07.02.2022
  241


Автор: Мұхтар Шерім

ӘУЕЖАЙҒА АТЛАС КӨРПЕ ТӨСЕП ТАСТАПТЫ...

 


Стюардесса жолаушылар ет жеп болысымен:


--«Ет етке, сорпа қалың беттерге» деген бар, кім сорпа ішеді? –деп сұрады.


Жолаушылар арасынан сорпа ішетіндер табылмады. Жілік мүжіп отырған бір жолаушы:


--Қарындас, Алматы әуежайына жақындаған шығармыз?—деп сұрады.


--Біз Алматыға жарты сағыт бұрын келгенбіз,--деп күлімсіреді стюардесса қыз.


--Сонда қалай?


--Әуежайды алпыс жетінші рет айналып жүрміз... Стюардесса әндетті:


Ұшақты адастырған қалың тұман,


Біздерге қастық қылған қай антұрған?


Бұл кезде ұшақ командирі әуежайдағы диспетчермен ұрысып жатты.


--Қонайық па?—деп сұрады командир.


--Болмайды, айнала қалың тұман...


--Енді не істейін?


--Шымкенттің әуежайына қонсайшы.


--Ол жақ рұқсат бермей жатыр.


--Неге?


--Әуежайда той өтіп жатыр екен...


--Қалай- қалай? “Тойы» несі?


--Той өткізетін бір миллионер әуежайды жалға алыпты дейді...


--Онда... онда ертеңге дейін айнала тұрсаң қайтеді?


--Жолаушылардың бастары айналып, бәрі құсып жатыр...


--Бензинің жете ме?


--Прибор көрсетпей қалды...


--Көрсетпегені қалай?


--Ұшақ ескі ғой... Ресейдікі.


--Мұнай ішіп жүрміз, ұшаққа жарымаймыз! Қалған- құтқанды сатып аламыз...--деп тістенді диспетчер...


--Қонуға рұхсат па?


--Ұшақтың доңғалақтары жұмыс істеп тұр ма?


--Ұшақтың о бастан доңғалақтары жоқ...


--Жоғы қалай?


--Қазақстанның ақшасы толық жетпеген соң, Ресей доңғалақтарын ағытып алып қалған ... Содан бері бауырмен жорғалап, бауырмен ұшып жүрміз...


--Ақша... ақша... Желге ұшқан ақшалар-ай, қайдасың? Қу құлқынның жемі болған ақшалар-ай... Рәсуа болған есіл ақшалар-ай! Қайран ақшалар... «Жоғалған» ақшалар, қайда жүрсіңдер?


--Немене, әндетіп отырмысыз?


-Жоқ, жыным келіп отыр...—деді диспетчер.


Аздан кейін экипаж командирі диспетчерге хабарласты.


--Қалайсыз? Қонуға рұхсат па?


--Әуежай әкімшілігі көрпелер тасытып жатыр.


--Оны қайтпекші?


--Ұшағыңыз бауырымен қонуы үшін... Бес шақырымға дейін төсеп тастады.


 


--Көрінбейді...


--Қызыл көрпелер. Қып-қызыл!


--Ия, көрініп қалды... Үстінде әйелдер шәй ішіп отыр ма не?


--Жоға, көрпелер мен көрпелерді көктеп, тігіп жатыр.


--Жиырылып кетпейді ме екен?


--Көрпелерді жерге желімдеп тастаған...


--Қонуға рұхсат па?


--Алла, жар бола гөр, рұхсат етемін!


Ұшақ ұзыннан төселген көрпелерге жақындай бастады... Жақын қалды... Енді қона бергенде, жо-жоқ, енді бауырымен сырғанай бергенде, ұшақ ұзыннан- ұзын төселген көрпеден сырғып шығып кетіп, үлкен жылдамдықпен зулап келіп, әуежайдың темір шарбағын бұзып өтіп, жезөкшелер «клиентерімен» шомылып жатқан саунаны «сүйіп» барып тоқтады. Жалаңаштарға да жан керек, абыройларын алақандарымен уақытша жауып, тым-тырақай қашты... Адам шығыны бар... Қазір арнайы комиссия апаттың себептерін тексеріп жатыр. Комиссия төрағасының айтуынша, әуежай билігі сұмдық қателік жіберген! Көрпелерді кенептен тіктіру керек еді! «Әдемі көрінсін» деп, өңкей атлас көрпе төсеген! Атлас көрпе тайғақ болады ғой! Ұшақтың көрпеден сырғып шығып кетуі де осыдан екен...





Пікір жазу