07.02.2022
  288


Автор: Шәкен Күмісбайұлы

ЫЗҒЫРЫҚ СОҚҚАН ЖЫЛ

Алақандай ауылдың арасында сөз жатпайды. Кешелі бері еңкейген кәрі, еңбектеген сәбидің көңілі Қарауыл жаққа ауған. Қолды аяққа тұрмай, ары-бері шапқылап Бектұрдың есі шықты. Қолында түкіріктеп жазатын көк сиялы қарыңдаш пен бір жапырақ қағаз. Бір сөзін жүз қайталайды.



  • Сыдықтың қоржын үйіне бір семья, Кенжеғара- нікіне бір семья, Текебас апанікіне...


Отыз үйдің бар жұрты тегіс далаға шығып алған. Бүгін азанда ауылдағы он бір өгіз, төрт атты жегіп "Қызыларыққа" аттанған он арбаның қайтып оралуын күтіп естері шығып жүр.



  • Өздерін грек дейді екен, – деді басқарманың ұлы Биқош.

  • Грегі несі тағы? – деді Құдаш ақсақал күңк етіп.

  • Кәдімгі екі қол, екі көз, екі аяғы бар, олар да өзіміз сияқты адам дейді. Жер аударылып келе жатқан көрінеді... Үкіметке қарсы бопты дейді.

  • Астафыралла, – деді Құдаш қарт қолын кеудесіне апарып, – үкіметке қарсы боп өле алмай жүрген не қылған есуас.

  • Әй, кәпір ме екен, өздері?


Жауап орнына Биқош басын шайқап еді, Құдаш қарт шала бүлінді:



  • Күнімізді көре алмай жүргенде, жат елдің жұрты тасыраңдап төбеңде ойнайды десеңші.


Жауап берген де, қостаған да ешкім болмады. Қос үрей халық қабағы түйіліп, тұнжырап алған. Кеше түскен күз де елге қырын қабақ танытып тұр. Қарашаның ба- сында ызғырық соғып, қар жауып, бір аптадай қысып алды. Бұнысы ел-жұртқа «етек-жеңіңді жина, қылышын сүйретіп қыс келеді» деген ескертпедей еді. Қарауылдың бауырындағы мектеп үйінің үлкен жағы колхоздың кеңсесі де, қалғаны мектеп. Қазіргі дүйім жұрттың ба- стары қосылып жиналып тұратыны да осы маң. Бозала таңнан Омарбек бірігәдір әр үйді аралап шығып, «қозы түсте осында жиналындар» – деп бұйрық беріп кеткен:


«Жұмысты тастаңдар. Келгендерді қарсы алыңдар. Әзірге қарап қалмас. Көмек көрсетер». Бұл басқарма Бозтайдың жарлығы. Сөйткенше жапа тамның үстіне шығып отырған бір топ бала шу ете қалды:



  • Әне, әне келе жатыр. Ақшиге ілінді.


Сөйткенше болмай, бірінің артынан бірі ілбіген керуеннің де қарасы көрінді. Жақындап келеді. Сырт- та күтіп түрған ауыл адамдары даурығып дабырласып жатыр.



  • Туған жерден айырылғаннан артық қасірет бар ма, – деді Нұржамал апай.

  • Иә, қиын ғой. Бөтен ел тұрмақ, басқа үйдің табалдырығын да жүрексіне аттайсың, – деп қостады Бағила әже.


У-шу боп жатқан әйелдер кенет сап тиыла қап, бәрі ентелеп ілгері қарады, өздеріне жақындап қалған алғашқы арбада отырғандарға бәрі бірдей үрпиісе қарап қапты. Осының бәрі соғыстың қырсығы.


–Бір содыры жаман атанып, қалғаны соңынан ер- ген шығар,– деп еді, шешем, мектеп директоры мына әйелдердің сөзін жақтырмай.


 



  • Пау, әйелдер-ай. Сөздің де жөнін біліп сөйлеу керек емес пе? Бұлар бізге қарсы соғысқан Гитлердің жендеттері көрінеді. Тұра тұр, көресіні енді көресің.

  • Не дейді? Онда біздің ауылға несін әкеледі? – деді де Құдаш қарт кимелеп ортаға шықты.

  • Е, онда үйімізге неге кіргіземіз?

  • Итке ит өлімі. Өлмесе өрем қапсын.

  • Кім білсін, ер-азаматымызды өлтіріп, жетім- жесір қалған біздерді көрсін дегені шығар, – деді Биқатша.

  • Ой, қарақтарым-ай, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен заман ғой. Бишаралардың желкесіне қылыш жанып, қанын арқалап қайтесіндер – деді Бағила әже.


Ертеден бері үндемей, тырсиып, аяғының астына шырт-шырт түкіріп түрған Сыдықбек шарт ете түсті.



  • Аяғының астындаы жауды көрмейтін сорлылар.


Әлі-ақ көресіні  осылардан көрерсіңдер!


Осы екі ортада жақындап қалған керуеннің алды- нан шыққанша асығып бір топ бала шапқылап жүгіре жөнелген.



  • Әй, қайт!

  • Жеңісбек, қайт. Кейін қайт енді!

  • Жолың болғыр, бұл қай бейбастық!

  • Әкесі келе жатқаңдай, жанұшыруын көрдің бе.

  • Біреу қыз алып қашады, біреу босқа қашады деп...

  • Үй, жетпей желкең қиылғыр!


Абыр-сабыр боп жатқан жұрт сап боп тиыла қалды. Алдыңғы арбада дөңгелек тақия киген доғал


 


мұрын егде қарт отыр. Шашы дудар-дудар, жасы бес-алтылардағы кішкентай баланы алдына алып- ты. Олардан басқа тағы да екі жасөспірім, бір қыз отыр. Ертеңнен бері күтіп тұрған жұрт та, жолкешті келімсектер де бір-біріне аңтарыла қарап, мелшиіпті де қалыпты. Сөйткенше алдыңғы арбадағы қарт қолын көтеріп, сәл езу тартқан кейіппен:



  • Ясу1, – деп қалды.


Тіксініп тұрған қауым қозғалақтап қалды.



  • Сәлемдесіп жатыр, – деді білгішсінген Биқош.

  • Жасасын дей ме? – деп Бағила әже күңк етті.

  • Әй, мыналардың аяқ киімдері қайда? Жол- да шешіп алғаннан сау ма? Өздері жалаңаяқ қой.Әне біреуі ғана галош киіпті, – деді Биқош құдды ғажайып аң көргеңдей сұқ саусағын шошайтып.


Баланың аты бала. Әр тұстан топтасып арбаларға жақындап келдік. Үрпиісе қарсы алған ауыл адам- дарының түрі әсер етті ме, кім білсін, бейтаныс кісілердің жүзі күздің сұрқай бұлтындай, тұнжыраған пішіндері өзгермеді. Алпысбай айдаған соңғы арба тоқтай бергеңде, Сыдықбек өзі білетін азғантай орыс- шасымен былдырақтап:


– Жер ауып келгендер сапқа түрыңдар, – деді қатқыл үнмен. Гректер әр тұстан сүйретіле ба- сып, тізіліп тұра бастады. Көз алдыма айына бір рет қоятын мылқау кинодағы фашистердің тұтқындары елестеп кетті. Тіпті бейтаныс жұрт, осы бір тірлікке әбден үйреніп алған сияқты. Еңді байқадым. Жер аударылғаңдардьң он екісі егделер екен де, қалған жи- ырма шақтысы әйел. Он төрті кәдімгі өзіміз сияқты


Ясу' - Сәлемдескен грек сөзі


 


қара сирақ балалар. Жас балаларын көтерген екі-үш әйел жұрттың ең соңында тұр.



  • Сеңдер "Жаңатоған" колхозына келдіңдер. Қазір үй-үйге бөлеміз. Мына тізім бойынша оқшауланыңдар. Бір аптаға колхоз тамақ береді. Ар жағында жұмысты жақсы істесендер, еңбек күн тапқандарыңа қарай береміз. Тек жұмысты жақсы істеңдер. Осыны жеткізші!


Бозтай басқарма соңғы сөзін Сыдықбекке қа- рап айтты. Бұндайда біздің мүғаліміміз су жұқпас жорғадай тайпала жөнелетін-ді. Орысшасы жетпеген жерін қолымен ымдап жеткізді. Осы жолы қабағын түйіп қатуланып алды.


–Үкімет пен партиямның сендерге істеп отырғаны дұрыс. Біз оны қуаттаймыз. Қолмен істеген кінәні мой- ынмен көтеру керек!


Бейтаныс қауым үнсіз. Бәрі басын салып тұқыр- айтып алған. Тек олардың арасында егделеу, орақ тұмсық біреу Сыдықбек ағайға ала көзімен ата қарап, тісін шықырлатып, қасқайып тұрып алды. Сыдықбек әлдене деп күбірлеп Бозтай басқармаға бұрылды. Оның ниеті айтпаса да түсінікті: «Жер ауып келген мына залымның жонынан таспа тіліп, аямай, ең ауыр жұмысқа сал!»



  • Әу, халайық. Мыналарды байқаңдар. Түрлері жаман екен, – деп еді Сыдықбек, Бағила әже ара түсе кетті:

  • Ау, молда бала! Неге үндемейсің? Бұлар да адам баласы ғой.


Сыдықбек қыңырайып алған, қолын бір сілтеп кері айналды.


 



  • Әй, момақаным-ай. Бұлар сөйтеді. «Кәпірмен жолдас болсаң, балтаң жаныңда болсын» деген.

  • Көріп алдық, – деді Бағила әже де қасарысып.

  • Маған беретіндеріңді берші. Түу, өздері әбден қиналып бітіпті. Көздерін-ай жаутаңдаған.


Бұл екі ортада Бозтай басқарманың дүңк еткен да- уысы естілді.



  • Қария, елдің алдын кес-кестемей, мәселенің оң- терісін біліп алсаңызшы, – деді ол ренжіп.

  • Е, мейлің, – деді Бағила әже де ыңғайға беріл- мей.

  • ФЗУ-ға айдайтын балам жоқ. Майданда өлген. Дау ушығып кетер ме еді, иығына мылтық асынған орыс жігіт ортаға енді. Абыр-сабырмен жұрт ауылға


келген әскери адамды да байқамай қалса керек.



  • Елефтриади! – деп дауыстап қалды ол. Алғашқы арбамен келген егде адам былайғы топтан бөлініп шыға берді. Артынан белі бүкшиген кемпірі, жастау әйел, екі баласымен соңынан ерді.

  • Бөлекбаевтың үйіне барасың. Колхоздан алысқа ұзамайсың. Азығын беріңдер.


Шұбар бет қамбашы әйел Бәтима шымнан қа- ланған үйге қарай бейтаныстармен бірге кете барды.



  • Константиди...

  • Пуризиди...


