08.02.2022
  119


Автор: Шәмшия Жұбатова

Құдайым, талап берген, бақ бермеген

Құдайым, талап берген, бақ бермеген,
Арғымақ ырғып тұрды ақ кермеден.
Маралтай тірісінде жүрді есікте,
Топастар уәж жолдаса қақ төрменен.
Құбылып қырық өлең қырық күнде,
Тотықұс түрленгендей тұрып мүлде.
Жаудырап жаухар тасқа айналады ол,
Қанатын қырықпадың не, қырықтың не?
Сұм заман ақымақтың асы болған,
Домалап түу-у төбеге тасы барған.
Керек деп алтын қайық арбасуға,
Бұл өмір долы өзен боп тасып алған.
Шиырып шарға салған тас болатты,
Жасындар жалт етті де, жас боп ақты.
Құрбақа арумын деп көз арбайды,
Күймеге айналдырып асқабақты.
Қалбаңдап қара бауыр қасқалдағым,
Қарлықты шындық іздеп машқардағы үн.
Серіліктің қайда қалды сеңсең тоны,
Ей, менің қара бешпент, ақ шалбарым?!





Пікір жазу