МЕНЗБИР СУЫРЫ
1958 жылдың маусым айында «Сарыайғыр» өзенінің бойымен
«Мыңжылқы» жайлауына қарай өрлеп келе жатқан болатынбыз. Таудың әсем табиғаты еңсеңді көтеріп, биіктеген сайын көңілді шалқытып барады. Тау ішінде туып, өссем де мұндай биікке шығуым бірінші рет болатын. Неге екенін қайдам үш жолаушының ішінде көңілдісі мен сияқтымын. Тау жолына көп шығып үйренген аттар пысқырына түсіп, барар жеріне жетпей тоқтамасын білгендей, бірінің артынан бірі өршеленіп алға ұмтылады.
«Қаражапырақты» аталатын қалың аршалы, топырағы қара көмірдей, құнарлы қоныстың шетіне ілінгенде, тау бетінен шыққан ащы айқай бізді елең еткізді.
–Бұл не айқай? - деп жолбастаушы – мал дәрігері Асен ағайға қарадым.
–Көк суыр. Тау тышқаны. Табиғат әр уақытта өзінің қатаң заңы тепе- теңдікті сақтайды. Бұл жануарлар тау бүркітінің, қасқырдың, барыстың, қабыланның, мәлін мысығының қашан да азығы. Осынша жаудың арасында жүрсе де, жануарлар тіршілік дүниесін тоқтатқан емес. Апрель айында суырлар тау беткейіне жайылып, күнге қыздырынып жатады. Жалпы, олар февраль ішінде оянып, тау бетіндегі қалың қарды тесіп шығып, күнгей бетке өтіп тіршілік етеді. Сол кезден бастап, қыста малға тыныштық бермейтін қасқырлар суырлы алаптарға ойыстап, солармен қоректенді. «Мың-жылқы» жайлауындағы соңғы санақ бойынша бір шаршы километрге 120 суырдан келеді. Жыл сайын көбеюде.
1946 жылғы санақ бойынша бір шаршы километрге 100 суырдан келетін болса, қазір оның саны өсіп отыр, - деген еді сонда Асекең қысқа ғана.
Айтса, айтқандай-ақ, көп салалы, шалғынды беткейде өріп жүрген суырларды кездестіріп келеміз. Адам қарасын көрген суырлар «айқайлап», басқа туыстарын сақтандырса, көрмегендері жаудың жақын екенін айқайдан сезіп, бортаңдай жүгіріп, індерінің алдында таңдана қарап тұрғаны.
Сонау жылдары Асекеңмен болған осы бір әңгіме менің жадымда сақталып, отыз бір жылдан кейін қағаз бетіне түсіп отыр. Отанымыздағы экология мәселесі менің жан дүниеме әсер етіп, қолыма қалам ұстатты.
Иә, сол жолы таудағы малшылар қауымын үш күн араладық. Бірде-бір малшының аузынан суыр туралы сөз есітпедім. Тек қана «тышқан» деп жиіркене қарағанның куәсі болған едім. Күндегі біте қайнасқан тіршілік – суырлар малмен қоса өре жайылып жүрді...
1989 жылы шілденің басында тау арасындағы малшыларды тағы бір аралаудың сәті түсті. Көптен кекейде жатталып қалған керіністер күтіп тұр деген үмітпен атымды асыға қамшылап, тау биігіне ерлеп келемін. Тау шатқалдары отыз жылда өзгере қоймапты, оның есесіне тау беткейлерінде қаптаған, қолдан үйілген қамал тастар пайда болыпты. Майдан шебінде солдаттар өзін оқтан қорғау мақсатында алдына тас немесе бөрене жиіп, бекініс жасайтыны баршаға мәлім. Ал мыналар нендей бекініс? деген оймен бірінші шопанның үйіне түсіп, сусындап, оны сөзге тарттым.
–Отағасы мынау беткейдегі үйілген тастар не қылған тастар? Не үшін бүкіл жайлаудың тасын әр жерге бұлай үйген?, - дедім.