Біздің үйге қос баласымен Мария деген әйел бөлінді. Ағаш сандығын көтеріп, балаларын жетектеп, апам екеумізге ілесіп, ауылдың күншығыс бетіндегі жапа үйімізге бет түзедік. Жол бойы бір-бірімізге ләм деуге шамамыз жоқ. Тіл білмегеннің осыншама қиын


 


екенін кім білген. Әншейінде асықпайтын Нұржамал апамда дегбір жоқ. Әлсін-әлсін көзіне түсіре байлаған орамалын көтере тартып, аяғын ширақ басып келеді. Баланың бірі менімен құралпас та, екіншісі ересектеу, шешесінің сандығын кезек-кезек көтерісіп келеді.



  • Ерғо, – деді шешесі, апам қоржын үйдің бір басын көрсетіп, өз бөлмемізге бұрылғанда. Жалт бұрылдым. Бейтаныс қонақтар есікті жауып та үлгеріпті. Ол кезде қайбір қарағайдай есік, жапса- ры ашылып, андыз-аңдыз саңылаудан көз сүрінеді. Адам кейде қызық. Әлдекімнің құпиясын білуге құштар. Оның үстіне бұл біздің ауылдың тарихында басынан кешірмеген оқиға. Аяғымның ұшымен басып есікке жеттім. Жүрегім дүрсілдей соғып кетті. Сабан төселген бөлменің төрінің төбесіңде саңдығының үстіне қонжиған әйел отыр. Бет орамалымен көзін басып, тұншыға жылайды. Қос баласы әлдене деп бәйек. Тіпті қарағым келмей кетті. Бөтен елдің шетін баспақ түгіл, бөгде үйдің табалдырығын аттау оңай ма? Мүмкін күйеуі майданда өлді ме екен? Сыдықбек айтпақшы, Гитлердің жендеті атанды ма? Апам айтпақшы, көздің жасы – көңілдің қайғысы. Жаным ашып кетті. Кілт бұрылып, қоржын үйдің екінші басына қарай жүгірдім. Есік көзінде жатқан теріскеннің түбіршегіне сүрініп ба- рып, қайта түзелдім. Ауыз үйдің көзі жыртық, шағын терезесінің сәулесі жоққа мәзір ғана.

  • Апа, апа! – дедім есіктен кіре.

  • О, не? Жау қуып келе ме? – деді жерошақтың отын тұтата алмай үрлеп жатқан апам. Шамасы тірлігіне риза емес.


 


–Көршідегі әйел жылап отыр, – дедім жаңа- лығымды айтып. Апам саспады. От лап етіп жанып, көңілі орнына түскеннен соң барып, маған бұрылды.



  • Е, е, – деді сонан соң күрсініп. – Шайтан шырақтай сығырайған өмір-ай! Тағдырына жылай- ды да. Жұмыртқаны жаңа жарып шыққан балапандай болған мына сені, Жаңатоғаннан айдап, айдалаға апар- са, өзің де еңірерсің. Құдай оның бетін ары қылсын де...

  • Апа, апа, шай жасап жіберші. Жолдан шаршап келген шығар. Балалары да менімен тұстас екен, – дедім мен.

  • О, сенің кіп-кішкентай болған жүрегіңнен ай- налдым, – деді апам қуанып. Апамның ойынан дәл түскен сияқтымын.

  • Ерулік берейік, – дедім тағы.

  • Ия, қазағымның салты ғой. Сараңдығымыз жоқ.


Тек әлгі... – деді апам сөз аяғын жұмбақтап.



  • Әлгісі кім? – деп шап еттім. Апам сөз аяғын жұтып сәл үнсіз қалды.

  • Тұра тұр, – деді сонан соң орнынан лып етіп көтеріліп, бұрышта тұрған кереуетке қарай беттеп.

  • Шамның кәресіні бар ма екен?

  • Бар шығар.


–Бері алып кел, – деді шешем сыбырлай үн қатып. Аң-таңмын. Оқыс қимыл. Кереуетті қопарыстыра жүріп, шағын көрпені ала сап, терезеге беттеді.



  • Алжытып қойған қүдай-ай. Шамды жақшы.


Пөзірін байқа.


Жетілік шамды столдың үстіне қойып, білтесін тұтатпас бұрын, қайшымен басын қырқып алдым.


 


Әкемнің әскерден келген шинелінің бір етегінен жы- рымдап жасаған дүние ғой. Апам онсыз да сығырайып тұрған терезені қымтап жауып, тағы бір тексеріп, маған сыбыр етті.



  • Көршілерді шақырып кел.

  • Қай көршіні?

  • Ойбай-ау, әлгі гректерді. Жолдан ашығып келді ғой, бейшаралар. Шай берейін, – деді ол күлімсіреп.


Таң-тамаша күйі терезеге қарадым.


Апам маған қарады да, сұқ саусағын шошайтты.



  • Әлгі Сыдықбек сұмырай естіп қалса, пәле баста- лады. «Жауға тамақ бердің» дейді, – деді ол.

  • Қызық екен.

  • Несі қызық, – деп апам шала бүлінді.

  • Былтырғы жылы Бекшетайды қара маши- на келіп алып кеткенін көріп пе ең. Сол Сыдықбек сойқанның ісі. Әуелі Бозтай басқарма да оның ал- дыңда құрақ ұшады. Бағана шаршы топта Сыдықбек- тің не деп сарнағанын естідің ғой.

  • Естідім.

  • Олай болса, оң-солыңа қара. Сыдықбек ешкімді аямайды.

  • Түсіңдім.

  • Түсінсең, көршілерді шақырып кел. Сыртқы есіктің ілгегін ұмытпа. Апам жер ошаққа жусанын тыға жүріп, стол жасау қамына кірісті. Таба нан, ара- сында тыққан бидайдың жармасы, құрт, сықпа. Қыста жейміз деп жүрген қозықарын май.

  • Не қып мелшиіп қалдың? – деді ол есік көзінде қалшиып тұрған маған одырая қарап. – Әлі бармапсың ғой.


 



  • Оларға не деймін?

  • Тамақ іш де. Үшінші класта оқиды деп сені кім айтады. Соған да орысшаң жетпей ме?

  • Жетеді, – дедім шешемнің «сынына» намыста- нып. Қоржын үйдің ортасыңда сеңделіп жүріп алдым.


Не деп шақыруым керек? Олар түсінсе жақсы. Күліп жүрсе, масқара ғой. Әй, бірақ өйте қоймас. Әрі балалармен ойнаймын. Танысып алған да дүрыс. Жүрегімді басып, анда-санда сабаққа кешіккендегідей есікті тықылдатып кіріп бардым. Әлгідегідей емес, жұпыны үйдің ішінен тіршілік белгісі танылып қал- ғандай. Терезе көзіне кішірек айна қойылыпты. Кән үстіне әлдене жауыпты. Қабырғадағы шегелерге киімдері ілінген.


Кіріп келген маған бәрі таң-тамаша күйі қадалыпты да қалыпты.



  • Кушать. Меникі мама шақырады, – дедім дау- ысым дірілдей шығып.

  • Рахмет, – деді таза орысша сөйлеген әйел.

  • Чай пить, – дедім тағы да сөзімді дұрыстай.

  • Жүріңдер.


Әйел күлімсіреген күйі маған жақындап келді де, басымнан сипады. Сонан соң мен құралпас кіші ұлын өзіне шақырды.



  • Мынау Нико, – деді маған таныстырып. Шашы қап-қара, бұп-бұйра, имек мұрын, қоңыр көзді, нәзік бала маған қолын ұсына берді.

  • Шалқар, – дедім мен де нықтана түсіп.

  • Мынау Юрка, – деді әйел үлкен ұлын көрсетіп.

  • Менің атым –Мария.



  • Шалқар, – дедім бұл жолы тағы да.

  • Чалкар, – деді әйел менің есімімді тағы да қайталап. Сөйтті де балаларын жетектеп, менің артым- нан ерді.


Апамның тірлігін көрсең. Дөңгелек жатаған үстелдің маңайына қонақ көрпені жайып тастап, дастархан бетін тағамға толтырыпты да салыпты. Кәдімгі ғажап жасаған ертегі адам – тура менің апам. Қонақтардың асты-үстіне түсіп, қолымен төрді нұсқап әлек. Қонақтардың түсінгені, түсінбегенінде шатағы жоқ. Қарапайым қазақшасымен тізгін тартар емес. Сондағы сөздері:



  • Қарағым, төрге шық. Балалар ашығып қалды ғой. Құдай қаласа көрші болдық. Ерулігімізді әлі берерміз. Түу, балаларың сүйкімді екен, – деп ақ жарқын күй танытып, үлкен іс тындырғандай-ақ боп жүр.

  • Ұялмаңдар. Тамақта ұяттық жоқ. Міне, мен де мына жалғыз ұлдың тілеуін тілеп отырмын.


Әп-сәтте үй-іші мейірім құшағында, адам арман етер шаққа айналды да кетті. Буы бұрқыраған күлді күйелеш ақ шәугім ортаға келді, оның жанына сым темірмен құндақталған қырық құрау шәйнек те жетті. Анда-санда мен де аудармашылық қызметімді атқарып қоямын. Алғашқыда ыңғайсызданып отырған қонақтар да сәлден соң, хош көңілдің әсері ме, тамаққа бар ынта- сымен кірісті.



  • Бейшаралар-ай, – дейді апам әлсін-әлсін.


Сезіп қалса ыңғайсыз ғой. Көршілерге білдірмей апама жаман көзіммен қарап қоямын. Бірақ менің қас- қабағымды ұғар деген апам жоқ.



  • Біздікі қазақ жақсы. Әлі етек-жеңдеріңді жиясыңдар ғой. Еңбек етсең, ауызың қимылдайды,



  • дейді құдды Мария түсініп отырғандай. Мария да терезені қараңғылап қойғанымызды құптаған сияқты. Шайды ұрттап ішіп, жан-жағына ұрлана көз тастайды. Жүзінде мұң. Жап-жас адамның беті шалбар-шалбар әжім. Қайғы-қасіреттің ізі байқалады. Жан-жағына секемдене қарауы да соны анғартқандай.

    • Сыйаяқ, – деді апам қоярда қоймай Марияның қолынан кесесін алып.




Шай соңынан қайтуға жиналған қонақтарға арнаған апамның сыйы бар екен.Онша көп те емес. Тезектің шоғын асты-үстіне салып, бетіне қаймақ жағып пісірген таба нан, бір уыс тұз, сықпа құрт, бір әшмөшке кірпіш шай, ауыз үйге анда-санда бір жағылатын жетілік шам. Марияның дегеніне көнбей қолтықтатты да жіберді. Шығарып салушы – мен. Сәлден соң есіктің ілгегін ағытып, қайтып келсем, о сұмдық, әлгіндегі тірліктің бірі де жоқ. Терезе ашылып, көрпелер кереуетке жи- налып қалыпты. Апам бір үлкен іс тыңдырғаңдай риза пішінмен ыдыс-аяқтарын жуып отыр.



  • Әй, дүние-ай! Көрмес адамды да көріп, дастар- қандас та болдық. Сорлылар қайбір жетісіп жүр дейсің. Өзінің күйеуі жоқ-ау деймін, мен сияқты. Әй, Шалқар! Аузыңа ие бол, – деді апам бір күрсініп.


