08.02.2022
  128


Автор: Шәмшия Жұбатова

Аршылу

Көп нәрсенің жүресің құрап басын,
Жауаптасым, ойласым, сұрақтасым.
Сағынышымды айтар ем, жанымдасың,
Жан сырымды айтар ем, жырақтасың.
От ғұмырым кетті өтіп шырғалаңда,
Керек екен бір бақыт бір ғаламда.
Ақ жалау мен қолыма шырақ ұстап
Шыққым келіп жүр қазір нұрлы алаңға.
Самал желпіп тербейді қияқ басын,
Күн сүйеді даламның мият тасын.
Мен сені іздеп келемін қиналғанда,
Үзеңгілес үздігім, тұяқтасым.
Мен сені іздеп келемін қиналғанда,
Сапарыма сәт тіле жиналғанда.
Иіліп кеп қолтаңба сұрайды ылғи
Қилы адамдар жолығып қилы алаңда.
Гитар үні өксиді шалқып келіп,
Дауа іздейді әуенін қалқып төгіп.
Отырамын маңдайдың терін басып,
Ыстық қанын жүректің сарқып беріп.
Қара суда қалқиды жарты балық,
Енді неге соғады арты барып?...
Талықсыған ерінге тамызайын,
Қара судың қаймағын қалқып алып.
 
Мамық болып, келеді бұрқырағым,
Ұмытқанбыз неге біз күлкі барын?
Бозторғайдың тұрқындай жүрегім бар,
Жүрегімнің іші мұз, сырты жалын.
Бұлбұлдарым, бауларда шырқа барып,
Баурайыңда масаты қырқа қалып.
Жаза алмаған бауырын бұрқақ болып,
Бұлаң күндер барады бұрқап ағып.
Тебіреніп тұрамын түнгі арнадан,
Қуаныштан құшағым гүл қармаған.
Гүлдестесін лақтырып көкжиектен,
Қолын бұлғап барады жылдар маған.
Бозторғайым ұшады бозамық боп,
Сайратады құстарын жаз алып кеп.
Көкшіл түсті жанарын жаңбыр жуып,
Жарқырайды шарадай тазарып көк.
Көктемді ұзақ күтіп ем, тоқтамады,
Жаз іздейтін жанымның жоқ па халі?
Тұйғын құсқа ұқсаған тұрқым менің
Әлденені айтуға оқталады.
Шарықтайды, шалқиды қилы алаптар,
Күн нұрымен қалқиды ғимараттар.
Тамшы биін билейді тырсылдатып,
Күміс таға тұяққа құйған аттар.
Тамшы биін билейді күміс таға,
Тамшы әуенін тыңдаймыз жұмыста да.
Ұйықтай алмай жатады тебіреніп,
Тамшы дауысын тыңдаған тыныш қала.
Қара түннің қойнауын от қуалап,
Шалқып ұшып, сусылдап өтті қанат.
 
Қара жұлдыз дірілдеп түніменен,
Қара түннің тұғырын кетті қалап.
Өртенумен шоқ болып өтті айларым,
Жұлдыз болып жанасың, отты ойларым.
Көк бөрі боп ұлимын көкке барып,
Сен желбіреп қаласың, көк байрағым!
Домбыраның дірілдеп бір сағасы,
Шыр айналып, үйіріліп шырша басы.
Жан сарайды жаңғыртып салқын самал,
Күмп-күмп етіп көңілдің тұр сабасы.
Басқыштарым барғанда биіктерге,
Сәлем жолдап тұрамын сүйікті елге.
Ұлытауда ұлыған ұларларға,
Маңқыстауда маңыған киіктерге.
Асқақ ойлар келеді басқа түрлі,
Мен үйлерді сүйемін ақ шатырлы.
Қобыз сарнап естіліп дала жақтан,
Тарихтарым жазылып тасқа түрлі.
Бір қуат бар құйғытқан тарландарда,
Бір шуақ бар арайлы армандарда.
Дәнге айналып жатамын көктеу күтіп,
Топыраққа көмілген қарлы аңғарда.
Наурыз айы келді деп сауын айтып,
Жарапазан айтамын жалғандарға.
Дәнге айналам көмілген топырақта,
Қалтырайды көлеңкем жапырақта.
Сабылумен сағынып жаңбыр иісін,
Аптап төніп келеді атырапқа.





Пікір жазу