–Несін сұрайсың, інім, бұлар мола тастар, - деп аз-кем кідіріп, күрсініп алды. Содан кейін:
- Бұрын сонау «құлыншақты» тауынан басталып, осы «Мыңжылқы» тауына дейінгі аралықта көк суыр еріп жүретін еді...
- Оны білемін,– дедім мен, сөзін беліп: – «Қорымсай», «Жіңішкесай»,
«Жалпақсай», «Суықсай», «Семізсаз», «Ұларлы» беткейлерін қаптап жүретін еді ғой.
- Білсең, сол суырлар құрып бітіуге айналды. Қазір суыр етін жемейтін адам жоқ. Терісін кез келген, сәнді құлақшын кигісі келген адам 25 сомнан сатып алады. Бір литр майы елу сом, ал есебіне бара бер. Осындағы малшылар, әуесқой аңшылар, кәсіпқой қулар апталап келіп аулайды. Өкіметтің бірлі-жарым адамы қай таудың шатқалына жетсін. Табиғат тағдырына жаны ашымайтын адамдар есебін тауып, қырып жатыр. Мына тас қорғандар солардың ісі. Суыр сақ жануар. Адамды оқ жетер жерге жақындатпайды. Жақыннан өлтіре атпасаң қандай жаралы болса да, ініне кіріп кетеді. Оның осы қасиетін білетіндер суыр інінен 3- 4 метр жерге тас қалап, сол тасқа жасырынып, суырдың шығуын күтіп жатады. Інінен шықан кезде дәл басынан дәлдеп атып, өлтіріп, олжалайды. Ащы да болса шындық – нысап жоқ. Бір жазда жүзден астам суыр атқандар бар. Суыр етін өзі де жейді, итіне де береді. Қара басының қамын ойлаушылардың басқамен жұмысы не? – деп жанашырлықпен ашына айтты қарт шопан.
Шымкент облысының Өгем жоталарында көк суыр теңіз деңгейінен 2100- 3000 метр биіктік аралығында мекендейді. Соның ішінде көк суырдың ең қалың тараған жері – Қасқасу, Сарыайғыр, Ұлар өзендерінің бастау асар тұстары, көк майсалы, кілем түстес беткейлер. Ғылыми еңбектерге қарағанда көк суыр тек Қазақстан мен Өзбекстанға шекаралас жатқан Батыс Тянь-Шаньда және Талас Алатауының батыс бөлігінде ғана бар. Жер шарының басқа бөліктерінде көк суыр мекендемейді. Көк суырдың денесінің ұзындығы 30-40 сантиметр, салмағы 2-4 килограмм.
Бұл суырды – Орта Азияны зерттеуші неміс ғалымы – зоогеограф Мензбирдің атымен – Мензбир суыры деп атайды. Мензбир бұл суырдың ерікшелігі – оның терісінде ғана екендігін атап көрсеткен.
Көк суырдың түсі көкшіл қоңыр жүні өзге суырлардан жұмсақ, түбітті болады. Қылшығының ұшы қара қоңыр, құлпырып тұрады. Осындай бағалы терісі кімді де болса қызықтырмай қоймайды.
Баяғы қоймен бірге жайылатын көк суырлардың некенсаяқ қалғанын көріп келемін...
Күнұзақ тіршілік күйбеңінен тыныстап, қараңғылық құшағына оранған ауылдағы некенсаяқ шақырған қораздың үніндей, көкмайсалы кейбір беткейлерден бірді-екілі суыр даусы естіледі. Бұрынғы алдыңнан бортаңдай қашатын бейбіткездегі суырдың қазір біреуін көрмейсің. Тау жайлаулары кәдімгідей құлазып тұр.
Сөз соңында айтарым: тиісті орындар табиғатымыздың осы бір ерекше жануарын сақтап қалуға дәл осы кезден кіріспесе, көк суырға құрып кету қаупі төніп тұр. Сондықтан облыстағы, қала берді республикадағы тиісті орындар көк суырдың келер ұрпаққа аман жету жағдайын, оны қорғау жағын уақыт созбай қарастырмаса, енді бес – он жылдан соң Алатау атырабы табиғаттың қайталанбас тағы бір сыйынан айырылып қалары даусыз.