 


* * *


Тамашаны қара! Мұндай тірлікті кім көрген,


«Жаңатоған» бастауыш мектебінің оқушылары бірден он бес балаға артып түсті. Сабаққа келсем, Биқош кла- сты басына көтеріп, дауыстап күліп, есі шығып жүр.



  • Мұндай да қызық болады екен-ау,–дейді ол. – Бірінші класта өңшең жігіттер оқитын болыпты. Аң- таң күйі тұрып қалсам керек, жаныма Биқош келді.

  • Жүр, Шалқар, – деді қолтығымнан алып. – Мен саған ағаларыңды көрсетейін.

  • Ағасы несі?

  • Қазір көресің, – дейді ол сықылықтап. Бастауыш мектебімізде төрт сынып, екі мұғалім бар. Сыдықбек пен әйелі Мәрзия. Қайранбек деген ақсақал шал завхоз. Мектептің екі өгізі мен шабдар қасқасының бар бейнеті соның мойынында. Қала бере Сыдықбектің отымен кіріп, күлімен шығады. Жаз бойы жусан мен теріскен ша- уып, қала бере қамыс баулап мектептің ауласына үйеді. Қыс түсе от жағатын бір адам бар. Ол – Қайранбектің кемпірі Нұрғайша. Мұғалімнің үйінің тамағын жасай- тын да сол. Шырт-шырт түкіріп, галифе шалбар киіп, офицер белдігін тағатын Сыдықбек бірінші мен үшінші сыныпты бір бөлмеде оқытса, күйеуінен әлдеқайда жас, қос бұрымы тақымын тілген, сұлу келіншек Мәрзия екінші мен төртінші сыныптың қожасы. Топ бала шағын корридорды басып өтіп, Мәрзия оқытатын сыныпқа жақындап келдік. Әлде қалай Сыдықбек жолаушылап кетсе, келіншегі төрт сыныпқа өзі ие.


–Сен қара, – деді Биқош мені икемдеп.



  • Жоқ, өзің, – деймін. Мәрзия келіншек те оңай жау емес. Сабақ үстінде қыбыр етсең, саудаңның біткені.


Добалдай қолымен төбеңнен қойып қалады. Мәрзияға


«Кертоқай тәте» деп ат қойылуы да сондықтан болар. Биқоштың «Кертоқай тәтеден» қорқатын жөні бар. Бірде ол еркелігіне басып «Мәрзия тәтей менің жеңгем екен ғой» деп қалжындаспақ сыңай танытқанда, мұғалім тәтесі жалғыз аяқпен бұрышқа тұрғызып, жанын көзіне келтірген. Ертеңінде Сыдықбек естіп: «Ау, мына Биқош мен жоқта жеңгесіне көз салыпты. Нағыз жұлдызы жа- найын деп тұрған жігіт екен» деп біздей тілін сұғып, мырсылдай күлген. Биқош ду етіп қызарып сала берді. Жер жарылса, тесігіне кіріп кетуге дайын еді. Бас білген тайдай моп-момақан боп, мені жұмсап тұрғаны да сол.


Сыныпта Мәрзия мұғалима жоқ екен. Құдды жерден жеті қоян тапқандай, үшінші сыныптың өңшең қара пұшығы жетіп бардық та, есік алдында қалшиып тұрып қалдық. Биқоштың соңғы жаңалығының түрін қара. Төртінші сынып пен екінші сыныптың парталарыңда өңшең бейтаныс оқушылар отыр. Осыдан аз бұрын ғана ауылымызға жер аударылып келген гректердің балалары. Ішінде мұрты тебіңдеп қалған ересектері де, әлжуаз кішкентайлары да бар. Жүздерінен белгісіз қорқыныш аңғарылады. Көзім кенет Нико мен Юркаға түсіп кетті. Мені көріп елең етіп орнынан тұрып қайта отыра кетті. Сөйткенше жөткірінген Сыдықбектің дауысы естіліп қалды. Биқош екеуміз өз сыныбымызға зыта жөнелдік.



  • Балалар-ау, олар біздің тілді білмейді ғой. Қайтіп оқиды? – деймін өзімнен-өзім. Балаларда да үн жоқ.

  • Жендеттердің балаларын оқытқаны несі? – деді Биқош ойда жоқта.


–Шын-ау. Мұнысы дұрыс емес, – деді Жеңісбек желігіп.


 


Бұл екі ортада қабағын түйген Сыдықбек кіріп келе жатты. Соңыңда бес-алты грек баласы бар. Сондағы әлгі балалардың түрін көрсең. Аяқтарында жыртық бәтеңке, үстеріңде жамау салынған көйлек, шаштары өсіп кеткен. Бәрінде ес-түс жоқ. Назарын тіктей ал- май, әркімге бір көзінің астымен ұрлана қарайды. Бір баланың оң қолтығында – балдақ. Тізесінен төменгі жағы жоқ. Балалардың көзі бірден соған түсті. Біздің ауылда да Қабдолда, Смағұл, Дәнесары деген үш ақсақ бар. Оларды көрсек қолұшын беріп, жәрдемдескіміз кеп тұратынбыз. Майданнан жаралы боп оралғанның өзі қандай қиын. Ал мына көзі жәудіреген бұйра бас грек баласына не болды екен?



  • Анау артқы парталарды босатындар. Онда мына босқындар отырады, – деді Сыдықбек зіркілдеп, – бұлар біздің сыныпта оқиды.


Бөлме іші гу етті. Сыдықбек басын кекжите көтеріп алғаңда балалар бірден жым болды. Сыдықбек қойынына қолын сұғып, дәптер алды.



  • Яндомиди!


Қағілез келген аласа, бұйра бас бала орнынан атып тұрды.



  • Бұл кімнің үйінде тұрады? – деді Сыдықбек.


Жеңісбек қолын көтерді.



  • Мына баланы көзіңнен екі елі таса қылма. Саған тапсырма осы.

  • Құп болады!

  • Пурзиди!


Орнынан Нико ұшып тұрды. Оған ілесе мен де тұрдым.



  • Әй, пұшық қатынның баласы! Сақ бол, – деді Сыдықбек көзін ежірейтіп. Лып етіп қаным көтерілді ме, кім білсін, бетім дуылдап кетті.


 


Оның үстіне «пұшық қатынның баласы» деген қиянат сөз жаныма батты. Әкемнің атымен атаса аузы қисая ма?



  • Не істеуім керек? – дедім басымды төмен салған күйі.

  • Инструктаж береміз. Отыр ары, – деді Сыдықбек мені жақтырмай. Түгіне түсінгем жоқ. Әлденені міңгірлеп орныма отырдым. Никоның қаңдай жазығы бар? Апам айтса айтқандай, ауызынан ана сүті кетпеген жап-жас бала. Ол сондай-ақ нені бүлдіріпті? Оның үстіне бір ауыз тіл білмейді ғой. Никоның ор- нында болсам не істер едім деп ойладым.

  • Қамысбаев, – деген тосын дауыстан селк еттім. Сыдықбек екен. Бар бала маған қарап, аңтарылып қапты. Орнымнан атып түрдым.

  • Мен не дедім? – деді Сыдықбек.


Зәрем ұшып кетті. Көзімнен отым жарқ етті. Тісімнің түбі сырқырап қоя берді. Ауызыма кермек дәм келді.



  • Мен не дедім? – деді Сыдықбек айқайлап. Мен үндемедім. Ұратын ыңғайын байқасам, үйге қарай зытуға дайын тұрмын.

  • Бозтаев? – деді Сыдықбек.


Биқош мұндайда әзір жауап. Тақпақ айтқандай тықылдап ала жөнелді:



  • Ұлы көсем Сталиннің айтқандарын бұлжытпай орындаймыз. Жауды әрқашан көзден екі елі таса қылмай, қырағы боламыз.

  • Маладес. Дұрыс. Кәне,  Қамысбаев  қайтала!


Айтпасқа шара жоқ. Күңкілдеп айта бастадым.



  • Бар орныңа, иттің күшігі.


«Мен күшік болсам, сен нағыз арс-арс еткен төбетсің», деймін ішімнен күбірлеп... «Тұра тұр, мен де өсіп жігіт болармын..."


 


* * *


 


Демалыс күні апам екеуміз ерте тұрып Қарауылға аттанамыз. Озаманда осы Қарауылда батырлар бекініп, жаудың жолын тосып жатады екен деп еститінбіз. Қарауылдың теріскейі құж-құж жар да, оңтүстігі түйетайлы. Таудың сонау ұшар басына дулығаның үкісіндей боп қалың ши өседі. Біздің бағытымыз – қиыр бетіндегі теріскенді алқап. Осы алқапқа біздің ауыл бидай егеді. Жылма-жыл бидайды жинап алған соң, қатын-бала отын шабады.



  • Апа, апа, Сыдықбек нағыз жауыз адам, – дедім сәл саябырлаған бір сәтте.

  • Тек, – деді шошып кеткен апам жан-жағына қарап.

  • Үлкен адамды олай деуге болмайды, балам. Бұндайда кейде апамның басымнан сипап,


жұбататын сөзі болатын. «Әй қу соғыс-ай! Құйтақандай сені жетім, мені жесір ғып, құдайға біз не жаздық? – деп мені бауырына қысып егіліп алатын. Ондай да мен де жасымды жұтып, үндемей қоятынмын. Бұл жолы шыны керек, көкірегімдегі ащы өксігімді жанымдай жақсы көретін анама төккім келді. Нұржамал апам ғажап адам ғой. Не деген көнбіс десеңші. Ертеңнен қара кешке дейін бітпейтін тынымсыз тірліктің иесі.


Бірақ бар дүние мен күткендей болмады.



  • Қысқарт! Шығарма үніңді, – деп апам ойда- жоқта шаңқ етті. Таңдана бетіне қарадым. – Осы ауылдағы жалғыз жетім сен бе едің? Күн жаумай, су болып. Көтер еңсеңді. Еркек емессің бе?


Нұржамал апам кетпенін иығына салып, анадай жердегі бір қыраңға бет қойып, кетіп бара жатты. Маңдайымнан бұрқ еткен терімді, қолымның қырымен бір сүртіп тастап соңынан ердім. Апам белбеуін тартып байлап, алақанына түкіріп алды.



  • Анау Имекеңнің үш баласын көрдің бе? Күнін көре алмай, кім көрінгеннің есігінде жүр. Кішісін Қаракәстекке жіберіпті. Үлкені – басқарманың күңі. Сенің шешең бар емес пе?!


Апам шыныңда да қатты ашуланыпты. Сарғыш жүзі қызараңдап, дауысы да кәдімгідей ашулы шықты:



  • Тірі адам тіршілігін жасаған. Әне, кешегі келген гректерді көрдің бе? – деп апам иегімен жол жақты нұсқады. «Қызыларық» жақтан бір топ шұбырындылар тұсымыздан өтіп барады екен. Дені – бала-шаға.

