![](/uploads/shorttexts/author_image/main-3[1].jpg)
ЕСАЛАҢНЫҢ БИЗНЕСІ...
Жындыханадан ақша беріп, «жазылып шыққан» бір есалаң халыққа қызмет көрсету орталығына келді.
--Бүгінге сәлеметсіз бе? Ертеңге де сәлеметсіз бе? Оның арғы күніне сәлеметсіз бе?
--Кешіріңіз, не деп кеттіңіз?
--Ертең де, оның арғы күні де келетін шығармын, соған күні бұрын сәлемдесіп жатқаным ғой...
--Ия, не шаруамен келдіңіз?—деп сұрады беті қуырылған бидайдай қызыл шырайлы қыз.
--Бизнес ашайын деп едім.
--Қандай бизнес?
--Аштан өлтірмейтін...
--Құрылыс па? Әлде газет ашасыз ба?
--Аштан өлтірмейтін...
--Барлық бизнес аштан өлтірмейді, ағай...
--Аштан қатып қалмайтын бизенс ашқым келеді...
--Айтсаңызшы енді...
--Аштан қатырмайтын...
--Туу, ағай, ойнамаңызшы!
--Бизнесімнің аты-- «Аштан қатырмайтын»...
--Бизнес жоспарыңыз?
--Аштан қатырмайтын...
--Ағай, менімен ойнап отырсыз ба, не?
--Бұл ерекше жоба. Аштан қатырмайды. Әлем бойынша мен ғана ашайын деп отырмын! Мен ғана! РНН, сик, өлгенім туралы куәлігім міне. Бизнесімді тіркеу құжаттарын дайындап беріңіздерші..
--Өлгеніңіз туралы куәлігі несі?
--Ә-ә, былтыр мені «өлтіріп» қойғансыздар. Жаңа куәлік аларда солай жазып жіберіпсіздер...
--Жарайды, айтыңызшы, елде жоқ ол қандай бизнес? Көктемде жыны қозатын есуас ыржалақтап, төмен қарады.
--Кешіріңіз, айтуға болмайды. Құпия.
--Құпия бизнес деген болмайды.
--Қаматып жібересіздер...
--Немене?
--Негізі қаматып жіберсеңіздер, өкінесіздер, мұндай бизнес әлемде жоқ! Ия, ия, тіркелген, ашық түрі. Бәрі жасырын бизнеспен айналысады! Шенеуніктер де! Көлеңкелі бизнес!
--Ешқайда хабарламаймын, айтып өлтіріңізші...
--Негізі мен бұл бизнесті жасап, рахатын көріп жатырмын. Аштан өлтірмейді екен. Соны тіркетіп алайын деп...
--Айтасыз ба, жоқ па?
Есуас желкесін қасып, мұрнын шұқылады.
--«Жалған ақша жасау» ЖШС-ны ашайын деп едім... Үйде принтерім бар. Бір миллион теңге басып шығардым. Нағыз ақшадан айыра алмайсыз. Кедей-кепшіктерге жүз мыңнан үлестіріп жатырмын. Олар маған айран, сүт, тіпті ет асып беріп жатыр... Сізге қанша берейін? Миллион? Миллиард?
Ақшадан аумайтын бір бума ақшаны көргенде, қызметші қыз талып қалды...