КІМНІҢ ҚҰЛАҒЫ?
Жағдайым жағадан, көңілім көлеңкемнен тартып, кеңкелес адамдай кеңкілдеп күліп келе жатқанмын. Қашанғы «Жұмыс жоқ, бала-шағамды қалай асыраймын?» деп қайғыра бермекпін?» Осылай ойлап, өзімнен-өзім күліп келе жатқан бетім ғой. Бір кезде бір бай келіншек көше жиегінде тұрған «Джипіне» отыра бергенде, оң құлағы түбінен сыпырылып түсіп қалды! Сенбейін десем, жерде құлақ жатыр, сенейін десем, құлақ деген қырық градус аязда да қырқылып түспейтін еді... «Джип» кетісімен аш иттей жан-жағыма жалтақтай қарадым, құдайым-ау, мынау жатқан жәй құлақ емес, қымба-а-ат алтын сырғасы жылтырап жатқан «женский» құлақ қой!
Бір кемпір құлаққа қарай құлдыраңдап келе жатты. Алып қоятын болды-ау, жалма-жан жүгіріп, құлақтың қасына келгенде, көк мұздан тайып жығылғандай болдым да, құлақтың үстіне құлап түстім. Кемпір келіп, қолымнан тартты.
--Осы ғой енді! Көшеге құм сеуіп қойса болады ғой! Кәрі де, жас та жығылып жатыр! Қала әкімі қалтасын ойлағанша, осыны да ойласа еді! Әй жүгермек, неғып жатырсың?— деген кемпірге рахметімді айтып, екі ортада құлақты қалтаға сүңгітім жібердім де, былай шығып, құлақты қолыма алдым. Жасанды құлақ екен. Миллионер әйелдің құлағын о баста ит жеп қойған ба, немесе қарақшылар қырқып әкеткен бе? Пластикалық құлақты бірінші көруім... Құлақ қуанышымды көтеріп, үйге келсем, әйелім алдымнан айқайлап шықты:
«Қайыршы болсаң да ақша тап, үйде жылан жалайтындай май жоқ, шайтан ішетіндей шай жоқ!»--деді. «Қатын, менде құлақ бар!» дедім жымыңдап. «Құлағы несі? Кімнің құлағы?» деп сұраған әйеліме қалтамнан жасанды құлақты алып, алдына тастай салып едім, қорыққанынан ыршып түсті... «Ойбай, біреудің құлағын ұрлап алғансың ба?» деп жаны қалмады. Дегенмен, әйел заты емес пе, алтын сырғаны көріп, жымың-жымың етті.
«Ақыры ұрлаған екенсің, екінші құлағын да түбімен жұлып алмадың ба?» деп қояды.
«Жолдан тауып алдым» десем, сенбейді ғой. «Алтын сырғаны сатып, бір байып қалатын болдық!» деп тұрғанымда, облыстық теледидардан мана мен көрген миллионер әйел сөйлеп отыр! Өзімнің құлағым түбінен қырқылып, түсіп қалғандай, құлағымды тостым.
«Құрметті құлақтары қалқайып, көңілдері марқайып, аман есен жүрген қала тұрғындары! Кезінде қарақшылар құны бір миллион теңге тұратын алтын сырғам үшін құлағымды түбінен қырқып әкетіп еді. Бүгін түсте Германияда жасатқан алтын сырғалы жасанды құлағым түсіп қалыпты, соны тауып алғандар болса, құлағымды қайтарса екен, сүйіншісіне еркек болса, өзіне тиіп аламын, әйел болса, үйіме қызметші етіп, жұмысқа орналастырамын!» дегенде, алақанымды ысқылап, қуанып кеттім. Әйелім басыма сыпыр- ғысымен қойып қалды, «Неменеге мәз болып отырсың? Немене, мені тастап, миллионер әйелдің үйіне кіріп алғың келеді ме?»--деп көздерінің қарасын бір-біріне өткізіп жібергенде, жүн жұтқандай жым болдым. Не керек, әйелім жұмысқа орналасып еді, екі күннен кейін жұмыстан шығарып жіберді. Әйелімнен сұрасам, тоңазытқышын ашып, ішін қалай жалап-жұқтап қойғанын өзі де сезбей қалған...
Әйелім айтты: «Қалай күн көреміз?» Мен далаға шығып, күнді көріп келдім. Өз орнында екен. Бізде халық қалтасынан байып, күнді де сатып алатындай миллиардерлер бар емес пе? Құдайға шүкір, күнімізді күнде көріп жүрміз, бірақ аштан бұратылып, өліп жүрміз... Мекемелерге жұмыс сұрап барсаң, «шляпа» сұрайды, ал менде тесік тақия да
жоқ...
Бір күні көшеде кемсеңдеп келе жатқанмын... Бір миллионер шал қымбат көлігінің қасында есінеп тұрған еді, аузындағы алынбалы салынбалы тістері «оптом» түсіп қалды. Шал оны байқаған жоқ, есінеп-есінеп алды да, машинасына отырып, кетіп қалды. Көздерім тістерді тіміскілеп еді, құдай беремін десе аспаннан да алтын жаудырады, алтын тістер жарқырап жатыр! Бір кемпір келе жатыр еді, жүгіре беріп, алтын тістердің үстіне шалқамнан түскен болдым. Кемпір кеңкілдеп күлді: «Сен жүгермек, маған қырындап жүрген жоқпысың өзі? Өткенде де осы жерде құлап едің?» --деді де, кетік тістерін көрсетіп, кетіп қалды. Алтын тісерді қалтама сүңгітіп, үйге зыттым. Әйелім алдымнан айқайлап шықты.
«Үйде ет жоқ, сенде бет жоқ, пісте майдан да бір қасық қалды, құмшекер де, сабын, порошок та таусылды!» «Қатын, қапа болма, алтын тістер тауып алдым!» дедім. «Осы сен- ақ, адамның дене мүшелерін тауып жүреді екенсің...» деген әйелімнің алдына алтын тістерді лақтырып жібергенімде, ол ыршып кетті. Әйел заты емес пе, алтын тістерді көріп, ыржиды. Мен де ыржидым, осы кезде теледидардан миллионер шал сөйлеп кеп бергені!
«Тістері түгел қала тұрғындары! Жасанды алтын тістерім жоғалды, салмағы сегіз килограмм... Сүйіншісіне кедей әйел болса, әйелдікке аламын, кедей еркек болса да аламын...» деп бөсіп отыр. Әйелім қуанып кетті. Басына сыпырғымен салып қалдым:
«Немене, тиіп алғың келіп отыр ма?» Содан өзім бардым. Алтын тісті иті бар екен. Ағылшын тұқымдысы «жалғызсырайды» екен. Сол итінің қасында еңбектеп жүріп, үретін жұмысқа қабылдандым. Айына екі жүз доллар! Күнде үруге барамын, үріп қайтамын. Табан астында «ит» болып кеттім. Миллионердің үйіндегі иттен айырмашылығым, менде алтын тістер жоқ, есесіне құрттаған тістерім көп. Кейде, ауырып қалсам, менің орныма әйелім ұрғашы ит болып, үріп қайтады, «мынауың блатной жұмыс екен» деп күліп қайтады... Е-е, ит өмір-ай десеңізші...