  • Апа, бұлар неғып жүр? – деймін.

  • Е, дүние-ай! Тамағына талшық іздеп жүрген де.


Ішінде біздің Нико да бар шығар?


Колхоз берген азын-аулақ бидай арып-ашып кел- ген гректердің жұмырына жұғын болмады. Келген күннің ертеңіне бірлі-жарым ер азаматтары қолына күрек, кетпен алып отын шапты, ертелі-кеш қамыс шапты, өгіз арбамен мектепке, колхоз кеңсесіне таси- ды да, ал, бала-шағалары үш-төрт шақырым жердегі


«Қызыларыққа» барып, сүт, нан сұрайды. Нико да соларға еріп, қайыр сұрап жүреді. Нико сондай сүйкімді бала. Ол осыдан бірнеше күн бұрын ойда-жоқта үйге кіріп келді де, маған ымдап, сыртқа шығайық деді. Екеуміз қол ұстасқан күйі мектепке қарай жүгірдік. Не ойлағаны беймәлім. Мектептің құбыла бетін айналып өтіп, жалғыз өгіз жайлайтын қораға жақыңдағанда, Нико жан-жағына алақ-жұлақ қарап алды да, сосын үйіліп жатқан қамысты нұсқап екі саусағын көрсетті. Басында түсінбей, оған жалтақтап қарай бердім. Ол қайтадан ымдады. Сөйтсем Никоның сұрағаны қос тал қамыс екен. Әдетте найза қылып алысқа лақтырысып ойнайтынбыз. Бұл жолы Нико қалтасынан кішкене бәкі алып, қамыстың бірін кесе бастады. Қимылы ширақ, әрі шапшаң. Бәкісі өткір, әдейі қайрап алған. Қамыстың төрт-бес жерін тесіп түтікше жасады. Қимылын қалт жібермей бақылап отырмын. Никоның осы бір кездегі жүзіне көз салсаң. Қарақаттай жанары- нан от ұшқындайды. Түтікшенің басы-аяғына сығалап, ұқыппен ынталана алды да маған бас бармағын көрсетті. Сөйтті де ғажап бір әуенді ойнап қоя берді. Құмығып шыққан үн құдды құстың үніндей естіледі. Қарауылдың аңғар-аңғар сайыңда жасырынбақ ойнай- тын көп бала кейде осы бір ғажап сазды естіп қалт тұра қалып, демімізді тартып, құлағымызды тосушы ек...



  • Ұлардың үні, – дейтін үлкендер.


Енді мен Никоға бармағымды шошайттым. Ол ба- сын изеп, күлімсіреді.



  • Апа, апа, ол сырнай тартып барады.

  • Уһ, – дейді апам күрсініп, – қайбір жетісіп ба- рады дейсің. Ойбүй, күн батып барады. Қимылда!


Мұндай тосын оқиға бәрімізді есеңгіретіп кеткендей еді. Кеше кешкісін аяқ астынан күн бұзылып, көкжиек торланып, тұманданып сала берген. Күн ерте батып, мал ерте байланды. Ертеңгісін мектепке бармақ боп жетілік шамды жаққанымда, сыртқа шығып келген апам:



  • Қар жауыпты. Көміп салыпты. Мектеп- тен бөгелмей қайт. Тамның төбесін күре. Биыл лай салынған жоқ, – деп қабағын шыта төсегіне жылжы-


 


 


ды. Айтса айтқандай, тобықтан аса қар жауыпты. Енді міне, сыныптың күллі баласы Никоға қарап қалыппыз. О сұмдық. Мұңдайды кім көрген. Шашы бұп-бұйра, бөкенедей бала қарды кешіп, мектепке жалаңаяқ келіпті. Нико аяғын үйкеп-үйкеп алды да партасына барып отырды.



  • Ей, бейшара-ай, – деді Биқош күңк етіп.

  • Аяғына шүберектен бірнәрсе орап алса ше, – деді Жеңісбек

  • Бәтіңке де жоқ шығар, – деді Әскербек.

  • Ағасы мен екеуінде бір аяқкиім.


Шыны керек, көршімді бір жағынан аяп, бір жағынан намыстанып кеттім. Сөйткенше Сыдықбек кіріп келді. Кердеңдей басып, орнына жайғасты. Со- нан соң ерніндегі насыбайын сұқ саусағымен іліп алды да, есікке беттеді. Біз де оқулығымызды алдымызға қойып, ыңғайлана бергеніміз сол еді, Сыдықбектің:



  • Әй, мынасы несі? Бұл не деген бассыздық, – деген қатқыл үні естілді, – Пурзиди, шық бері!


Нико астына басып алған аяғын бір-бірлеп шығарып партаның белдеушесіне тірей берген-ді.



  • Мына сұмырайды қараңдар. Кеңес мектебіне жалаңаяқ келіп, бізді мазақ етпек. Жоқ, бұл қылы- ғыңмен ешкімді мүқата алмайсың. Шық бері.


Никода зәре жоқ. Үрейлі көзі жыпылықтап, жалтақтап бізге қарайды. Бізде үн-жоқ. Сосын Нико қарсы алдыңда тепсініп тұрған Сыдықбекке әлдене дегісі келгендей ерні жыбырлап бірдеңе деді. Мүмкін «ағай, аяғым тоңады ғой» дегені шығар, бірақ Сыдықбектің ашулы көздерінің сұсы, оны партадан желкелегеңдей суырып алып шықты.


 


 


Табаны еденге тиюі мұң екен, Нико шалшық су кешкендей аттап басып Сыдықбекке бара жатты.



  • Тұр, ана бұрышқа, – деді мұғалім ақырып.


Нико селт етіп, басын бұға берген. Бірақ мұғалім тыжырына кері бұрылды.



  • Бұларды аямау керек, – деді Сыдықбек.


Нико суық еденге шыдамай, аяқтарын кезек-ке- зек көтере бастады. Қыздар жағы қарауға жүзі шы- дамай, партаға етбеттей жатып алыпты. Никоның он- сыз да қуқылданып тұрған жүзі көгере бастады, «Ой, адамдар! Менің жазығым не? Құтқарып алсаңдаршы. Мен де адамның баласы емеспін бе?» дейтіндей көзі жыпылықтап, бізге ұрлана қарайды. Сыдықбек сұп- сұр. Міз бағар емес. Сөйткенше:



  • Мұғалім, – деген әлдекімнің дауысы естілді.

  • Ағатай, Сыдықбек аға. Менің үйде ескі етігім бар еді. Оқыс шыққан үнге бәріміз жалт қарадық. Басқарманың баласы – Биқош екен. Сүмірейген күйі партасынан шығып келеді.

  • Үйге жіберіңізші. Ұшып барып қазір әкелейін.

  • Мынау не дейді-ей! Ақылыңнан алжасқаннан саусың ба?

  • Ағатай! Құлыңыз болайын. Жіберіңізші үйге. Сыдықбек алғашқы тегеурінінен қайтып қал-


ғаңдай. Биқошқа көзі бақырая қарап, бір орнында қалшиып тұр. Мен Биқошты жаңа көргеңдей таңдана қарап қаппын. Мынау біз білетін Биқошқа мүлдем ұқсамайды. Осы арада оны алған бетінен қайтаратын құдірет күш жоқтай. Аяқ– қолы дір-дір етіп тұрған Никоны қолынан ұстады да, екеуі сыртқа атып шықты.


 


 



  • Қане, жаудың баласына жаны ашитын тағы кім бар? – деді Сыдықбек.

  • Мен, – деді Әскербек.

  • Мен де, – деді Жеңісбек те орнынан қарғып тұрып.

  • Тағы қайсысың, – деді Сыдықбек ақырып. Мен де орнымнан атып тұрдым. Артынша Кеңес те, Аманкелді де менімен ілесе тұрды.

  • Мыналар қайтеді ей? – деді Сыдықбек сұр- ланып, – өздерің мені ұруға дайын түрсыңдар ғой, түге.


Біз уәделескендей жұмған аузымызды ашпай, сілейіп тұрамыз.



  • Бұқанов, Алпысов, – деді Сыдықбек, сен екеуің есік алдындағы қарды күрейсіңдер. Қанатов, еденді жуасың. Ал сен, Қамысбаев, сенің жазаң басқалардан бөлек, – деді Сыдықбек сыздап. – Ана гректің бала- сы екеуіңді қамауға алам.


Көзім тас төбеме шықты. «Қамалғаны қалай?» деймін ішімнен. «Бекшетай аға сияқты мені де қара ма- шинамен алып кетіп жүрмесін».


Грек досың екеуіңді тошалаға қамаймын, – деді Сыдықбек. Қуанып кеттім. Ол көріп жүрген құқайым. Мектептің ту сыртында шымнан қаланған шағын үй бар. Оны «Сыдықбектің қапасы» деп атай- ды. Іші сыз, едені топырақ, табадай дөңгелек шағын саңылау терезесі бар. Сол тесіктің алдыңдағы екі парта төрт адамның иелігіне толық жетеді. Әлдеқалай сабақ оқымай, кейде тәртіпсіздік жасап қойсақ, Сыдықбек желкеңнен түйіп әкеліп қамайды да, сыртынан до- балдай қара құлыпты салады. Содан кейінгі сенің «сыныбың» сол. Сығырайған тесіктен түскен сәуленің көмегімен кітабыңды оқисың, үй тапсырмасын орындайсың. Тошаланың бұрыш-бұрышына қараудың өзі қорқынышты. Шиқылдаған тышқан, өрмегін тоқыған өрмекші. Кім біледі, жазда қарашұбар жылан да болатын шығар. Құс екеш құс та бүл маңайға жола- майды. Сонау жазда Биқош әдейі айтты ма, кім білсін, ұзындығы құлаштай, жуандығы білектей жыланның терезенің тесігінен кіріп бара жатқанын көріпті. Бірақ алғашқыда қолын көкке көтеріп, еңіреп жылайтын ба- лалар, әп-сәтте бойы үйреніп, қалыптасып кететін. Ой- ымды шиқ еткен есіктің дауысы бөліп жіберді. Есіктен малақайын қолына ұстаған Биқош пен Нико кіріп келе жатты. Сыдықбек те, барлық балалар да бірден Никоның аяғына қараппыз, Биқош айтқан уәдесін орындапты. Никоның аяғында ептеп жұлығы кеткен керзі етік бар екен.


 


 


 


 


* * *


 


Тас қараңғы бөлменің ішіне кірген бетте Нико мені білегімнен қымқыра ұстап алды.



  • Шалқар, – деді Нико дауысы дірілдеп. – Біз қай жердеміз?

  • Түрмедеміз. Сыдықбектің... білесің ғой, анау плохой адамның...

  • Бізді... сені... мені енді шығармай ма?

  • Шығарады... үш сағаттан кейін.


