08.02.2022
  96


Автор: Ыбырай Алтынсарин

Бесінші, харам, макруһ турасында

Жоғарыда ағмал заһир дегеннің мағынасын түсіндірген орында (?) айтып едік, «Құдай- Тағала пенделерге екі жол көрсетті, бірі — бұйырған ол, бірі — тыйған жол» деп. Парыз, уажиб, сүннет, мұстахабтар — Құдай-Тағаланың бұйырған һәм сүйетін істері. Енді Құдай- Тағаланың істері турасында, яғни, харам, макруһ дегендер турасында айталық.


Харам, макруһ нәрселер адамның пиғылында да, көрсетіп денемен істейтін істерінде де, жейтін, ішетін тамақтарында да көп. Бәрін бұл кішкене кітапта баян етуге орын жоқ. Ішетін, жейтін, тұтынатын нәрселер ішінде әуелі адамды мас ететін хамр, яғни арақ, көкнәр, апиындай нәрселер харам. Хатта жеуге халал тамақты да мас болғанша немесе қалпынан артық, құсқанша жесе, бұл да харам. Ләкин әлгі көкнәрдай нәрселер болса да, ауруларға дәрі сипатында зәруліктен берілсе, харам болмас. Әрбір нәжіс нәрселер, яғни, адамның, хайуанның бойынан шыққан кіші жарақтағы һәм ұлы жарақтағы қою-сұйық нәжістер һәм бауыздаудан шыққан қан реуіштілер — харам. Бауыздалмай өлген малдың еті һәм әрбір өлексе — харам. Бауыздаудың шарты — өтетін малдың пышақпен (бисмиллаһи, аллаһу акбар) деп, жұтқыншақтың арт жағынан орып жіберіп бауыздамақ. (Бисмиллаһи аллаһу акбар) айтылмай бауыздалса да халал болмайды. Мұнан соң малды бауыздап, қашан жаны шыққанша бөтен сөз сөйлеу макруһ десіпті. Кітабы кәфірлердің де бауыздауы халал, егер (бисмиллаһи аллаһу акбар) деп қай тілмен де болса айта салар(?). Үйде еркек кісі болмай, мал союға мұқтаж болса, қатын да һәм балиғлыққа жетпеген бала да бауыздауға болады. (Бисмиллаһи, аллаһу акбарды) айтып зауда зарур болса, пышақ табылмаған орында қамыс я тастың өткір қырымен бауыздау да дұрыс. Бауыздаған малдың жаны шықпай тұрып басын кесіп алу макруһ һәм олардың ішінен шыққан баласы біздің имамымыз имам ағзам қасында халал емес. Екінші, бауыздалса да халал болмайтын хайуандар сол, егер ол хайуандар ұлығатын һәм жыртқыштардан болса. Мәселен, ит, түлкі, қарсақ, тышқан тұқымдары, мысық, қасқыр, жолбарыс, арыстан, пілдей жануарлар және хайуан болсын, құс болсын өлексе, шірік нәрселер жесе, мәселен, шошқа, ит, қара құс, өгіз, шағаладайлар. Құстың айыр тұмсықты жыртқышы, тырнақты һәм қанатымен соғып аң жейтіндері (бүркіт, қаршыға, жағалтай, ителгі, үкідейлері) харам. Хашараттың, яғни жылан, құрт, құмырсқа, бүрге, биттейлердің бәрі де, жалғыз шегірткеден басқасы, харам. Шегіртке — халал. Осындайлардан басқа қолдағы төрт түлік мал, қырда киік, құлан, қоян, бұғыдай аңдар халал. Құста залалсыз — үйрек, қаз, аққу, жылқышыдайлар. Суда күллі балық—бәрі де халал. Балық пен шегіртке бауыздамай да жеуге дұрыс. Адам қолына үйренген хайуандардан қашыр мен есек харам һәм жылқы еті турасында да қайсыбір имамдар макруһ деседі. Хайбар деген шаһарды алған күні пайғамбарымыз алайһис-салам жылқы етін жеуге рұқсат етіпті. Соған қарағанда жылқы етін де халал дейміз. Үшінші, аң мен құс бауыздамай да халал болатын орындары осы: ит жүгіріп, не құс алып, не мылтық, оқ атып, аң аулап жүрген адамдар, мәселен, итті қосарда


