күн.
* * *
Жер де алтын, аспан да алтын, алтын да алтын,
Күз тұрды өзгертпестен салқын қалпын.
Қаймағы сағыныштың кілкілдеді,
Сары күн, қайда кетті жарқын қалпың?
Жер беті сары түктен жәнатталып,
Жапырақ құс боп ұшты қанат тағып.
Теңселген теңіз болып қалсаң нетті,
Тербелген тебіренісім, тағатты алып.
Сары үйлер сарғаяды сары әйнекті,
Таралып терезеден арай кетті.
Ап-айқын дүниеге дым бүркем деп,
Көк тұман көк шылымын орайды епті.
Ап-айқын дүниені дымдап алып,
Тұрады күлкі қанық, мұң да қанық.
Алтын зер өңіріне тағып жатыр,
Кең дала саусақтарын сырға малып.
Күн батты алтын жалау жалқын алып,
Төгілді сары бояу шалқып ағып.
Күндерге сәлем жолдап ұшып өтті
Қарлығаш қанатымен қалқыма бұлт.
* * *
Ұйқыдағы ғаламның сандырағы,
Бірте-бірте ап-анық ән құрады.
От өрілген, біртіндеп көтерілген
Сол әуеннің дауысы жаңғырады.
Тынып тұрған дүние дыбыс күтті,
Елеңдеді сәмбі тал күміс түкті.
Манаураған дүние шырт оянып,
Жақсы көрмей қалыпты тыныштықты.
Манаураған дүние шырт оянып,
Тіршіліктің тірегін тұр таянып.
Кенет келген бір дыбыс әнге айналып,
Кеңістікте барады шырқай ағып.