06.02.2022
  239


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

НАУРЫЗ КӨЖЕ

Көктем айының жанға жайлы шуағы жер бетін жылыта нұрын төгіп тұр.


Шуаққа ақ қар балбырай балқып, жерге сіңіп жатыр...


Қызыл шатырлы үйдің алдында күнесте отырған қарт әже Сәрсенкүлге сәлем беруге қайырылдым. Аман-саулық сұрасып жатқанда хат тасушы бір топ газет, журналды беріп, келесі үйге қарай атының басын бұрды. Әңгіме арасында


«Оңтүстік Қазақстан» газетіндегі «Наурыз мейрамы алдында» деген тақырыпқа көзім түсіп, дауыстап оқи бастағаным сол еді, – Не дейсің, шырақ-ау? Қандай жақсылық ?, – деген ананың таңданған кейпін байқап, түсінік бере бастадым...



  • Иә, ол мешін жылының көктемі болатын, - деп бастады сөзін ауыр күрсініп алып:


–Бала кезімізден ес біліп, етек жапқанға дейін жаңа жылды Наурыз айында тойлап жүрдік. Жыл басы Наурыз айы болатын. Ана сүтімен сіңген әдетті тастамай, сол жылы да Наурыз мейрамын асыға күтіп, сәнді киімдер тігіп, кестелер тоқып, киіз үйдің басқұрларын жаңадан өріп, Наурыз мейрамына дайындалып жаттық.


Наурыз мерекесін тойлауға ауылдың ортасына, белгіленген алаңға киіздер төселіп, үй-үйден қазан-ошақтар әкелініп құрылды. Дәстүр бойынша жеті түрлі дәннен көже пісіріліп, оны ауыл адамдары түгел бөліп ішуі міндет. Содан соң ауыл үйлері жаңа жылға сақтаған қазы-қарта, жал-жаясын, жентін, сары майын, ұннан істелінген дәмнің неше түрлерін үйіп-төгіп тастайды.


Асыға күткен жайма шуақты мамыражай күн “Жаңа жылды қарсы алыңдар” дегендей тау басынан шашырай шығып келеді. Қуаныш мейрамын қоштағандай, төбемізден көк аспан мөлдірейді. Жас келіндер жағы үш аяқты темір аспа ошаққа қазан асып, “Наурыз көже” қамында жүрміз. Әр үйдің


 


адамдары барын әкеліп, ортадағы дастарханға төгіп, бір-біріне ізгі тілектерін айтып, жаңа жылмен құттықтап жатыр. Ауылдың енді жиналғаны сол еді, белестен үш салт атты шығып, бізге қарай жүрді. Жүрістері суыт, салақтатып асынған мылтықтары бар. Отырған қариялар орындарынан тұрып, үрпиісіп қалды. Келгенде аттан да түспеді, көпке сәлем де бермеді. Торы атты бөрікті кісі үзеңгіге аяғын шірей көтеріліп: “Бұл не жиын? Тез тараңдар! Ескілікті түп- тамырымен жою біздің міндетіміз. Қане кетіңдер! - деп кідіңдеп тұр. Аң-таң болған ауыл адамдары тарай қоймады. Есімізді жинай алмай тұрғанда, көк аттысы секіріп түсіп, қазанның шетінен ұстап, наурыз көжені отқа бор еткізіп аударып тастады да, көже ішіндегі түрлі дәндерді көріп жолдастарына бұрылып: “Іздегеніміз табылды. Бұларда астық кеп екен. Тінту жүргіземіз” деп атына қайта мінді. Қуанышымыз су сепкендей басылды. Жұрт тарай бастады.


Дегерез тегісінде отырған он бес үйдің бар астығын тізімдеп, ертеңіне тып- типыл қылып алып кетті.


Азғана ауылдың көбі аштықтың құрбаны болды. Ел танитын, жер танитын азаматтар елден ауып, күн көруге кетті. Мешін жылы қазақ жерінде “ұралап” апаты жүріп жатты.



  • Наурыз мейрамын ел ұмытып та кетіп еді, - дей отырып, көзінің жасын сығып алды.


Өлгенді тірілткен, өшкенді қайта жандырған қазіргі нағыз Лениндік саясатқа аналар атынан шексіз алғысымды айтамын. Сол кездегі елді сарсаңға салып жүргендер Кәлешекиннің қолшоқпарлары Нәтебай мен Жұмабай деген азғындардың ісі екендігін кейін түсіндік қой, - деп аяқтады сезін сексеннің сеңгіріне шыққан аяулы әже.


Ардақты әженің Наурыз мейрамына деген сағыныш жасы шындықтан шыққан қуаныштың мөлдірі еді.


 





Пікір жазу