«бисмиллаһи аллаһу акбар» деп жіберсе, иесі барғанша ол ит киікті, қоянды, не құсты өлтіріп, бірақ жемей тұрса. Осылайша алдырған қоян, киік халал һәм жеуге дұрыс. Мұндай иесі барғанша алған аңның етін жемей тұруға үйренген итті му аллам дейді. Аң аулауға үйреткен құс, мәселен, бүркіт, қаршығалар жібергенде ұшып, шақырғанда қолға келсе, мұны да му аллам дейді. Осындай құсты да аңға жібергенде «бисмиллаһи аллаһу акбар» деп жіберсе, адам жеткенше алған аңы өліп қалса да, жеуге халал. Бірақ ол


 


алдырған аң кісі барғанша тірі тұрса, бауыздамай халал болмайды. Оқпен һәм мылтықпен атып, барғанша өлген аң яки құс ол мылтықпен оқ «бисмиллаһи аллаһу акбар» айтылып атылған болса — жеуге халал. Бірақ оқтан жараланбай өлген құс немесе аң халал болмайды. Әрбір шикі тері, мәселен, заты харам түлкі, қасқыр болса да бауыздаумен терісі тұтынуға халал. Мұнан басқа өлексе һәм болса да барша тері илеумен адал болады. Жалғыз илеу һәм бауыздаумен адал болмайтын мақұлықтар — шошқа мен адам терісі. Адам терісі қасиеті артықшылықтан, шошқа терісі затының таза еместігінен тұтынуға адал емес. Төртінші, жоғарыда айттық, ішу-жеуден басқа да адамның пиғылымен істейтін істерінде де харам нәрселер көп деп. Мәселен, кісі өлтірмек, кісі хақын, әсіресе жетімдердің хақын жеу, ұрлық, зорлық, пара, есім сипатында болсын зин ету, яки таза адамды зинақор деп сөгу, ғалымдарды, жақсы адамдарды, әсіресе әйелдерді соғу, соғыс уақытында қорқып, қатардан қашу, біреуді сырттан не беттен ғайбаттау, ата-анадан қарғыс алу — осындай пиғыл мен істің бәрі де зор харамдар һәм күнә кабира, яғни, зор күнәлар деп аталады. Кәлем шарифте сурат нисада ғейри неше сүрелерде де, ғакаидта, ғылым каламда уа ғейри кітаптарда айтылған-дүр. Мұндай жауыз істерді істегендер ахиретте отпен қатты азапта қалар. Харамдығына нанбағандар кафир болар һәм дүниеде де патшалар хүкімімен, шариғатпен жаза берілу уажиб. Еркек адам ылғи жібек кимек якириуасыз алтын күміспен ас жемек, намаздан бөтен уақыттарда да дүниені, киімді нас тұтыну — бұлар макруһ тахрими тіпті харам да десіпті. Бірақ жібек киім кию һәм алтын - күміс нәрселерден әдемі нәрселер істетіп тағыну әйелдерге дұрыс. Құдай-Тағаланың бұл тыйған істерінен көрінеді: бірінші, көңілі жамандық, бұзық, қиянат пиғылдардан сақтамақ; екінші, денені де бұзықтықтан һәм настықтан сақтамақ; үшінші, Құдай берген дәулетті тиіссіз нәрселерге, яки харам нәрселерге жұмсамай, жақсылық орындарға, зекет, қайырға жұмсамақ міндет һәм қайырлы екендігі.





Пікір жазу