БІРІШЕК
- Ол кезде қырмызы қызыл түлкіден тымақ кию әркімнің-ақ арманы болатын, - деп бастады сөзін Бек ақсақал.
- Сарымсақсай мен Шұқыр сайдың арасын алып жатқан тегісті жұрт Тәлімі деп атаушы еді. Ақ мамықтай қар басқан Тәліміден қарға тамған қандай қызыл түлкінің еркін ойнап жүргенін әркім айтып келіп жүрді. Күннен күнге алтайы түлкіге қызығушылар көбейді. Құда-жекжаттарына тазы сұрап, ерекше түлкіні қолға түсірудің қамына азған ауыл дайындалып жатты. Әркімнің өзі ұстағысы келіп, бірінен-бірі сыр жасыруда.
Алғашқы қар қалың түсті. Артынан күн кенет жылынды да, қардың беті біршама жібігеннен кейін қайтадан қара суық қысты. Қалың қардың беті көктайғақ мұз болып қатып қалды. Қар бетіндегі жұқа мұзда түлкі діңгірлеп
жүгірсе, салмағымен күрт-күрт ойған тазы малтығып қалады. Мұндай жағдай тазы қосушыларға қиын болып, ұнжырғасын түсірді, құдайдан қайта қар жаууын тілеп жатты.
Қыс қарсыз болған ба? Қар тағы да жауды. Қансонардан кейін қансонар болып жатты. Алтайы түлкі ауылдың адамдарын мазақ етті. Аңшылық қолдан онша келмесе де, күнделікті түлкінің жаңа айласын естіп таңданамыз. Алғашқыда бірінен бірі қызғанып, тазысын жеке қосып жүргендердің бірте-бірте тауы шағылып басы қосыла бастады. Мен деген аңшыларды жер соқтырды. Жеке тірліктен түк шықпасын сезгендер көп болып жабылып түлкіні қолға түсіруге көшті.
Күні бойы майдалап жауған қар кебіске түсерлік болды да, кешке қарай ашылып кетті. Малшының малға шөп салып жайғаған соң біршама қолы бос болады. Соны пайдаланып, таңертең ерте тұрып, шаруамызды тындырдық та, екі-үш тазы ертіп, жаңа жауған көпсек қарды ат тұяғы жан-жаққа көсілте шашып, Тәліміге қарай тарттық. Жақсы ат, жүйрік тазы үнемі үзілмейтін Ақынбек пен Есенбай алда барады.
Бозжан екеуіміз соңында келеміз. Алдыңғылар аңшы болса, біздер тілектестерміз. Жүзіктің көзінен өткендей, сымбатты сұлу мүсінді тазылар қар бетінде ойнап, айырықша көрініс беріп, дала сәні осы үшеуі секілденеді. Күміс қарғылы сұр тазы алыстан әкелінген атақтының бірі, ал ана екеуі өздерінікі.
Жер жағдайына қанық Есекең атының басын тартып, кейінгілерге белгілі жерлерді көрсетіп бермек болып тоқтады.
- Бозжан, сен сонау биікке шық. Түлкі өрлеп шықса, тазы қосарсың. Ақынбек екеуіміз Сарымсақсайдың күншығыс қыратымен жүріп отырамыз. Сен сайдың табанымен дауыстап, дабылдатып өрлеп отыр,-деді.
Сол жерден бөлініп, әрқайсымыз белгіленген жаққа қарай тарттық. Ойлап келем: Не қылған түлкі? Байлап қойып па? Түлкі табыла қалса, садақтың оғындай сұр тазы қоймас...
Күн таудан шығып, шуағын жазыққа түгел шашқан кезде, сайды өрлеп келе жатып бұта арасынан сылаң етіп атып шыққан түлкіні көріп: «Кетті» деп,
шыңғыра айқайлағанымды өзім де сезбей қалдым. Айқайға елеңдеген кәнігі тазылар аспанға тіке секіріп, түлкіні көріп қалды да, аспандағы құс көлеңкесіндей жылдамдықпен ұшып, түлкі соңына түсті. Үш тазыдан құтылмасын сезді ме, сайдан асып безіп барады. Кейде із қуалап, кейде із кесіп, аңдыздай шауып артында біз келеміз.
Аңшылар «Терісжайлау» биігіне шыққанда түлкіні «сарыбұлақ» тегісінде сұр тазы бір қайырды. Өзге тазылар ындыны құрып, қашқан мен қуғанның соңында. Жете алмағанына қатты ашуланған сұр тазы кейде қаңқылдап үріп қояды. Енді жетем дегенде, түлкі табан астынан кілт бұрылып, алдап келеді. Сұр тазы екпінімен әудем жерге қайырыла алмай, сырғып өтіп, ісіне, өз болмысына қапа болып, қыңсылап, қайта қосылады.
Бір кезде тегісте шөккен түйедей теңкиіп жатқан үлкен тасқа қарай салды.
«Құтылмасын білген түлкі тас астындағы іңге кірмекші болды» деп ойладық. Екеуі құйрық тістесіп барады. Жылдамдығына көз ілестірмес күйде тасқа жетіп, түлкі оң жағына жалт бұрылды. Ауыз салым жерде келе жатқан тазының «қаңқ» еткен дауысын бір-ақ есіттік.
ІІІауып жетсек, сұр тазының мұрынынан қан кетіп жатыр. Жай қыңсылып, тірілік белгісін танытады. Кеудесімен тасқа қатты соғылыпты.
Түлкі таудың биік беткейіне шығып, құйрығын жанына тастап қойып, өз ісіне масаттанғандай сыңай танытады.
