«АУЫЛДА АТАМЫЗДЫҢ БАСЫ БАР!»
Халықтың қамын, елдің ертеңін ойлайтын да мәслихат депутаттары. Осы кеше ғана облыстық мәслихат депутаттары «Дәрігерлер ауылға барсын! Сондай акция ұйымдастырылсын! Заманауи технологиямен жабдықталған көшпелі медицина ауылдарды араласын!»-- деп бір депутат қызып сөйледі, «Ауылда атамыздың басы бар ма? Шығынданып қайтеміз?»-- деп екінші депутат сөзінің астын сызып сөйледі.
Қойшы, не керек, «Ауылда атамыздың басы бар...» атты акция ұйымдастырылып, дәрігерлер жолға шықты. Олар Бетпақдалада жүрген бір жындыны ұстап алып:
--Қай жерің ауырады?—деп сұрады. Жынды ыржалақтап:
--Бір жерім...--деді.
--Қай жерің?
--Айтпаймын.
--Айтсаңшы...
--Қараңызшы...—деген ол отыра кетті,--табаныма тікен кіріп кеткен...
--Қашан?
--Осыдан он жыл бұрын...
Онколог жындының табанында «атың өшкір» жаман аурудың жоқ екенін анықтап, тіс дәрігері тікеннің тіске залалы жоқтығын айтып, гинеколог тікен кіргеннен толғақтың келмейтінін, өйткені, бұл кісінің еркек екенін анықтап, хирург табанын тіліп жіберіп,
«тентек» тікенді суырып алды!
Келесі ауылға тоқтаған дәрігерлер қымыз ішіп отырып, ауылдағы аурухананы мал дәрігері басқарып отырғанын көріп, таң қалды. Маман жетіспейді екен, акушер әйел тіс дәрігері, әрі невролог, әрі... Содан не керек, тамағына балықтың қылтанағы тұрып қалған ақсақалға тегін көмек көрсетілді. Ауданнан комиссия келгенде тілін тістеп алған ауыл әкімінің тілінен қан алынып, облысқа такси арқылы, зертханаға жіберілді. Хирург жас қыздардың құлақтарына сырға тағу үшін инемен тесіп, иод жаққаны үшін алты мың теңгеден алып жатты... Түс қайта бір әйел келді.
--Кешіріңіздер, көзім...—деді.
--Көзіңізге не болды?—деп сұрады көз дәрігері.
--Көзіме қараң қалғыр, жарық дүниеде сорлап өткір, бақытсыз болып, уланып өлгір, өмір бақи ызыңдап, жылап өткір...
--Біреу ұрды ма? Көзіңізге?
--Кім ұрушы еді мені? Ұрып тұратын күйеуім де жоқ... Көзіме шыбын тышып кетті... Ұятсыз десе...
Дереу көзге дезинфекция жасалынып, «бүлдіріп кеткен» шыбын тұтқындалынып, таксимен облыстағы зертханаға жіберілді... Облыстық мәслихат депутаттары осы акция үшін бюджеттен жеті миллион теңге қаржы бөлген еді, балалардың табандарынан төрт мыңдай тікен алынды... Өй жүгермектер десе, жазда жалаң аяқ жүргендері несі?