Нико түсіңдім дегеңдей басын изеді. Мен жалма- жан үйге берген есепті шығарғым кеп, киіз қабыма қолымды сұғып едім, қолыма аржағынан апамның қаймақ жаққан таба наны ілікті. Нанды екіге бөліп, бір бөлігін Никоға ұсындым. Ол қатты қуанды. Жалма- жан нанға ауыз салып, ұрты бұлтылдап жеп жатып маған қарап бас бармағын шошайтты. Сөйтті де ол да жан қалтасына қолын сұғып жіберді де әлденені алып шықты. Доп-домалақ қып-қызыл бірдеңе.



  • Же, – деді ол бәкісімен ортасынан қақ бөліп, бір жартысын маған беріп. Әй-шайға қарамай ауызға салып жібердім. Мұндай тәтті зат көрсемші. Со- нау жылы Нұржамал апам әскерден оралған Бәкітай алып келген бір түйір қант сияқты тәп-тәтті екен. Нико маған нанмен қосып же дегендей ым қақты. Кейін білдім, бұл отқа пісірілген қызылша екен. Жүрек жалғап алғасын Нико екеуміз үйге берген тапсырмаға отырдық. Әлсін-әлісін көзімнің астымен Никоға қарап қоям. Ол есепке келгенде алдына жан салмайды. Бір жолы Сыдықбек есепті шығара алмай қиналғаңда, осы Нико көмектескенді. Нико есепті тез шығарды да, қалтасынан қамыс сырнайын алып шығып да маған


 


күлімсірей қарап ойнай жөнелсін кеп. Зәрем үшып кетті. «Сыдықбек көрсе пәлеге қаламыз ғой!» – дедім Никоға.


Ол «түсіндім» дегендей басын изеді де, қамыс сыбызғысын қойынына тықты. Сосын орашолақ қазақшасымен маған әңгіме айта бастады. Одан түсінгенім: біз Кавказданбыз. Менің ауылым Сухуми қаласынан қырық шақырым жерде. Көкмайса, ну ор- ман. Жеміс көп. Мал жетерлік. Жазда сол малды тауда бағады. Бақташы бала сырнай тартып, тау құстарымен сырласады. Жаңағы тартқан әуен сол бақташы әні.



  • Қалай, жақсы ма? – дейді.


Мен басымды изеймін. Ол маған бұны ешкімге айтпа. Бізді жер аударғаңда мылтықты адамдар қатты ескерткен. Біліп қойса, жаман болады, – деп ымдап түсіндірген болды. Адам қызық қой. Басқа түссе бәріне көнеді. Бәріне үйренеді. Біз де тіліміз жетпеген кезде ойымызды ыммен жеткізіп, бір-бірімізді жанымызбен ұққандаймыз.



  • Мүмкін сендерді өз елдеріңе қайтаратын шығар,

  • деймін ымдап. Ол бір сәт қуанып қалады да, артын- ша басын шайқайды.


Сөйткенше әлдекімнің қарды күрт-күрт басқаны естілді де, артынша құлып сылдырлады.



  • Қалай, тәубеге келдіңдер ме? Сабақты дайындадыңдар ма?

  • Дайындадық.

  • Досың ше?

  • О да...

  • Қайтыңдар, түстен кейін жұмыс болып тұр- ғанын қарашы. Әйтпесе, сен екеуіңді әлі де көздеріңді көкшитер едім.


 


Сыдықбектің жұмысының сырын білеміз. Оны түске біреу қонаққа шақырып қойған. Ол кей- де колхоздың жирен қасқасын жегіп, шанамен


«Қызыларыққа» тайып тұрады. Ауылдың ортасы- мен зуылдап өте шыққанын бір-ақ көресің. Ондайда сыртта ойнап жүрген балалар жан-жакқа тым-тырақай қашады. Жазатайым көзіне түсе қалсаң, ертең сабақта


«кеше далақтап ойнауың жаман еді» деп қыр соңыңнан қалмайды. Менің түсінбейтінім, осы Сыдықбекті окушылардың ата-анасы айына бір қонаққа шақырмаса, ішкен асы бойына сіңбейді. Апам да шақырады. «Әй, қарғам-ай, жаман да болса мүғалімің ғой. Әйтеуір «та- спен атқанды аспен ат деген» дейді ол. Бірақ оны түсініп жатқан Сыдықбек жоқ.



  • Не қып қалшиып тұрсыңдар, түге? Жоғалт көздеріңді! – деді Сыдықбек ақырып. Нико екеуміз қасқыр көрген қояндай зытып бердік.


 


* * *


 


Қырық тоғыздың қысы ұзаққа созылды. Тізеден келген қалың қар темірдей құрсанып, ен даланы ба- сып жатып алды. Күн ұзарып, қиырдан шығатын нұрлы күннің жылуына да міз бағар емес. Неге екенін қайдам, Бозтай басқарманы қамап, орнына Зілқара деген еңгезердей біреу келді. Түу деген түкірігі жер- ге түспейді. Апамның анда-санда жасаған қара көжесі де, қиын кезде жүрек жалғайтын талшық екен. Отын таусылып, қарап отырған жалғыз сиырдың да шөбі бітуге айналды. Апам байғұстың тынышы кетті, ертелі-кеш тыным таппайды. Қызыл сиырды жетек- теп ауылдың сыртыңдағы қалың шиге апарамыз. Кісі бойы шилердің қияғы кәдімгідей талшық. Адамдар да қызық қой. Сол жылғы халыққа жайсыз тиген қатты суық болғанын онсыз да жерін, суын тастап босып келген бейшара гректер де көрді. Жолы ауыр, қырсығы аттың қара қапталынан пәле екен деп, қарғап-сілеп болды. Гректер аяғының ұшымен жүреді. Таң азан- нан дірдектетіп мал қоралардың қарын күреуге әкетіп бара жатады. Үстеріңде дені дұрыс іліп алар киім де жоқ. Ебіл-дебіл. Аяқтарында қойдың терісінен тіккен байпақ, бәрі де бастарына шүберек байлап алған. Сол жылғы қыс әлемет суық болды. Терістіктен қадалып соққан ызғырық бір тоқтамай, ертелі-кеш ұлып соқты да тұрды. Біздің ауылдағы бар гректен жалғыз Марияның жағдайы бөлектеу болды. Апам «өле же- генше, бөле жейік» деп екі үйдің бар азық-түлігін қосып жіберді. Ас-суымыз бір, тек асқа отырғанда терезені қараңғылап, есіктің ілгегін ішінен іліп алуды ұмытқан емеспіз.


 



  • Әй, Мария-ай. Мына қызыл сиыр бізді қыстан аман алып шықса жарар еді, – деп қояды апам. Кәдімгідей бір-бірінің сөзін түсінетін сияқты. Шіркін, біздің аналар-ай. Діні бөлек, тілі бөлек болса да, балаға деген махаббатын айт. Әттең, Никоның анасы ауырады. Аяғы сырқырап, кейде төсек тартып жа- тып қалатыны бар. Ол кезде апам жанұшырып әлек. Қызыл сиырдың сүтіне аңда-санда көзге көрсетіп са- латын қозықарындағы майын салып, ысытып:

  • Әу, Мария, ішіп жібер. Жарлының жары – құдай. Сен болмасаң Нико мен Юраның күні қараң. Солар үшін тірі жүр, – деп өбектейді. Кейбір туған абысындар мұндай күй кешпес.


Түн ұйқымыз шала болды. Кешкі шайда Нико, апам және мен ауыл сыртынан он шақты бау қамыс шауып әкелмек болып келіскенбіз. Апам жалынып жүріп, өгіз шананы сұрап алды. Біз Нико екеуміз орақпен қамыс орамыз. Апам баулайды. Сонсоң ба- улап болған қамысты қалың қарды омбылап кешіп, ырсылдап жолға шығарады. Сақылдаған сары аяз. Қырдан соққан ызғырық ұлып тұр. Азынаған дала, аппақ қар. Бізден басқа бүкіл далада тіршілік нышанын білдіріп, әрлі-берлі ұшқан сауысқан қызыл сиырды айналшықтап шықпайды. Біз күн кештете қайтамыз. Апам желге сыртын беріп бүрісіп отырып, ауық-ауық қызыл қасқа сиырға қамшы көтеріп: «соп» – деп қояды. Нико екеуміз жануарды аяп жерге түсіп, жаяу жүреміз. Никоның аяғында Биқоштың етігі. Апам тоқып берген жүн шұлықты шұлғаумен орап киіп алған. Күн тас төбеге келе, бес-алты бау қамыс орып, бір сәт демаламыз. Онда да апам: «Әй, жігіттер, қарындарың ашқан шығар» деп, үйден ала шыққан түйіншекті шешті. Төрт-бес құрт, бір таба нан, бір құты сүт. Аш адамға далада отырып ішкен ас қандай тәтті. Жүрек жалғаған соң, өзіміз шапқан қамыс үстіне шалқалап жата кетеміз. Аспан ашық. Жел айдаған ақ ұлпа көз ұшыңда баяу жылжып бара жатады. Кенет Никоның сыбызғысы сарнап қоя береді. Бұл әнді мен қоярда қоймай жаттап алғанмын. Туған елге деген сағыныш, үздіккен арман, өксікті саз. Қасіретті, қайғылы өмір.


Никоның сазы өзіміздің «Елім-айдан» аумайды. Апам Никоның сазына құлақ түріп отырды да, «ух» деп орнынан тұрды.



  • Ал, жігіттер, уайымнан не түседі. Тағы бір қимылдайық. Нико сырнайын төс қалтасына тығып, жұмысқа кірісіп кетті. Әлгіндегідей емес, күш сарқылып қалған ба, апамның жеделдетуі де жиілеп кетті. Күн еңкейе бергенде, біз де қалың қарды омбылап жүріп бау-бау қамысты жолға жеткізіп, шанаға тиеуге кірісіп кеттік. Кенет құбыла беттен әлдене азан-қазан болды. Шананың тасасынан атылып шықтық.

  • Ойбай, қызыл сиырға жүгіріңдер, – деді апам. Жанұшыра ұмтылған Нико менен он шақты қадам ілгері озып кетті. Біз енді байқадық, ши түбінде тұрған қызыл сиырға қарай әлде қандай жүндес мақұлық жақындап барып қапты. Желке жүнін тікірейтіп алған.

  • Дауыс салыңдар, – деді апам бір жығылып, бір тұрып келе жатып.

  • Айт, айт, – деймін бар дауысыммен.


Қызыл сиыр да «келсең кел!» дегеңдей құйрығын шиге беріп, көзін алартып, мүйізін шайқап-шайқап айбат шегеді. Оған қараған қасқыр жоқ, сүймен тұмсығын созып жақындай түсті. Нико жүрек жұтқан екен. Қасқырдан сескенер емес. Апам да: «Кет! Кет!


 


Кет! Айт!», – деп дауысы жеткенше айқайлап келеді. Бірақ апамның айқайын менсінер түрі жоқ.