Жаралы тазыны өңгеріп, ауылға қайттық. Шаршаған анау екі тазы аттардың ізімен зорға ілесіп келеді.
«Сол түлкі біздің елге айырылмас ауру болып жабысты» деп – Бек ақсақал әңгімесін қайта сабақтады.
Ауылға келген құда, жек-жат, ағайын-туыстардан түлкі оқиғасы елге тарап жатты. Екі адамның басы қосылса, әңгімесі қырмызы қызыл түлкі болды.
Қысқы шілденің аяғына таман ауылға ақ сақалды, жауырыны аздап тұқыш тартқан шал келіп, Есекеңнің үйіне түсті. Қонақтың құрметіне қой сойылды. Кешкі асты қонақ келген үйден ішу әдетіміз емес пе. Түгел жиылып, әңгіме қызып жатты. Ет желініп, қолға су құйылған соң, қонақ кәдесі бойынша
мейманнан жөн сұрадық. Келгеннен бері сыр ашпай отырған қария оңдалып отырып, сөз бастады.
«Аңшы өтірікті қосып айтады», - дейді қазақ. Бірақ кейде сол өтірігі шынға бергісіз болады. Мен келгеннен бері сіздердің сөздеріңізден байқағаным тек шындық екеніне көзім жетті. Аса айлалы немесе өрен жүйрек түлкінің келбетін танып отырмын. Мені атқа қондырған да, ел аузынан есіткен түлкі жайындағы таңқаларлық қауесет. Қарт адамға қыстың суығында атпен жүру қиын болса да, құмарлық жатқызбады,-деп бір тоқтап, ұзақ ойланды. Демек, бұл түлкіні ұстаудың бір ғана амалы бар: Бала күнімде ел аралап жүріп есіткен бір әңгімем бар еді, сол енді қайталанып, дәл осындай түлкінің сіздердің жерлеріңізде бар екеніне көзім жетіп отыр.
- Бірнеше тазыны тасқа ұрындырып, жардан ұшырып жүрген айлалы түлкіні қолға түсіру – адам ақылының асқандығы. Осындай айлалы түлкі ілгеріде болған екен. Жұрт оған қақпан да құрған, улы жемтік те тастаған, құмай тазы да салған, бірақ біреуіне де ілікпей, айласын асырып отырған. Әдетте жемтік тастап, қақпан құрып қояды. Жемтікке келген түлкі қақпанға түседі. Ал бұл айлалы түлкі қайдағы қақпаны жоқ жермен өтіп жемтікті жеп болған соң сол ізін қайта дәл басып шыға келеді. Улы жемтікке өлсе жоламайды. Не жүйрік тазыларды алдап апарып, мертіктіреді. Елдің намысқой аңшы азаматтарын сабылтып, түлкінің ызасы батады...
Күздің қара суығы болса керек, жаңа түскен келіншек қыстау жанына тігілген киіз үйдің ығында өткен күні қонаққа сойған қойдың іш майын шыжғырып отырады. Түгел шыжғырылған майдың шыжығын сүзіп алып, ішінде ыстық майы бар қазанды құлағынан ұстап түсірмекші болғанда, қолындағы тұтқышы майға түсіп кетеді. Дереу майдағы тұтқышын сүзіп алып оны қол күймес етіп суытып, сығымдап, майын қайта ағызып, ошақ жанына тастай салады. Құрым киіз сықпа құрт секілденіп, тоңмаймен қатып қалады. Ошақ басында жатқан тазы майдың иісімен киізді қажалақтап, әрі-бері шайнап жеп қояды. Содан кейін тазы күннен күнге нашарлап өлуге айналады... Күйеуінің:
«Тазыға не болған» деген сұрауына келіншегі болған жайды баян етеді.
Ұрысудың орнына күйеуі әйелінің арқасынан қағып, «Үндеме жағалы болдың», деп қуанышты жүзі нұрланып сала береді.
Көп кешікпей тоңмаймен қатырылған бірнеше киіз құртты айлалы түлкінің жүретін жерлеріне тастайды да, бақылап жүреді. Араға екі-үш күн салып, түлкінің киіз құрттың екі-үшеуін жегенін ізі арқылы байқаған жігіт, екі күннен кейін түлкіні іздеп жүріп тауып, жай тазының біреуіне алдырады.
Жүйріктігіне таңданған жұрт сойып қарағанда, ішке түскен майлы киіздің майы еріп, түлкі денесіне сіңіп, киіз майдан айырылған соң қалыбына келіп, ішекті кептеп бітеп тастапты.
Ішкі құрылысын байқаса, басқа түлкілерге қарағанда, асқазаны ішек тәріздес өте кіші, ұзынша, сүйір-жай ішегі қысқа екен. Ел аңызындағы «Бірішек» түлкі екеніне жиналғандардың көзі жетті.
Сол бірішек түлкі сіздерде де пайда болған екен, ол да бір табиғаттың еркесі шығар, тимеңдер деп айтуға келген едім. Ұстаймын десеңдер, жолын айттым. Ерік сіздерде, деп Дүйсенбі қария сөзін бітірді.
Шамалы үнсіздікті Есекең бұзып: – Сонау бел аржағынан келіп, сұраған қолқаңызды бердік, оған қоса жабар шапанымыз да бар. Ат мінгізсекте жарасар еді. Ол жағы бола жатар,-деп сөзін аяқтап, жай салуға орын босатып, қонақтар тысқа шықты.
Осы түнгі үлкендер келісімінен соң, түлкіге ешкім тиіспеді,-деп Бек ақсақал сөзін аяқтады.