07.02.2022
  241


Автор: Мұхтар Шерім

ҚАЙТА-ҚАЙТА ҚҰЛАЙ БЕРГЕНI НЕСI?

 


 


(Интермедия)


Жастар саябағы. Ары-берi өткен жүргiншiлер. Көңiлдi музыка естiледi. Жігіт әлдекiмдi тағатсыздана күтiп тұр.


ЖІГІТ (жымиып): - Мен бүгiн өте қайырымды, өте кеңпейiлдi болуым керек. Жолым болсын десем, кiсi баласына жақсылық жасап үлгерейiн. (Ары-берi жүредi). Е, құдай, жолым болсын! Егер махаббатта жолым болсын десем, жақсылық жасап бағайын. (Жан- жағына қарайды). Не iстесем екен? О, кемпір келе жатыр! Шiркiн-ай, аяғы тайып, құлап қалса екен. Неге құламайды? (Жүгiрiп жанына келедi). Сәлеметсiз бе, әже?!


Әжей (таңырқап): - Танымадым, шырағым...


ЖІГІТ (қолтықтап): - Әже, күшiк жетектеп келедi екенсiз. Сiз қазiр сүрiнiп құлаңызшы, жақсылық жасап, орныңыздан тұрғызайын.


Әжей (ренжiп): - Кәрiге күлiп тұрсың ба? Аузында тiсi жоқ, томпиған iшi жоқ, қарны аш, желкесi тас кейуанаға күлiп тұрғаның не?


ЖІГІТ (күлiп): - Әже, жасыңыз қаншада?


Әжей (көзiлдiрiгiн сүртiп): - Қыздың жасын сұрамайды, шырағым.


ЖІГІТ: - Әжей, маған көмектесiңiзшi... Менiң сiзге жақсылық жасағым келедi. Сол жақсылықты мен сүйген қыз көрсе екен, “неткен мейiрiмдi жiгiт едi!“ деп iшiнен түйсе екен. Қазiр бiрер минөттен кейiн сол қызбен сөйлесiп тұрғанымда мына тұстан өте берiп, (жүгiре түсiп, сол тұсты көрсетедi) сүрiнiп құлаңызшы. Мен сiздi қолтығыңыздан демеп жiберейiн. Сiз болсаңыз көтерiңкi дауыспен “Рахмет, шырағым, сүйгенiңе қосыл!»


 


деңiзшi. (Жыламсырайды).


ӘЖЕЙ:--қой, жылама, балам...


ЖІГІТ: --Өтiнемiн, тәңiр жарылқасын сiздi, ақысын алдын-ала төлеймiн. Мiне, мың теңге. (Қолына ұстатады). Сосын бiзге бал ашып берiңiз. Сол кезде тағы мың теңге беремiн. Құдайға шүкiр, ақшам жетедi. Жекеменшiк фирмам дүрiлдеп, астымда иномаркам гүрiлдеп тұр.


Әжей (теңгенi жоғары көтерiп): - Шырағым, мынауың жалған теңге емес пе? Қазiр жалған теңгелер көбейiп кеттi ғой.


ЖІГІТ: - Мың теңге! Әже, мың теңге!


Әжей (теңгенi шүберекке түйiп, қалтасына салады): - Рахмет балам, көк жөтел болсаң жазылып кет, туберкүлез болсаң сауығып кет, шиқан шықса құтыл, картожник болсаң ұтыл, жаман әдеттен аулақ бол дегенiм ғой. Шырағым, алақаныңды жайсаңшы, мен бата берiп тұрмын ғой.


ЖІГІТ: - Әже, батаңызды қоя тұрыңыз, келiстiк қой? Әжей: - Келiстiк  шырағым...


ЖІГІТ (қуанып): - Әже, бұл жерден көрiнбей тұрыңызшы, мен сүйiктiммен хабарласайын. (Ұялы телефонын алады). Әлеу, Ойбике, жаным! Құдай үшiн келшi! Саябақтың алдына, әңгiме бар. А, келе жатырсың ба? (ұялы телефонын өшіріп жатып) Әже, сiз анау тұстан көрініңіз! Неғып тұрсыз қақиып? Барыңыз!


(Кемпір кеткен соң жігіт әрi-берi жүре бастайды. Шыдамсыз. Сағатына қарайды.


Бiр кезде әдемi қыз қол шатыр көтерiп келе жатты). Жігіт (алдынан жүгiре шығып): - Сәлем, Cандуғаш! Қыз (кербезденiп): Неге шақырдың?


Жігіт (қолынан сүйiп): Сенi көргiм келдi. Егер келмесең “мерседеске“ қағылып, өлгiм келдi.


Қыз (сәкiге отырды): - Айттым ғой, мен сенi жақсы көрмеймiн. Жігіт: - Немене, соншама «уродпын» ба?


Қыз (салқын ғана): Жiгiтiм бар.


Жігіт: - Немене, ол менен артық па едi? (Қолынан ұстады). Жаным менiң! Қыз (қолын тартып алып): Қойшы...