Никоның батыл қимылынан сескенді ме, тісін ақситып қарға шоқиып отыра кетті. Біздің қарамыздың көбейгенін, оңай беріспейтін түрімізді білген қасқыр ар- тына шегініп ығыса бастады. Сөйткенше, апам жетті. Келе қызыл сиырды құшақтап жылап жіберді:



  • Сенен айырылсақ күніміз не болар еді, – деп сиырын аймалап, құшақтап жылап жатыр. Бір кез- де біз есіне түсіп: – Ой, айналайын, азаматтарым. Жалғыз болсам, мына қасқырға мен не істер едім. Ал енді кетейік. Мынаның түрі жаман. Бүл қасқыр дегеңді қойсаңшы. Әлде аш па? Апам қызыл сиырды жетек- теп, біз қорап шанаға келгенде, көкжал да артымыздан қалмай еріп отырды.

  • Атаңа нәлет! Менің жалғыз сиырымда нең бар. Далада аң қаптап жүрген жоқ па, – деп апам қызыл сиырды шанаға жекті де, аяз қысқан күртік қарды шиқылдатып жүріп кеттік. Біз шананың соңын ала жа- яулап келеміз. Көкжал да соңымыздан ерумен болды. Тек ауыл қарасы көрініп, иттердің дауысы шыққасын


«қап, сендерді-ай» дегендей, көкжал қалың шиге кіріп жөніне кетті.



  • Апа! Апа қасқыр кетіп қалды, – дедім мен.

  • Тұқымы құрысын, – деді апам.


 


* * *


 


Сыныпқа келсем, балалар у-шу. Сыдықбек ауданға жиналысқа кетіпті. Артқы партада танауы таңырайған, көк көз, сары шаш бала отыр. Балалардың дені әлгінің жанына үйіріле қалыпты. Әсіресе, Жеңісбек осы баланың қасынан үйіріліп шықпайды. Жаңа баланың қасына қағаз-қапшығын арқалап көшіп алыпты. Жалма-жан Биқошты іздедім. Жолдастарына жанын беретін, ақкөңіл Биқош балаларға араласпай, өзінің партасында әлденеге шұқынып жалғыз отыр. Түсіне қойдым. Мына таңқы танау, сары шаш жаңадан кел- ген Зілқара басқарманың баласы. Биқошты аяп кеттім. Нико екеуміз салған бойда Биқошқа бардық.



  • Сәлем, – дедім күлімсірей қолымды ұсынып. Никоның Биқош дегеңде шығарда жаны басқа. Оған қамыстан сырнай жасап әкеп береді. Одан қызыл қызылшаны да аямады. Сабақ біткенше жалпаңдап қасыңда жүреді.

  • Биқош, сен ренжіме. Апам айтады, сенің әкеңнің жазығы жоқ дейді. Ол ертең-ақ қайтып келеді, – дедім. Нико шала-пұла қазақшасымен Биқошты жұбатып:


–Ия, солай, – дейді Нико қоштап.


–Биқош, – дедім мен, – Жеңісбек ана баланың қасына өз еркімен отырды ма, әлде оны Сыдықбек отырғызды ма?



  • Өзі ғой!

  • Жаман дос.


Ана тілінен оқыған «Жаман дос» деген әңгіменің есіме қайдан түскенін білмеймін. Ішімнен онымен жек- пе-жекке шығуым керек деп түйдім. Реті қалай келеді деп жүргенде «білмегенге сүраған», Жеңісбектің өзі келіп соқтықты.



  • Әй, жаудың баласына не қып емешегің езіліп жүр, – деді ол қасыңда тұрған балаларға арқа сүйеді ме, көйтті.

  • Жағымпаз! Кеше Биқоштың жанторсығы сен емес пе едің.


Жеңісбек сасып қалды. Соңда да болса қыр көрсетіп:



  • Тіліңді тарт! Әйтпесе, мұрыныңды бет қылам.

  • Ой, сұмырай! – дедім мен де айылымды жимай,



  • өзіңе төбелес керек пе?


Төбелес десе жаны кіретін Бекәділ ортаға жүгіріп шықты:



  • Төбелес әділ болу керек, кәне, бері шығыңдар!


Жеңісбек маған қыр көрсетіп, үстіндегі күпәйкесін шешіп, білегін сыбана бастады. Мен де сырт киімді шештім.



  • Таяқ жесең шешеңе айтпайсың ғой, – деді маған.

  • Төбелесетіндер, кәне, бері жүріңдер! Сыртқа шығып төбелесіңдер! – деді Бекәділ. Біз сыртқа шықтық. Артымызда «батырларына» бата тілеп


«жасағымыз» қалды.



  • Әлі де ойлан. Бір сыныпта оқимыз. Бір ауылда тұрамыз, – деді Жеңісбек сыртқа шыққасын.

  • Жантық!


Бұл сөздің ауызыма түскеніне таңым бар. Аяғымда ұлтарған пима, табаным тайғанақтамайтыны анық. Ызаға булыққаным сонша, Жеңісбекті жеп қоюға бар едім. Көзімнің оты жарқ етті де, құлай жаздадым. Жеңісбек есебін тауып аңдаусызда ұрған еді. Көзі


 


ежірейіп, тағы да төніп келеді. Жанарыма жас кептеліп қалды.



  • Ах, оңбаған, жағымпаз.


Жағаласа кеттік. Қолым Жеңісбектің шашына ілікті. Жеңісбекті өзім жақсы білетін әдіспен аяқтан шалып, шалқасынан түсірдім. Сол бойда кеудесіне қарғып міндім де, қарсыласқанына қарамай төпелеп ұра бастадым.



  • Мынау жағымпаздығың үшін. Мынау Биқош үшін. Ал, мынау өзім үшін.


Жұдырық батқасын Жеңісбек ағатайлап жалына бастады.


–Биқоштан кешірім сұрайсың ба? – дедім ақырып.



  • Сұрайын, ағатай, – деді ол жыламсырап.


 


* * *


 


Қыздардың ауызында тыным жоқ. «Қуырдақтың әкесін түйе сойғанда көресің» деп апам айтпақшы, осы күннің ертеңіне айқай басталды. Кешегі оқиғаның бүге- шігесіне дейін қалдырмай сынып старостасы Гүлгүл қыз Сыдықбекке түгел жеткізіпті. Алғашқы сабақ бітер- бітпесте Жеңісбектің әкесі мен апам кіріп келді. Сыдықбек оларға назар аударған жоқ. Әмірлі жүзін балаларға бұрып, Жеңісбек пен мені қалдырды да, қалған бала- ларды бөлмеден айдап қуып шықты. Биқош пен Нико- ны есікке жете бергенде сәл бөгеп: «сен екеуің де алысқа ұзамаңдар», – деп әмір етті. Екі «батыр» бір-бірімізге қарадық. Жеңісбектің сол көзі, менің оң қабағым іскен. Бетімізде тырнақтың да ізі бар. Апам мен Жеңісбектің әкесі «бұларың не?» дегендей бізге жаман көзімен ежірейе қарап, алдыңғы партаға келіп отырды. Сыдықбектің жүзі суық. Қабағын қарс жауып апты:



  • Балаларынды мектептен шығаруға тура келіп тұр. О заманда бұ заман мектеп қабырғасында мұндай сұмдықты көрген емеспін.


Апам да, Дүйсенбек те шошып кетті.


Сыдықбек сөзін бітірер-бітірместен Жеңісбектің әкесі етігінің қонышынан қамшысын суырып алды. Сосын күректей қолымен сабынан қысып ұстап, бізге жауар күндей түйіліп, жақыңдап келе жатты. Әбден зәресі ұшқан Жеңісбек басын бұғып, бүрісе қалған-ды. Төрт өрме қамшы тас төбесінде жыланша ирелеңдеп, шарт ете қалды.



  • Хайуан, найсап! – деді қыр-қыр еткен Дүйсенбек шал.


 



  • Ел алдыңда масқаралап, абыройымды айрандай төгіп... Онан да сенің өлгенің артық еді.


Жеңісбектің әкесі бүрқылдап сөйлеп, қамшысын етігінің қонышына тықты да орнына кеп отырды.



  • Айналайын, Сыдықбек мына күшікті аяма. Еті сенікі, сүйегі менікі. Таяқтан өлген қазақтың баласын көргем жоқ.


Жеңісбек жылап тұр. Қолымен жауырынын сипап, солқылдап жылайды. Мен аяп кеттім.


–Мынау да сау сиырдың боғы емес, – деді Сыдықбек мені оқты көзімен атып, – бұны да әкесін танытып жазалау керек...


Апам да осыған дейін ішінде не жатқаны белгісіз, үнсіз отырған-ды. Сыдықбектің сөзінен кейін солқылдап жылап, өзі отырған партаға бетін басып жата кетті.



  • Е, қу құдай, саған не жаздым. Жалғыз баланы берсең, дұрыстап берсең нең кетті.


Бұрын апамның ауызынан бұндай ауыр сөз естіп көргем жоқ-ты. Онсыз да жер жарылса кіргелі тұрғанымды аз көргеңдей, Сыдықбек те жер-жебіріме жетіп:


–Ой, ит, – деді қасыма кеп, – шешеңді жылат- қанша, өлсең етті!



  • Менің кінәм жоқ, Биқош та, Нико да айыпсыз.


Бәрін бүлдірген Жеңісбектің өзі, – дедім мен.



  • Мына соққан не деп былшылдап тұр-ей? – деді Жеңісбектің әкесі.

  • Әй, Сыдықбек, – деді апам, – менің балам шы- нын айтып түр. Әкесі де бейшара, ақкөкірек еді, ағынан жарылам деп, о да өмірден аз опық жеген жоқ. Тек, жарығым, тілмен шешетін істі төбелеспен шешкенің жарамады. Жүр, балам, кеттік, – деді де апам артық тілге келмей мені қолымнан жетелеп есікке беттеді.


 


* * *


 


Осы оқиғадан кейін көп ұзамай, Сыдықбек абақтыға қамалды. Жұрт гу-гу. Бірі Сыдықбекті жер- ден ап, жерге салса, енді бірі «обал болды, артында улап-шулап бала-шағасы қалды» деп аяды. Апам не десе де бәрі ішінде. Жеңісбек Биқошпен қайта дос- тасты. Зілқара басқарманың ұлы Темірхан да жөн- жосықты білетін бала боп шықты. Аралас-құралас, күліп-ойнап кеттік. Көп ұзамай Сыдықбектің орнына оқытушы болып өрімдей жас қыз келді. Күндегідей, сол жолы да оқуға кеп орын-орнымызға отыра бергеніміз сол еді, есік ашылып, ар жағынан талдырмаш бойлы қыз кіріп келе жатты. Біз аң-таңбыз.



  • Сәлеметсіңдер ме балалар?


Біз шу ете қалыстық. Қыз басынан бөркін алып үстелге қойды да, қос бұрымын омырауына түсіріп, қыбыр етпей, тым-тырыс бола қалған бізге жылы шы- рай беріп, күлімсірей қарады.



  • Мен сендердің жаңадан келген мұғалималарың боламын. Есімім Гүлзира. Әкемнің аты Биғали. Ал енді сендермен танысайық.


Сынып құлаққа ұрған танадай. Әлгіден кейін мұғалима журналды ашып фамилияларымызды атай бастады.



