08.02.2022
  156


Автор: Шәмшия Жұбатова

Ренжіме

Бибісараға
Бір түп ағаш артық ектің, ренжіме,
Жалғасысың жарты беттің, ренжіме.
Зорлықшылдар зорлықтарын жасаса,
Жалын болып шарпып өттің, ренжіме.
Алтын сатып ала алмайсың арзанға,
Бірдей талап қоя алмайсың бар жанға.
Тобарсыған топыраққа құласа,
Жылтыраумен жатар, бірақ, маржан да.
Бұл өмірді сүйіп тұрдың, ренжіме,
Көп адамнан биік тұрдың, ренжіме.
Күншілдіктің керуені тізіліп
Өткен кезде күйіп тұрдың, ренжіме.
Топастау ел түсінбесе, ренжіме,
Ақшада ғой күшім десе, ренжіме.
Тағдыр саған бір сынағын жіберіп,
Ұша аласың, құсым десе, ренжіме.
Жоғалтқаның жоғалмайды, ренжіме,
Ренжіткендер оңа алмайды, ренжіме.
Бәйтеректің терең кетсе тамыры,
Жапырағы тоналмайды, ренжіме.
Ренжіме, дос, тәубаға кел, тәубаға,
Алқызыл гүл өсіп тұрсын аулада.
Тұқшиғандар тұқыртам деп жүргенде,
Сау басыңды сала көрме саудаға.
Азап көрме адам құрған айладан,
Көлеңке көп күннің бетін жайлаған.
Ақиқаттың жету үшін шыңына,
Алла саған ақ орамал байлаған.
 
Дүрмекпенен жүрген кезде дүрмекте,
Ақ орамал – жүрегіңді кірлетпе.
Түнерумен түн қалады бір жақта,
Жадыраған күн тұрады бір бетте.
Гүлдер керек көктем келген бөктерге,
Қанат керек ұшатұғын кептерге.
Реніш деген ысырылу керек қой
Шаттық жыры жүгіргенде шектерге.
Таңның күліп атқандығы реніш пе,
Жүрдек жолдың жатқандығы реніш пе?
Шынайы ыстық ықыласың, пейілің
Жылқы болып шұрқырайды өрісте.
Көкке өрлесін көңіл деген керемет,
Көкіректің тазалығын керек ет!
Жан жүрегін мұң шалмаған адамды
Айналасы пір тұтады төре деп.
Санасыздар санын соғып қалғанда,
Жарқырасын мұңсыз жүрек жалғанда.
Бақытыңды құшқаныңа ренжіме,
Нәзік қолың көтеруден талғанда.
Түн келгенде қаралығын жасырып,
Шырағың жақ одан айла асырып.
Сен ақиқат мінбесінен таймасаң,
Ренжіткендер келеді өзі бас ұрып.
Сен ақиқат мінбесінен таймасаң,
Патша көңіл барып қайтар айға сан.
Көктем келіп жаныңда ұзақ тұрады
Қызғалдақтай қауыз ашып жайнасаң.
Мұң таңбасы қалып қоймай көзіңде,
Жігеріңді сілку күші өзіңде.
Жамылғысын жаман күннің жамылма,
Жарқыраған, арқыраған кезіңде.
 
Булығып кеп, кенет қайда гүлдесең,
Ұмытасың мұң барлығын мүлде сен.
Тіршіліктің жақсы екенін мойында,
Кетіп қалмай жаңа келген күнге есең.





Пікір жазу