Жігіт: - Менде ақша көп. Миллионермiн!


Қыз: - Миллиардер болсаң да жүрегiмдi жаулай алмайсың..


(Осы кезде кемпiр келе жатады. Мыжбан оған көз қиығымен қарап, “сүрiнiңiз“ деген белгiмен қолын сiлтейдi. Кемпiр сүрiне алмай өтiп кетедi).


Жігіт: - Саған үйленбей қоймаймын. Ант етемiн. Әлi өзiң-ақ жалынасың. Қыз көп, бiрақ “на зло“ саған үйленемiн. Үйленемiн де ажырасып кетемiн.


Қыз: - Немене?!


Жігіт (сөзiнен айнып): - Дейтiндердiң сортынан емеспiн.


(Кемпiр екiншi қайтара келе жатады. Бiр кезде сүрiнген болып құлай кетедi).


Жігіт (жүгiрiп жанына келiп, қолтықтай тұрғызады): - Апа, қай жерiңiз ауырады? Құлап қалдыңыз-ау, қатты қорықтыңыз ғой? А-а-а деңiзшi! Мiне, мiне! (Таңдайын көтередi). Ештеңе етпейдi.


Қыз (әжейдiң екiншi қолтығынан ұстап): - Әже, мұнда отырыңыз. Демалыңыз. Әжей (алқынып): - Ақша берсе қайта-қайта құлай бергiм келедi, шырағым!


Жігіт: - Әже, жасыңыз қаншада?


Әжей (аңқауланып): - “Қыздың жасын сұрамайды“ дедiм ғой. Менi алатындай қайта-


 


қайта сұрай бередi екенсiң.


Жігіт: - Әңгiмеге тартып жатқаным ғой, әже...


Әжей (көйлегiнiң етегiмен көзiлдiрiгiн сүртiп): - Шырақтарым,   менiң көрiпкелдiгiм бар. Қызым, алақаныңды жайшы! (Бiлегiнен ұстайды). Кейiн сөз жоқ кемпiр болады екенсiң, шырағым.


Қыз (күлiп): - Қартайғанда шалға айналып кетпейтiн шығармын, апа!


Әжей: - Мына жiгiттi көңiлiң қаламайды екен. Бiрақ, бұл жiгiт жақсы адам, шырағым. Болашақта министр болатын түрi бар. Егер бұған тимесең, бағың ашылмайды, шырағым.


Қыз (қолын тартып алып): - Апа, жаман сөзiңiз өтiп кеттi. Менiң өз сүйгенiм бар.


Жігіт: - Әжей дұрыс айтып отыр. Маған бәрiбiр. Бағың ашылмай қалады ма деп жаным ашиды да.


Әжей (орнынан тұрады): - Қой, мен кейiн келейiн. (Жүре берiп). Шырағым, беретiнiңдi...


Жігіт (қолтықтап): Ақырын сөйлеңiз, әже! (Қолына бiлдiрмей 500 теңге ұстатады). Әжей: - Тағы қоссаңшы, шырағым...


Жігіт (дауысын көтере): - Ал жақсы, әже, ендi құламаңыз. (Дауысын бәсеңдетiп). Бұдан былай ештеңе сұрамаңыз.


(Кемпiр кетедi де, қайта келе жатып, сүрініп кетеді.)


Жігіт (ұшып тұрып): - Не болды, әже, тағы құладыңыз-ау?..


Әжей (оның құлағына сыбырлап): - Жаңағы берген ақшаңды қай қалтама салдың? Таба алмай тұрмын.


Жігіт: - Әже, табаныңызды жалтыратыңыз!


Әжей: - Шырағым, тағы құладым ғой. Бiрдеңе бересiң бе? Жігіт (500 теңге ұсынып): - Мынаны алыңыз да құрыңыз!


Әжей (кетiп бара жатып): - Рахмет, балам! Көсегең көкпеңбек болсын! Қыз (күлiп): - Қызық кемпiр екен.


Жігіт: - Бұзық кемпiр.


Қыз: - Жақсы, мен кеттiм. Жігіт: - Бiз әлi кездесемiз.


Қыз: - Құдай төбеңдi көрсетпесiн. Жігіт: - Хабарласамын, жаным!


Қыз: - Мен сені сүймеймін!.


(Бойжеткен кетедi. Жігіт күрсiнiп, күңiренiп тұрғанда әлгi кемпiр тағы келе жатты).


Жігіт (қатты айқайлап): - Тағы құлайсыз ба, құлаңыз! Тырайып, тұрмай қалыңыз.


Қайта-қайта құлай бергенi несi?! Барыңыз, е!..


Әжей (күрсiнiп): - Қайдан бiлейiн, шырағым? Төлемедiң деп газды, светтi қырқып кетiп едi, соған жеткенше жығыла берейiншi деген жазығым ба? Үйбай, белiм... Сонша айқайлағаны несі? Осы жасымда қайта-қайта құлай берген маған рахат деймісің? Үйбай, белім...


(Бүкшеңдеп кете барады).





Пікір жазу