  • Асылбекүлы Нияз.


Қара торы ұяң, тәпелтек бала орнынан түрды.



  • Жақсы, отыра ғой.

  • Айдынбекүлы Қайрат, Бекасылқызы Гүлсім... Шынын айтайын, мен осы сәтке дейін сыныптағы балалардың түр-түсіне анықтап қарамаған сияқтымын. Балалар шат-шадыман жарқылдай жауап беріп жатыр.


 


Оқытушы апай Никоға келгенде әуелі оның фамилия- сын ежіктеп, қинала оқып шықты. Нико орнынан атып түрып:



  • Менің аты-жөнім Николас Пурзиди,–деді. Қазақша тақылдап сайрап тұр. Осы жолы түң-


ғыш рет оның әншейін де мұңданып тұратын қара көзі күлімдеп, жанары шоқтанып жарқ-жарқ етті. Біз аң- таңбыз.



  • Жарайсың, Нико. Сен тура нағыз қазақ сияқты сөйлеп тұрсың.

  • Менің достарым Биқош, Шалқар...

  • Анаң мен әкең де қазақша сөйлей ме?

  • Шешемді Нұржамал апам үйретті. Юра ағайым жігіттерден үйренді. Ал, әкемді солдаттар ұстап әкеткен. Гүлзира төмен қарап, сәл ойланып қалды да, орнынан тұрды.

  • Қиындыққа төзу керек. Әділдік түбі жеңеді. Мұғалима басы кеудесіне түсіп, тұқырайып тұрған Никоның көзіндегі жасты көріп қасына барды.

  • Болды енді. Жігіт те жылай ма екен, – деді алақанымен басынан сипап.


Жас мұғалима айдаладағы кішкентай ауылға ойда жоқ жаңалық әкелді. Өзі әкелген дәптерді әр балаға үш-үштен үлестірді. Бұл бұрын біздің өңіміз түгіл түсімізге кірмеген. Гүлзира апайдың айтуымен біз өзімізге күнделік жасап алдық. Онда күнделік сабақтың кестесі, үйге берілген тапсырма жазылады. Сабақтан алған бағаң да, соңда қойылады. Ата-анаң күңделікті көріп, бақылап, қол қойып отырады.



  • Мәселе қиынға айналды, – деді Жеңісбек сы- бырлап, – еңді әкемнен күнде таяқ жейтін болдым.

  • Ер жігіттің басынан не келіп, не кетпейді? – дедім мысқылдап.

  • Шалқар, ей, шыным. Анау күнгі қамшының ізі әлі қара қотырланып тұр.


Гүлзира апайдың жаңалығы мұнымен бітпеді. Сыныпқа қайтадан староста тағайындалып, оған тазалықшы, сынып кезекшілері көмектесетіндігі ай- тылды. "Қызыл бұрыш" жасалып, оған сабақ кестесі, кезекші балалардың тізімі, қоңырау берілетін уақыт жазылды. Қыздар шашын қос өрім қып еріп, бантик тағатын болды.



  • Макаренко «тәртіпсіз мектеп те бір, сусыз диірмен де бір» деген. Тәртіп болмай, түк те болмайды.

  • Гүлзира тәтей, сіз де бізді Сыдықбек ағайдай ая- май жазалайсыз ба? – деді Кеңес.

  • Жазалағаны қалай? Мен, балалар, баяғының молдасы емеспін ғой.


Балалар Гүлзира апайды құдды әділдіктің туын ұстаған арашашыдай көрді ме, әйтеуір бәрі орында- рынан өре түрегеп, осыған дейін өздері көрген зәбірді жан-жақтан дабырлап айта бастады. Никоға істеген сорақы сұмдықты естігеңде, жаны түршіккен мұғалима қыз орнынан атып тұрып, балаларға қолын көтеріп


«тынышталыңдар» дегеңдей белгі жасады:



  • Аржағын айтпай-ақ қойыңдар. Еңді ондай сұмдық болмайды.


Класс сілтідей тыңды. Мұғалім қыз бізге, біз оған қарап қалыппыз. Бір кезде есін жинап:



  • Ал, балалар, кәне сабақ бастайық. Бүгін он тоғызыншы қаңтар, бір мың тоғыз жүз елуінші жыл. Класс жұмысы, – деп әдемі әріптермен тізілтіп, тақтаға жаза бастады.


 


«Алақай» дедім ішімнен. «Зорлықтан құтылдық».


Мен сияқты бар бала да осы бір тілек үстіңде еді.


Қыздар адам танымастай өзгеріп кетті. Кеше Гүлзира сабақ соңынан қыздарды оңашалап бөлек алып қалған-ды. Қыздар ертеңіне бәрі жаға тағып, шашта- рына гүл сияқтанған шүберек, алдыларына сәтеннен ақ алжапқыш байлап өзгеріп сала берді. Староста Гүлгүл оң білегіне қызыл белгі, тазалықшы Ақбала қызыл крест байлап алған, біздерге «қолдарыңды көрсетіндер» деп жалаң қағады. Мұндайда ұялмасқа шараң қайда?



  • Жеңісбек-ау, тырнағың аңдікінен де бір кем емес екен, – деді Ақбала мырс етіп.


Қойшы, сол күні балалардың жолы болмады. Тек қана Нико мен екі-үш баланың беделі көкке шырқады. Сол күні Гүлзира апамыз бәрімізбен жылы амандасып, ал қыздардың түрін көргенде қуанып кетті.



  • Отырыңдар! Бүгін кім кезекші? Балалар түгел ме? – деді апай көзімен бәрімізді шолып өтіп.

  • Басқанбаев шешесімен бірге қамысқа кетгі.


Отындары таусылып қалыпты.


Гүлзира апай журналдағы Басқанбаевтың фамилиясының тұсына белгі соқты.



  • Бекбосынов Кеңес жоқ. Ол бір күн келіп, бір күн келмейді. Себебі, төртінші сыныпта оқитын ағасы мен екеуінде бір аяқ киім.


Гүлзира қолымен бетін басып, сүлдері құрып орындыққа отыра кетті. Бәріміз тым-тырыс бола қалдық. Кезекші қыз сәл үнсіз тұрды да:



  • Тәтей, Яндамиди мен Каракасиди де бүгін кел- ген жоқ, – деді.

  • Олар қайда?


 



  • Ерғоның шешесі ауру. Диманың киімі жоқ.

  • Әй, байғұстар-ай! Бір айналдырғанды шыр ай- налдырады. Ал, кәне, үйге берілген тапсырманы кім айтады?


Балалар қолын көтерді. Әдетте бей-жай отыра- тын Нико да бүгін ықыласты. Жұрттан бұрын қолын көтерді.



  • Күнсіздерге күн болған Жер жүзіне нұр болған...

  • Жарайсың Нико, күңделігінді әкел.


Сабақ соңынан Гүлзира бізге ата-аналарың, апа- жеңгелерің қыс бойы дамыл көрмей, мал бағып, қар күреп, қамыс жауып, қора тазалап сілесі құрып жүр. Оларға арнап, концерт қойып берейік,– деді.


Балалар жан-жақтан жамырап қоя берді:



  • Апай, Гүлгүл тамаша билейді.

  • Кеңес әнді, тақпақты жақсы айтады.


–Нико сырнайды құйқылжытады. Асылбек домбыра тартады. Гүлзира бізге қарап басын изеп, күлімсіреп қапты.



  • Онда ертеңнен бастап дайындыққа кірісеміз.


Сеңдерге бір өтініш домбыраларыңды ала келіңдер.


 


 


* * *


 


Шынында да бұл біздің ауыл үшін үлкен жаңалық еді. Сол күні қызыл іңірде мал байланып, тамағын ішкен алған кәрі-жас мектепке қарай ағыла баста- ды. Балаларда ес-түс жоқ, бірі домбырасын күйлеп, бірі тамағын кенеп, шымылдық перденің арғы жағы әлекке түсіп әуре. Ар-арасыңда шымылдықтың жап- сарынан ұрланып халыққа көз тастап, әркім өз ата- анасының келген-келмегенін байқап әлек. Гүлзира әрі ағып тұрған домбырашы, әрі мың бұралған биші екен. Былтырғы жылы біздің ауылға кеп «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» ойнап, ән салып, би билеген артистерден бір кем емес. Домбыраны күмбірлете тартып, біздің әнімізді, биімізді сүйемелдеді. Сахнаға Биқош екеуміз шықтық. Мен асықшы баламын да, ол оқуға құлықты, жақсы бала. Екеуміз ел алдыңда айтыстық та кеттік. Мен жалаң аяқ, бет-ауызым кір, киімім де алқам- салқам. Биқош болса мойыныңда галстук, қолыңда оқулық, тәртіпті. Мен: «Асық алып қолыма, сақа ой- насам лей-лей» деп әндетем. Осы кезде менің жаным- нан Биқош өтіп бара жатады да, маған қарап, «Асығың құрысын ойнаған, оқуым жақсы лей-лей" деп әндетеді. Қойшы сонымен екеуміз айтысқа түсіп кетеміз. Ақыры Биқош оқудың жақсы екенін, білімді азамат болып шығатынын айтып, дегеніне көндіреді де, екеуміз до- стасып, мен сақаны жерге атып ұрам да мектепке тар- там. Жұрт мәз. Ду қол шапалақтап:


–Қамысбайдың жалғызының пәлесін қара. Ат


аунаған жерінде түк қалады. Көрерсің мынадан бірдеңе шығады-ей! – десіп бірсыпырасы дауыстап, қалғаңдары Биқошты қоштап:


 


 



  • Бозтай басқарманың ұлы да жарап тұр. Әттең, әкесінің істі боп кеткенін қарашы, – деп мұңаяды.


Сөйткенше үш-үштен жұптасқан алты қыз сахнаға шыға келді. Бәрі бірдей үкілі тақия киінген қыздарды жұрт қошаметтеп, дуылдата қол соқты. Қайран аналар- ай! Әркім өз қыздарын іздеп, көзін көлегейлеп әлек. Концертке келген гректер де қол соғып жатыр. Ішінде Никоның анасы Мария да бар еді. Никоның қайдан тапқаны белгісіз, үстінде кәдімгідей бақташының киімі. Әуелі Нико көрінген жоқ. Тек сахнаның түп жағынан сыбызғы үні талып естілді. Сонан бір кезде «қойшы бала» – Нико көрініп, халыққа ақырын-ақырын жақындай берді.Сыбызғыны ойнап жүріп ар-арасында тарта жүріп, айнала билеп алды. Сыбызғы үнінде сағыныш сазы басым. Саз бірте-бірте талмаурап бара жатқанда, оғаш бір үннен жұрт селк ете қалды. Жалт қараған жұрттың көзі еңіреп жылап отырған Марияға түсті.



  • Е, құдай-ай! Әр халықтың көкірегін улаған өз қасіреті бар. Мына шетте жүргенде шыққан бір шер- ау, – деп күрсінді Құдайберген шал.

  • Сонда бұлар таудың адамдары болды-ау, тәйірі. Біз сияқты бұлар да мал бағады екен ғой, – деді бір қарт кісі.

