![](/uploads/shorttexts/author_image/main-3[1].jpg)
АРЫ ТАРТЫП, БЕРІ ТАРТЫП...
Біздің елден бәрі қашып жатыр. “Мен де қашып көрейінші...» деген оймен, ішкі істер министріне келдім.
--Елден қашуым керек...—дедім міңгірлеп.
--Астыңыздан су шықты ма?—деп астыма қарады министр.
--Жоқ...
--Енді не шықты?
--Шөп шықты...
--Астынан шөп шыққандар елден қашпау керек!
-- Алматы қаласының бұрынғы әкімі Мрапунов пен әйелі Мрапунова да жер біткенді сатып, ту талапайын шығарып жеді де, қашты. Банкир Мәблязов ақшаны айранға турап
ішті де, қашты, экс-әкім Мысқалиев қашайын деп жүр... Экс- мемлекеттік хатшы Усин де... Енді мен де қашамын...
--Кешіріңіз, сіз кім болып қызмет істейсіз?
-- Мемлекеттік «Қылғыта беремін!» мекемесінің президентімін...
--Алдымен қылғытыңыз, сосын шетелге қашу үшін виза ашып береміз...
--Сосын?
--Сосын құрметтей отырып, қылмыстық іс қозғаймыз да, халықаралық іздеу жариялаймыз.
--Сосын?
--Сосын сырттай соттай саламыз...
Қуанғанымнан 2030 жылы тағайындалған министрдің маңдайынан шөпілдете сүйіп, сол күннен бастап, қазынаның ақшасын олай да, былай да шаштым. Швейцария банктерінің бірінен есеп ашып, оған миллиардтаған долларды аударып тастадым. Ой, ақша аудару деген-- жер аударудан да оңай екен...
Бір күні астыма қарасам, суың не, фонтан атқылап тұр! Тұра қаштым! Ішкі, сыртқы істер министрлері мен қаржы полициясының бетке ұстарлары жылап-еңіреп шығарып салды. Құшақтасып, қимай қоштастық.
--Біз сені сағынатын боламыз... –деді министрлер көз жастарын сығып....
--Мені интерполмен іздеңдер, сырттай соттай салыңдаршы...—дедім кемсеңдеп...
Не керек, Ұлыбританияға ұшақпен ұшып бара жатқанымда, қырсық шалып... Ұшақта
келе жатқаным есімнен тарс шығып кетіпті, «шылым шегіп келейінші» деген оймен ұшақтың есігін ашыппын да, төменге құлай кетіппін... «Өлді» деген осы шығар? Төмен құлдилап келе жатып, Отанымды ойладым. «Менің елім, менің елім, туған жерім менің, Қазақстаным!» деп әндеттім. Отанымнан қашып бара жатып, Отанымды ойладым ғой! Нағыз «патриот» мендей-ақ болар! Содан жерге былқ ете қалдым. Сөйтсем, Африканың белгісіз бір тайпалары «Көктен құдайымыз келе жатыр!» деп ойлап, мені аюдың терісімен қағып алыпты... Құдайларындай көріп, сол күйі таққа отырғызды. Мұнда сайлау деген атымен жоқ екен. Нағыз демократия! Тақталас, бақталас, ақша талас, жер талас, дегенді білмейді. Рахат! Біздің елдегідей сырттай соттамайды да... Тайпа көсемі болса керек, қасыма келіп, мұрнымды шұқылады да, қасындағыларға қарап: «Міжә-піжә...» деді. Сол екен, екі жалаңаш еркек жетіп келіп, кйімдерімді шешіп алып, абыройдан жұрдай, қысқасы саунада жүргендей тырдай етті де, жан-жағы алтынмен әшекейленген жапырақ берді. Не істерімді білмей тұрғанымда, бірі қолымнан жұлып алып, абыройыма жаба салды. Сөйтіп, мені таққа көтеріп отырғызды. Бәрі құлдық ұрып, табанымды иіскеп жатқандарына қарағанда, мен осы тайпаның көсемі болып сайланған сияқтымын Біздің
елдегі шенеуніктің балапан балалары сияқты бірден орын таққа... Не керек, белгісіз тайпаның төрт жыл көсемі болдым. Тайпаның ең сұмырай қызына үйлендім. Мұнда ең сұлу деген қызарының өзі сұмырайдай екен. Жейтінім—жылан етінен қақталған кәуап, қолтырауын жұмыртқасынан пісірілген бифштекс, жираф құлағынан жасалған сорпа...
«Құдайым-ай, қайда тап болдым?» деп жүргенімде, қайран Қазақстанымнан бір топ делегация келді.
Менің осы тайпада жүргенімді келесі бір тайпада жүрген қашқын айтып қойыпты. Әне, қазақ осылай бірін бірі сатып кетеді... Қызық болды, тайпаның бұрынғы көсемі мені бермейтінін айтып, жерге жата қалып жылады. «Бұл біздің елдің азаматы. Сырттай соттағанбыз. Алып кетеміз!» деп сыртқы істер министрлігінен келген өкіл де өкіре жылады. Бір кезде қарасам, әйелім жүгіріп келіп, мені құшақтай алды.
--Қайда барасың?—деп сұрады қазақ тілінде. Мен оған төрт жылдың ішінде қазақ тілін үйретіп қойған болатынмын.
--Түрмеге...—дедім мен.
--Неге?
--Былығым басымнан асады...
--Сен мұнда «таза жүрдім» деп ойлайсың ба?
--Ойбай, не істеп қойыппын?
--Сен не істемедің, төрт жылда? Бір камаз аю терісін көрші тайпаның көсеміне саттың. Сөйтіп, оның қызымен көңілдес болып, бір үңгірде үш ай жаттың! Алтын жапырақтардың алтындарын сыпырып, өз алдыңа жинадың... Бірімізді бірімізге жамандап, алауыздық туғыздың... Біз жамандау дегенді білмейтінбіз...
--Әй қатын...
--Қатын деме! «Қап-- қарачкам» десең болмайды ма?
--Қап-қарачка, саған не болды? Жерлестерімнің алдында ұялтпасаңшы...
--Бұрын ру, жүзге бөлінуді білмейтін едік. Бір тобымызды дулат, бір тобымызды қоңырат, енді бір тобымызды адайсыңдар деп атадың, қырылып қала жаздадық қой, енді түк болмағандай кетіп бара жатырсың.
--Хош бол, халықаралық некедегі әйелім менің!
Мені отандасым сүйрей бастап еді, бұрынғы көсем де кері сүйреді. Сосын отандастарым жабыла қолымнан тартты. Тайпа жалаңаштары да қарап тұрмады. Мәссаған, бір қарасам, белімнен бөлініп кетіппін. Содан менің кіндігімнен төмен орналасқан аяқтарымды сырттай сотталғандықтан, түрмеге қамады. «Қашып кеткен, былық біткенді басып кеткен аяқтар...» деген баппен...