Қызды ауылдағы түн
Ұйқыға бас қойды жұрт бірі қалмай...
Жатырмын тынши алмай, шырым алмай.
Бозбала — өзі ғашық, өзі жасық,
Ал сонда қызды ауылдың түні қандай!..
Кенеттен сықыр етті сықырлауық,
Жанарды бұрды жүрек лүпіл қағып —
Мен жатқан ақбоз үйге алты қанат
Сен кіріп келетіндей құтымды алып...
Білгенмін кетеріңді сенің кірмей,
Жайымды өтеріңді менің білмей...
Дариға - ай, жаттың ба екен, ақтың ба екен,
Ақ төсек — айдыныңда көгілдірдей?!
Білсем де келмесіңді — қатты күттім,
Түтеді төзімімді ақ түбіт түн.
Жабықтан бұлт бүркенген ай көрінді,
Сөнбеген шоғы сынды тәтті үміттің.
"Япырмай, суықтау ед жеңгелері", —
Деген ой санамды сан бөлген еді.
Сия алмай сегіз қанат салқар үйге,
Күтумен жаттың ба екен — сен де мені?..
... Жастық шақ, қалдырмаған кімді арманда?!
Еске алам сол түнді — қыр бүр жарғанда.
Өзіңнен көз жазғанмен кетпейді естен,
Тәтті түс өңде көрген — бұл жалғанда.
Өкпелеп кім жастыққа кінә артады!..
Есіліп кетті қанша жыл арқаны...
Көңілімнің жайлауына көшіп алған
Боз ауыл сол күйде әлі... мұнартады...
* * *
"Теңізге түскен ақ жұлдыз,
Кигені — тұман шілтері;
Судағы мынау жалғыз қыз:
Қыз емес — көктің Үркері! —
"Үркердің Сұлусарысын"
"Жетіқарақшыға" бермеймін.
Мәңгілік жастық әнісің,
Әнімді жырмен зерлеймін..." —
Деп едім толқып сонда мен, —
"Сен, - дегем, - көктің жұлдызы'
Осылай өлең арнап ем,
Жарқ ете түсіп үр жүзі;
Тұманның селдір көйлегін
Сыпырып тастап етінен —
Ақ жұлдыз меңзес бейнелім
Жөнелді теңіз бетімен.
Жаралған ару әуре үшін,
Серпіліп құстай қанатты —
Жол қылып айдың сәулесін
Биікке шығып баратты.
Дәметкем қайта қонар деп,
Болмады бірақ ол тыңдар.
Жете алмай қалдым оған мен
Кеудемнен тіреп толқындар ...
Көрем мен оның тұлғасын
Жалғыз тұр аспан шетінде.
... Әйелді жұлдыз қылғасын
Қала ма жердің бетінде?!..
1988 ж.
* * *
Махаббатқа арнап едім бір жырды,
Ай сырғасын мылқау бұлт та шыңға ілді ...
Домбырамның қытықтап ем бауырын,
Сылқым қызды әрең ғана күлдірді.
Бәз даладан қаңғып келген қалпыммен,
Сырымды айттым сол сылқымға салқын дем.
Керең бикеш естімеді мұңымды,
Құлақтарын құлыптап ап алтынмен.
Естімеді ... Жастан да ауыр мұңымды,
"Ертегі айтпа" деп тоқтатты жырымды ...
Керең қыздың құлыпталған құлағын
"Металл — кілтпен" ашып жатты жырынды.
Көрдім мен де ашылғанын құлпының,
Танып қойып құпиясын — құлқынын
Жанып кеттім! — Ар жағында түк те жоқ! —
Отқа оранып шыға келді кірпігім.
Менің отым сол жанғаннан мол жанды,
Жабылғандай махаббатқа жол мәңгі.
Есіл өлең — есі жоққа арналған,
Жапырағын күйік шалып ол қалды.
Тек сыр бермей Баба таудың боз басы,
Домбыра - орман — ол да өртеніп боздасын!..
Сөндірді әрең лапылдаған өртімді,
Ай - сырғалы мылқау бұлттың көз жасы ...
1988 ж.
* * *
Сен сұлусың — теппе төс, құмыра бел,
Саған аузы сілекей шұбырады ел...
Қаншық құсап аспанға ұлыр жерде,
Неңе мәз боп күлесің?!
Күмірә бол!
Көзіңнен — жас, көңілден шер кепкесін,
Жатпай ма ертең болашақ тергеп сосын. —
Уақыт желі етегін түріп кеткен
Мыж-мыж қырдың теңкиген көр бөксесін ...
Құм жиылып тас болған — тауға қара,
Жармасады желге еріп жау жағаңа.
Дауыл соқса үй кетер —
Түндігің жап —
Етегіңді құйынға саудалама ...
Ойсыздықтан тауып ед қай қазақ — бақ?!
Бос күлкіден гөрі сен ойлы азап тап. ...
Мыж-мыж болып теңкиіп жатсаң ертең,
Күн кекетіп тұрмай ма,
Ай мазақтап?!..
... Мұндас аға бар ма екен, сырлас іні? —
Дін — қарындас! —
Дәуірдің бұл да сыны.
Аруларды — Арым деп ұққан халық,
Кеше алмайды желетек ұрғашыны.
Күзетем деп Арымды серт еткенмін. —
Қылығыңды, Замандас, әнтек көрдім ...
Жарасады қазақтың қыздарына:
Сыңқ еткен үн, содан соң ... мөлт еткен мұң ...
1988 ж.
* * *
Біз екеуміз жандармыз мәңгі бөлек,
Аңыз қылып қайтеміз, әңгімелеп.
Мәңгіліктің бұлқынған құрсауында
Жалғыз сәттен іздейміз жанды дерек.
Ол жалғыз сәт — екеуміз қауышқан сәт,
Шөл шілденің ақырап, қауысты аңсап.
Жалғыз сәттен шарана тірлік іздеп,
Шырыныңды, сөлімді тауысқан шақ.
Ол жалғыз сәт ...
Ұрынған шақ сезімнің сойылына,
Жығылған шақ қол асып мойыныма.
Ай - азуы ақсиған тажал - түннен
Тығылған шақ қашып кеп қойыныма.
Сол бір сәтте дүние өзге реңге енбек,
Ғұмыр сыйы өн бойға кірер меңдеп. ...
Шөл шілде мен ақырап қауышқанда
Ақ қайыңның көк беті күреңденбек.
...Өткізсек те әр бөлек күн мен айды,
Құзыры биік құштарлық тыңдамайды.
Мәңгі бөлек тірлікті тәрк қылып,
Жалғыз сәттің Жаршысы іңгәлайды...