  • Бұлардың домбырасы сыбызғы болған-ау, сонда, – деді апам тек отырмай, – Менің балама да үйретіпті, осынысын.


Гректер есін жиып алды. Марияны ортаға алып, өз тіліңде әлдене деп еді, үлкеңдеу бірі Никоның сыбызғысын алып ойнап қоя берді. Бірінің бірі қолынан ұстаған гректер билеп ала жөнелсін.



  • О, пәле! – деді Дүйсенбек қарт дауыстап.


 



  • Шерін тарқатсын, бейшаралар. Бөтенсімей қош алыңдар, түге.


Бөлме іші думанға айналып сала берді. Шыр ко- белек айналып билеген гректер, сиқырлы сыбызғы үні, шапалақтаған қол. Ар-арасында бишілер әлдене деп дауыстап қояды. Гүлзира да солардың ішіне қосылып кетті. Бірақ қуаныш көпке созылмады. Ойда-жоқта Зілқараның:



  • Тоқтатындар жын-ойнақты! Ертең жұмыс, – деген қатқыл үні естілді.


 


* * *


 


Ұзынсары ұзара түсті. «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы» да күшіне мінді. Екі-үш күңде май мерекесі басталады. Бірақ терістіктен соққан ызғар әлі толастаған жоқ. «Құдай әйтеуір ар- тын жақсылыққа жазсын», – дейді апам.



  • Никоға бас-көз боп жүр. Ол әлі кішкентай ғой,



  • дейді маған.


Мен басымды изеймін. Айтпақшы Зілқараны иттің етінен жек көріп кеттім. Сонау күнгі концертімізді ауданға хабарлаған екен, мылтық асынған екі әскери адам кеп, гректерді кешкісін мектептің бір бөлмесіне жинап, екі аяғын бір етікке тыға ұрсыпты. Ауыздары- нан антын алып, мұндай жағдай тағы бір қайталанса, қиын болатынын ескертіпті. Гүлзира екі-үш күн тұнжырап жүрді.


Шөп таусылып, жалғыз сиыр күннен күнге арықтап бара жатқалы апамда маза жоқ. Қораға барып, әукесін қасып, жанынан шықпай жүрді де, ақыры бір күні ертеңгісін ауыл сыртыңдағы қалың шиге алып шықтық. Қасымызда Нико бар. Күн демалыс еді. Мылқау дала енді-енді ұйқысынан оянып келеді. Құбыла беттегі бір шоқ тал, ақ қардан тон киіп тұнжырап тұрған ақсақалды адамға ұқсайды. Оның ар жағы дала. Осы бір қыраңда сонау қиын-қыстау қалмақ шапқыншылығы кезінде бабамыз Аталық батыр бес қаруы бойында, өзіне қараған бүкіл әулетті ұрысқа бастап шыққан екен. Қазақтан небір батыр шықса, соның бірі Толыбай. Өзі қара нардай алып. Мінген аты да өзіне сай. Сол бір жаугершілік замаңда далада қалмақ қолы мен қазақ қолы кездесіп, екі жақтың батыры сайысқа шығыпты.


 


Екі жақ ұран шақырысып, қос батыр нағыз айқасқа түскеңде, Толыбай салған жерден көк сүңгіні кеудеден сұғындыра сап, қалмақтың батырын аттан аударып түсіріпті деседі... Содан бері бұл дала Толыбай даласы атанып, ел аузыңда қалған. Бұл апамның айтатын көп әңгімесі. Мынау сол дала. Үйдей-үйдей шилерден атан түйе көрінбейді.



  • Нико, сеңдер жақта осыңдай қыс бола ма?

  • Жоқ, біздің жақта жүзім өседі. Қысымыз жылы, жазымыз қоңыр салқын.

  • Сен онда нағыз мықты жігіт болып өсесің.

  • Қайтіп?

  • Қыстың суығына тоңасың, жаздың ыстығына күйесің. Нико үнсіз төмен қарап отырып қалды. Ақымақ басым, досымның жан-жарасын тырнап алғанымды байқамай қалыппын. Қызыл сиырды же- тектеп келе жатқан апам біздің сөзімізге құлақ салып келеді екен.

  • Ой, бала-ай! Аңдап сөйлесең қайтеді. Ол әлі де үнсіз.

  • Әй, балам-ай. Өмір деген сол. Тағдыр деген тайғанақ. Оған сен кінәлі емессің. Шалқар ағаң тек жақсылық ойлайды. Бұл жақтың балалары қыстың суығына да, шілденің қайнаған ыстығына шыңдалып өседі. Өзің де байқап келесің ғой.Солай емес пе, Нико?



  • деді апам оның арқасынан қағып.

    • Дұрыс айтасыз, апа, – деді Нико күрсініп.

    • Әкемнің сөзі есіме түсіп келеді. Ол Юра екеумізге әрқашан осылай дейтін.

    • Қазір әкең қайда жүр екен, ә? – деймін. Нико үнсіз, төмен қарап тұнжырап қалды.




 


* * *


 


Анадағы концерттен кейін ел ішінде гректерді тағы да қозғайды екен деген суық хабар шыққан-ды. Со- нан бері бейшаралар ес-түссіз, күні бойы жұмыс істеп, кештете үйлеріне келгесін, ешқайда шықпай есіктерін жауып алады. Оларға Зілқара да қатал.


Бір күні... Сол өзі ерте көктемнің бас кезі еді ғой. Бір топ ауыл баласы күнұзын далада жүмыс істеп, күн кештете қайтып келе жаттық. Бәріміз шаршағанбыз. Ішіміздегі тың, оның үстіне өзі де сирақты, желаяқ, ылғи озып кетіп, ерең-серендеп алға түсіп алатын Жеңісбек сол күні де ілгері жақтағы қырқаның басына бізден бұрын шыққан-ды.



  • Балалар, бері келіңдер. Анау не ғажап? – деді анадайдан бізге дауыстап. Біз сүріне-қабына алқынып, төбе басына шықтық. Сонадай ойпаңда отыз түтінді біздің ауыл жатыр. Көкжиекке еңкейіп қалған күннің алқызыл шапағы төңіректі алаулап апты. Құдды бір ертегі ауылдай-ақ. Байжеке ұстаның шоқ талының іргесінде, іркес-тіркес үш-төрт машинаның қарасы көрінеді. Кәдімгі соғыс кезіңде көретін, ағаш қорапты машиналар.

  • Бұл не сұмдық? – деді Жеңісбек бізге қарап.

  • Әй, мыналар Николарды алып кетуге келген ма- шиналар болмасын? – деді Биқош.

  • Иә, дәл солай, – дедім мен.


Төбе басынан ылдиға қарай жанұшыра жүгіріп ала жөнелдік. Шынымен, енді Зілқараның сөзі рас болғаны ма? Қап, енді Никодан айрылғанымыз ба? Сорлы баланы енді қай жаққа әкетер екен? Кавказға әкетсе жақсы болар еді ғой. Әй, қайдам?


 


Әзірге машинаға үш-төрт адам отырыпты. Олар өзіміз екі күннің біріңде көретін көзтаныс гректер. Сұлу мұртты бір офицер бізге таңдана қарап басын шайқады. Шамасы, бұлар қайдан келді, жер астынан шықты ма деп тұрған сияқты. Жүгіріп біздің үйге келдік. Қолында қара сандық, сыртқа шығып келе жатқан Мария бізге есік ал- дында кездесті. Бізді көргенде состия тұра қалды да:



  • Сендер қайда жүрсіңдер? – деп күңк етті.

  • Нико қайда?

  • Ол әлгіңде қағазға бірдеңе жазып жатқан. Бізді тағы қуып жатыр. Қайда апаратынын кім білсін. Тек қазақтарға апарса екен.


Жеңісбек үйге кіріп кетіп еді, іле-шала Никоны ертіп шықты. Жан-жақтан ауыл адамдары жинала бастады. Апамды да көзім шалып қалды. Біз бәріміз Юра, Нико, Марияның қасынан кетпей, қоршап алдық. Не дерімізді білмейміз. Ауық-ауық әлдекімнің сыңсып жылағаны естіледі. Бүгін біздің ауыл малын жайғауды да ұмытып кеткен сияқты.



  • Қап, құдай-ай... Бір үйдің адамындай боп арала- сып кетіп ек, – деді шешем.

  • Нұржамал апай, сіз ғажап адамсыз. Мен сізді ешқашан ұмытпаймын, – деп Мария шешемді құшақтап дауыс сап еңіреп жіберді. Сосын жасын тиып: – Бізде жақсы көретін адамына бір бұйымын сыйлаушы еді, – деп Мария алтын жүзігін апамның саусағына кигізді. Шешем үндемеді. Жанары жасқа толып тұр. Кенет ойламаған жерден қолындағы қос білезігін шеше бастады. Сөйті де білегіне кигізе бастады.

  • Мария қарағым. Аман бол. Ана екі қарғаңды жақсылап тәрбиеле. Бізді ұмытып кетпе.


Екеуі қайта құшақтасты. Кенет Марина апамның


 


құшағынан босанып шықты да есіктің алдына тізесін бүгіп отыра қалды, сосын орнынан тұрып босағадан сүйді. Өз тіліңде әлдене деп күбірледі.



  • Ал енді біз кеттік. Бір сағаттың ішінде жиналып үлгеруіміз керек.


Әп-сәтте төрт машинаның айналасы адамға толып сала берді. Ұзын бойлы әскери жігіт, гректерді қатарға тұрғызып түгендеді де, сосын машинаға отырғыза ба- стады. Нико бізбен қимай қоштасты.


–Тірі болсақ әлі кездесетін шығармыз. Ұмыт- паймын сеңдерді. Рақмет саған, Шалқар, Биқош, Жеңісбек... бәріңе.


Осыдан бір жыл бұрын гректердің келгені есіме түсті. Аш-жалаңаш, әбден жүдеген еді. Қайран елдің құшағы-ай. Жатты жатырқамады.



  • Рақмет сеңдерге! – деді Яңдамиди қарт, – ықыластарыңнан айналдым! Елдігіңе бас идім.


Әскери адамдар аяды ма, бұл жолы өрескел мінез көрсетпеді. Машиналар іркес-тіркес жүріп кетті. Осы бір сәт ең қиын шақ екен.


Адамдар қызық қой. Кешегі күні қасқыр көргендей үдірея қарсы алып еді, енді міне, бүкіл ауыл шығарып салып, кейбір көңілшектер көзіне жас алып жатыр.



  • Әлгі Мәрия екі ұлынан айрылып қалмаса екен. Өзі де аурушаң еді. Қайда жүрсе де аман жүрсе екен,



  • деді апам.


Кешке жатарда апам менің қасыма кеп отырды.



  • Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі естен кетпейді деген рас. Мария бізге бір қап жүгерінің тұқымын қалдырып кетіпті, – деді апам.


Апамның Никоға істеп берген кітаптарын салатын киіз кереқабы көзіме түсті.





Пікір жазу