07.02.2022
  183


Автор: Мұхтар Шерім

ҚАЗІР «СЫНДЫРАМЫН!»

 


Менің тілім төрт метр белдік сияқты... Сала құлаш.... Кез-келген қызды, мейлі ол миллионердің шіренген бикеші болсын, мейлі, ол бананның қабығын жалап, шашын шанышқымен тарап жүрген кедейдің қызы болсын, «шесть секөндтте» сындырамын!


«Сындыру» деген, біздіңше, жастар тілімен айтқанда көндіру, өзіңе қарату, өзіңнің артыңнан сүмеңдетіп қою деген сөз.


Досым екеуміз аялдамада айға қарап тұрғанбыз. Аузыңа сала қойып, шайнамай жұта салатындай сұлу-у-у қыздар келді. Бір шелек су ішсең, асқазаныңда шомылып жүретін аққулардай екен...


--Мен қазір қыздарды «сындырамын...» --дедім мен.


--Аспанға қарап қалыпты, «сынбайды»,--деді досым.


--Сындырсам ше?


Бір кемпір бізге бұрылды.


--Әй, нені сындырасыңдар? –деп сұрады.


--Апа, ештеңені...


Ол қалтасынан қатып қалған қара құртты шығарды.


--Мына құртты сорып жүргеніме жеті жыл болды, жабылып сындырып беріңдерші... Кеңкілдеп күліп тұрған кемпірден әрі кеттік.


--Әдемі қыздар екен,--деді досым ет жейтіндей тамсанып.


--Туфлиінің өзі отыз мың теңге тұрады!


--Алпыс мың теңгелік алтын сырғасын айтсаңшы!


--Кіндіктеріне де алтын сырға тағып қойыпты...


--Мына қыздармен қатар отырып, алты күн аш қалғанның өзі неткен бақыт!


--Көздері « мерстің» фарларындай...


--Құлақтары «Джип» есіктеріндегі айна сияқты...


Мен жалмауыз   сияқты   жұтынып   қойып,   қыздарға   қарай   жақындадым.   Қазір


«сындырамын...» Қолымдағы ұялы телефонымды жерге түсіріп алған болып, оны алып жатып еңкейіп, бұтымның арасынан қарадым. Қыздар төңкеріліп қалыпты. Қөзімді қыстым. Олар «мынау ноқалай ма?» дегендей, бір- біріне қарады. Сол арада досым қолымнан ұстай алды.


--Олар сынбайды,--деді ол.


--Неге?-- деппін.


--Сынып-сынып, майда, майдө-ө шиша болып кеткен қыздар сияқты...


--Қазір сындырамын...


Досымнан сытылып, қыздарға жақындадым.


--Қыздар, мен 89-бын, сендер ше?


Қыздар тұра қашты... Соңынан сүт іздеген бұзаудай болып, қуып келемін. Бар ойым,


«сындырмай» қоймаймын. Ұялы телефон нөмірлеріне дейін жазып аламын! Аттарын да сұрап, қай универде оқитындарын да біліп аламын! Осыларды тындырмасам, куәлігімде жазылған атым өшсін! Жүрген жеріме шөп өспесін, банан өссін... Жыным жыртылып


 


жерде қалғандай, далақтап келемін. Мен тиіскен қыздар бір екі «движениеден» кейін оқ тиген қояндардай құлай кететін... Ұялы телефонымда тоқсан тоғыз қыздың аты-жөндері жазылған! Оның тоқсан сегізі шекілдеуік шағып жүріп, шет елдіктерге тұрмысқа шығып кетті... Тоқсан екісі күйеулерінен ажырасып келді... Жетеуі күйеулерінің қолынан қаза тауып, төртеуі тіріліп кетті...


Екі кештің арасында жүгіріп келе жатып, артыма аңырайып қарасам, досым «Қара жорғаға» билегендей жүгіріп келеді екен. Тобық жұтқандай, тоқтай қалдым. Ол мені басып озып кетті... Қайтадан кері жүгіріп, қасыма тоқтай қалды да:


--Ойбай, бұлар хрустальдар екен! Сынбайды!—деді көздері жерге түсіп кете жаздап.


--Қымбат «люстралар» болса да сындырып берейін бе?—деймін намысқа тырысып.


-- Шіренбай Қақиғанов деген мәжіліс депутатының тоқалдары екен! Құримыз!


--Оны кім айтты?


--Әне, оқ қағарлары келеді...


Шынында шыңғырып, төрт жігіт жүгіріп келеді екен. Екеумізде үн жоқ. Қыздарды көрсем, құтырып шыға келетін көңіл-күйім нәскиіме түсіп кетті. Бір қарасам, екі қолым салбырап, терісіне ілініп қалыпты... Мұрынымның сүйегі сынса керек, дем алған сайын жоғары төмен желбірейді... Сынған тістерім жерде шашылып жатыр... Досымның аяғы сынса керек, ақсаңдай келіп:


--Құтты болсын...--деді. Өтірік қашқан болып, қулық жасаған қыздар да бізге тілдерін шығара мазақтап, ақ шағаладай «Джипке» отырып жатты. Өзімді жек көріп кеттім. Сұлу- у-у қыз болып туылғанымда ғой... Ресей президенті Путинді «сындырар» едім! Обаманы


«сындырар» едім! Ислам Каримовты «тындырар» едім... Ойе-бай, осы жерден тоқтайын, жұрт не деп ойлайды...





Пікір жазу