08.02.2022
  169


Автор: Светқали Нұржан

Жайлауда – жазғы құтпанда

Жайлауда –
Жазғы құтпанда
Уызын ішем іңірдің.
Көкжиек толғап жұтқанда
Өткен-ді зорға сіңір - күн...
Уыздай іңір тұр кілкіп,
Меймілдеп астау ойларға.
Ашқарақ көңіл түнге ынтық –
Жұтудан, сірә, тойған ба?!
Көзімнен жұлдыз шұбырып,
Жайлайды бойды құмар — у.
Тылсымнан — Шашқа тығылып
Тұрғандай қарап бір ару.
Жібек құм қолдан сусыды,
Құс жолы — ізі қара аттың...
Жеткендей талып сусылы
Аққулар қаққан қанаттың.
Көк пенен Жерге тең сеуіп
Ай — нұрдан перде құруда.
Таразы қалған теңселіп,
Сүқтанып Сүмбіл сұлуға.
Жетпекке батыс — тұраққа,
Шыққаны шығыс — жер түбі
Естілетіндей құлаққа
Есекқырғанның ентігі...
Өмір заядан айрылып
Тартқандай Түннің түрі өзге —
Көкжиек Айды май қылып
Жіберді жұтып лезде.
Үмітін Үркер талмайды,
Ұмтылып көкке біртіндеп —
"Қарақшылардан" қалмайды
Алайда қызы — Үлпілдек...
Бағалап бақты қолдағы,
Тыншығар сәтті аңсар тән.
Ұйқыға кетем мен-дағы
Туғанда барып Таң — Шолпан.
Бақыттан бойым бусанды,
Жалғанда жанмын — өзі бай!
Жастанып бір түп жусанды
Жатамын тойған қозыдай...
Түсіме кіріп үр қыздар,
Тоямын уыз — нұр сүтке.
Түнімен аққан жұлдыздар
Қалады тұнып кірпікке...





Пікір жазу