Мылқау қыздың монологы
Қақ айырып шығатын қара мұзға,
Қызғалдақтай гүл жарған дара құзда,
Мықтылықпен ұштасқан нәзіктігі
Болды біздің махаббат арамызда.
Мұндай күйді бұрын еш құшпағандай,
Тоқтатарлық өзімді күш таба алмай,
Бір көруге өзіңді асықтым мен,
Асықтым мен ғұмыры қысқа жандай.
Бей-жай жүрген жүрек те шұғыл ысып,
Айтыла алмай жатты ойлар тығылысып.
Сыр айтып ақтарылу артық та еді,
Үн қатпастан тұрғанда ұғынысып.
Қуандым кештеу келген көктеміме,
Өзіңе таза күйде жеткеніме.
Керек десең, алғашқы махаббаттың
Сәтсіздеу боп басымнан өткеніне.
Шаттығынан мендегі тыншып бір мұң,
Кеудемізде көктеген бүршік сырдың.
Сосын маған арнаған сезіміңді
Ұсындың да өзгеге, тұншықтырдың.
Тұрдым сезіп дұшпанның күңкілін де,
Аңғартпасқа болды ма мұң түрімнен?..
Жыласам деп тілегем, жалғыз тамшы
Тұрып қалды аса алмай кірпігімнен.
Сен сезбедің кеудеме, шат күнгі әнім,
Тамбаған тамшылардан қақ тұнғанын.
Ес-түсімді білместен құлап түсіп,
Мен, әйтеуір, тістеніп бақтым, жаным.
Білем, құлап жатсаң тек ез күледі,
Сорлылығын солай-ақ сездіреді.
Менің асқақ кеудемді топас біткен
Табанымен аяусыз езгіледі.
Мен шың едім, оңдырмай тастады үгіп,
Күл-талқан боп қираған асқақ үміт.
Мына соққы бір басқа аз болғандай,
Тұрды сосын сөз айтып басқа жігіт,
Әдетіммен өзімнің үйреніскен,
Бұл ойымды, әрине, түйгем іштен.
Көзіме ілмей кетер ем, күш қалмаған,
Тек қана үнсіз қарадым жиренішпен.
Жақтырмай жанарыммен жасқап өттім,
Ұсынған ықыласын басқа тептім.
Түсінбейтін жандардың ортасына
Сен мені жапа-жалғыз тастап кеттің.
Мейлі, қанша қол созып қияласын,
Аласа кеуделерге сия ма шың?!
Маған лайық биіктеу сезімменен
Мына мені сен ғана сүйе аласың.
Менің үшін қайға не білсең деп ем,
Білсең деп ем жырақтау жүрсең менен.
Сен бар кезде бақыт жоқ мына әлемде
Дегендерді табалап күлсем дегем.
Тұрса да асып кеудеңде бұлақ тасқын,
Тағдырдан қорқасоқтап жырақ қаштың.
Бақытыңды жыл бойы іздеп келген
Аңдаусызда аяққа бір-ақ бастың.
Кеудемнен буырқанған шашып селді,
Мен сенен кеттім ұзап асып белді.
Тықпалаған сезімің өзге қызға
Маған қарай қайтадан қашып келді.
Жолын таппай қиналдым басқа амалдың,
Әдетімен мен сосын асқақ ардың,
Сен деп соққан жүректі жасырдым да,
Тарс бекіттім есігін тас қамалдың.
Қабыршақ мұз көңілден сәт еріп бір,
Тұрса ақталып алдыңда, әкеліп гүл,
Кешіре сал десе кім, ая сенде,
Бір ғұмырға жететін қателік бұл.
Сөзіңді ұқпан санама құйса да нық,
Қимылмен-ақ айтатын ишара қып.
Жат біреумен өбіскен ерініңнен
Сүю енді мен үшін бейшаралық.
Тағдыр бізге таусылмас ертелі күн
Ән силаған, алмадың шерте бірін.
Бір кез мені жылытқан достығыңның
Шапанының етегі келте бүгін.
Өмір солай,
Кейде бақыт силаса жай тұрмайды,
Тұрсаң ұстап босаңдау, қайта ұрлайды.
Сүйемін деп сен маған айтқан жоқсың,
Шын сезімдер ешқашан айтылмайды!