07.02.2022
  218


Автор: Мұхтар Шерім

ЕРТЕҢІНЕ ЕСІМДІ ЖИСАМ...

 


 


Қызықпын осы, жүздетіп ішіп алсам болды, әуелі Майға, сасын әйелім Майгүлге ұсталып қала беремін... Ішіп алсам болды, жаным жадырап, «он екі де, бірнеше гүлдерім ашылып», әшейінде бір ауыз сөйлемейтін басым, «әңгімешіл» болып, қолдарым ирелеңдеп, кім көрінген туысымдай, дос көрініп, бәрін үйіме шақырып, қонақ еткім келеді де тұрады...


Бүгін де достарыммен бар жоғы бес алты шөлмек арақ ішкенбіз, көлігіме қисайып, қалай мінгенімді «жүз грамдар» біледі... Май инспекторлары қуалап жүріп тоқтатты. Онда да тоқтамайтын едім, көшемен емес, тротуармен жүріп отырып, адамдарды мыжып кете жаздап, қала шетіндегі зираттың ішіне кіріп кетіппін Сол жерде танымайтын бір кісінің


бейіті алдына тізерлеп отыра кетіп:


--Жеткенім осы болды, бауырым, бауырымның ішіндегі тәуірім... Бізге айтпай өліп кеткеніңді бүгін естідім... Жатқан жеріңде светің жарық болсын, қабіріңде жылу болсын, коммуналдық төлемдерің қымбат болмасын, әумин!—деп өзімше «бата» беріп тұрған едім, Май инспекторлары жетіп келді.


--Тұр орныңнан! Неге қаштың, ішіп алып?—деді біреуі басыма ала таяғымен салып қалып.


--Өй-й, ұрмасай! Қойсай...... дедім мен қисалаңдай тұрып жатып.


--«Дупль» массың ғой?


--Кім? Мен бе? Мен өмірі ішіп көрген емеспін!


--Енді не іштің?


--Айран.


 


--Қисалаңдап тұрсың ғой?


--Бауырыма құран оқығалы тұрмын... Буын-буыным босап... Қолдарыңды жайыңдар,--деп өзім шала білетін құранды зуылдата бердім. Май инспекторлары да беттерін сипасты.


--Мына моладағы бауырың ба?


--Ия.Ағам.


-- Қайдағы ағаң? Кемпірдің моласы ғой? Үңіліп қарадым:


--Ой, кешіріңіздер, ағамның екінші әйелі еді...


--Көп сөзді қой! Елбасының не дегенін білесің бе?


--«Судан басқа ішпеңдер» деді...


--Министрді тұрғызып қойып: «Жол апатынан жылына екі мыңнан аса адам өледі. Мас жүргізушілер нағыз қылмыскерлер. Не, біздің елде Сирия соғысы жүріп жатыр ма?» деді.


--Ойбай, мен не, Сирияда жүрмін бе? Сендер Сирияда неғып жүрсіңдер?


--Рейдтеміз.


--Сендер Елбасымыз сынаса ғана рейдке шығады екенсіңдер де? Сирияға кетіп қаласыңдар... Кеше неге ұстамадыңдар? Кеше іштім, оның алдыңғы күні іштім. Мен өзі аптасына, онда да демалыс күндерден басқа күндері ғана ішемін.


--«Бүгін ішкен жоқпын» дедің ғой?


--Ішкен жоқпын. Адам қайғырғанда мас болады...


--Мына апппаратқа үрлеші.


--Үрлей алмаймын. Кіндігім ауырады.


--Құжаттарыңды көрсет.


--Көрсетуге болмайды.


--Неге?


--Суретімді көріп, шошып кетесіңдер.


--Сен бізбен ойнап тұрсың ба, а?


--Жоға. Мен сендерді жақсы-ы көрем! Сендер менің адал достарымсыңдар! Келші, беттеріңнен сүйейінші! Бәріңді үйге қонаққа шақырамын!


Май инспекторын сүймек болып едім, ол қолымды қайырды.


--Ойбай, қолым! Қолым деймін! Қолым протез...


--Протез болса неге ауырады?


--Оны протезден сұра...


--Сендейлердің кесірінен қаншама адам өліп жатыр десеңші?


--Санамаппын...


--Ішіп алып, айналаңа қарадың ба?


--Қарамаппын...


--Протоколдың мына жеріне қолыңды қой.


--Не деп?


--«Маспын» деп.


--Мас емеспін, әшейін кәйіппін...


Олар мені «кәйіп» күйімде алып кетті. Ертеңіне есімді жисам, әйелімнің қойнында емес, айықтырғышта, бір алқаштың қойнында жатырмын-ей!... Құдая, бүйтіп есімді жиғаным құрысын...





Пікір жазу