07.02.2022
  141


Автор: Мұхтар Шерім

ІЗДЕУ ЖАРИЯЛАЙМЫЗ!

 


Біреу ат басындай болмаса да, албастының көзіндей алтын тауып алады, біреу жолда келе жатып, ақша сауып алады, енді біреу насыбай толы шақша тауып алады. Солай ғой енді... Ал, облыстық ішкі істер департаментіне жаңадан келген тергеуші Беткеайтарұлы, мына мен бір күні аяғымың астынан ӘДІЛЕТ тауып алдым. Шалажансар екен... Өлейін деп жатыр екен. Қасында Әділетсіз шалқасынан түсіп, шұжық шайнап жатыр... Дереу Әділетті қалтама сала қойдым.


Кабинетіме кіргенім сол, «Бастық шақырып жатыр, шақырғаны былай тұрсын, аузын апандай ашып, бақырып жатыр!» деген дені дұрыс емес хабар алдым.


--Шындықбай Беткеайтарұлы, қалтаңызда не бар?—деп сұрады генарал-майор.


--Қалтамда? Тас та жоқ...


 


--Не бар деймін?


--Қыл-қыбыр, шаш та жоқ...


--Тергеу бөлімінің бастығы сенің жерден еңкейіп бірдеңе тауып алғаныңды көріпті. Сенен сұраған екен, «Әділдет тауып алдым» депсің.


--Ойнап айттым.


--Жоқ, ойлап айттың!


--Кешіріңіз, біздің елде Әділет бар ма өзі?...


--Көрсетіңіз, Әділеттің қандай болатынын көрейік!


--Жоқ, сіздер оны қамап қоясыздар, немесе, көзін жоясыздар...


--Бастығыңыза бағынбағаныңыз үшін қызметтен босатамын! Сіз боссыз!


Онсыз да, осы қызметке келгелі әділет жолында жүргенім үшін бөлім бастығына, ол аздай, басқарма бастығына «бір түрлі адам, пара алмайтын надан» болып жүр едім, енді міне, қолымда пәпкі, не басымда полицейлік шәпкі де жоқ! Әділдікті қойныма жылытып, көшеде келе жатыр едім, екі полицай жаныма жетіп келді.


--Ақ костюм-шалбар, ақ туфли киіп алыпсыз,--деді бірі қолындағы шелекті артына жасырып.


--Аққа Құдай жақ...


--Қараға да Құдай жақ... –деді екіншісі ентелеп.


--Айтыңызшы, Аққа Қара жұғады ма?


--Жұқпайды...—дедім мен.


--Өй, мынау ештеңе ұқпайды!—деген біріншісі шелегіндегі қара бояуды шөткесімен үстіме жаға бастады... Сөйтті де екеуі тырқылдап күлді. Жүрегім ақ, үстім қара дақ болып үйге келдім. Жер бетіндегі әділетсіздіктерге, еліміздегі қара дақтарға, әсіресе, ішкі істер органдарындағы былықтар мен соттардағы солақай тірліктерге жыным келіп, ой бір жыладым! Ия, іштей жыладым... Сөйтіп ішкі істер министрлігіне барып, жүрегімдегі Әділетті көрсетіп едім: «Кешіріңіз, кейде танып, кейде танымаймыз...» десті. Парламенттегілер: «Әділет деген осы екен-ау! Кешіріңіз, әділет!»-- деп тамсанып қана қойды... Шенеуніктердің біразы Әділетті танымайды екен... Есесіне Жағымпаздарды, Жалақорларды, әділетсіз Екі Жүзділерді жақсы танитын болып шықты... «Қызметіме қайта келермін!» деп ойланып, ұйықтап кетіппін. Түн ортасында шошып оянсам, қойнымда біреу жатыр!


--Кешіріңіз, сіз кімсіз?—деп сұрадым атып тұрып.


--Жалагүлмін,-- деді ол.


Кешікпей, «Әділетсіздікті жүрегіне жасырғаны үшін, Ақты өлтіріп, Қарамен сыбайлас болғаны үшін» деген жаламен түрмеге түстім. Құдайым-ау, мұнда шатаққа шатысы, қылмысқа қатысы жоқтар, Жаланың көрпесін жамылып жатқандар көп екен! Көңілім көң астында қалғандай, біреу жүрегімді турап, мұздатқышқа салғандай, сағым сынып, іштен тынып жүргенмін. Қазір түрмелерден қашып кету сәнге, тіпті әнге айналды емес пе, бір күні күзетшіге:


--Ананы қара, ананы қара!—дедім.


--Ештеңе көріп тұрғаным жоқ,--деді ол.


--Ананы қара, қылмыскер күннің сәулесіне өрмелеп, қашып барады!


Күзетші көзін көлегейлеп тұрғанда, зып беріп, қаша жөнелдім. Қашып бара жатып, көшедегі хабарландыруға көзім түсті. Онда: «Әділетке, Аққа, Иманға халықаралық іздеу жариялаймыз!» деп жазып қойған екен. Көзім қарауытып, құлап түстім. Бір кезде көзімді


 


ашсам, Әділетім шала-жансар, өлейін деп жатыр, Ал, ӘДІЛЕТСІЗДІКТІҢ қолында қара күрек, оны көмейін деп жатыр... О, дүние-ай...


 





Пікір жазу