06.02.2022
  180


Автор: Светқали Нұржан

Өрмекшінің торы

Тіршіліктің қаңқасы - арбасы ұлып,
Келеді алға сүйрелеп далбаса үміт.
Далбаса үміт талақ қып кеткен күні,
Өліп жатыр ерлерім дарға асылып.
Ұясынан кеуденің жан қашырып,
Бара жатыр қара дерт қанға сіңіп.
Қара дала үстінде өрмекші тұр,
Келген мандат ажалдан - мөр басылып.
Өрмекші аты протон, уран дегем,
Уланды жер, уланды ел, уланды өлең.
Кебін торды тоқтаусыз тоқып жатыр,
Біз - жалаңаш енеден туғанменен!
Бура бұлттың түскенде шудасы іріп,
Шырмалады шудаға қу бас үміт.
Торлы өрмекші шағады жылан болып,
Жер астында иірілген суға сіңіп.
Сәбиіме емізіп ащы уын жын,
Мынау сойқан заманнан тас суындым.
Алтын қазан қасында Құлқарақшы,
Аузы ашық тұр қазанның - ас-суымның.
Қақпақ кетті қазаннан, иттен – ұят,
Сіркелері семірсе - битке мият.
Алып торлы өрмекші жалмап келеді,
Пілге тұяқ бітірмей, китке қияқ.
Дарға асылып өлердей дала шыннан,
Салбырардай ала жіп қара шыңнан.
Қандай көмек бере алам, жәудіркөз көл,
Өрмекшінің торында аласұрған.
Менің далам қылғандай Алласы ұмыт,
Аққулардың төріне қарға шығып,
Қанда шіріп бұғауы өрмекшінің,
Мерт болуда ұлдары дарға асылып.
Ішкізгесін асыңа қосып уды,
Қойдым таза, арамнан шошынуды.
Жат қолымен үкімім кесілулі,
Құн - сұраусыз, тағдырым – шешілулі.
Заманауи зымыстан төкті зілін,
Кіжінумен шідерде өтті күнім.
Тоқты құным болмады туған елге,
Ал, жалдаптар тойлап жүр бет қызылын!
Жолдар торлап ажарын шиырлаған,
Бізден сізге не қайыр, қиыр далам?!
Өз-өзіне қол салған далам жатыр,
Қазақ жатыр иманы бұйырмаған.
Құрып торын заман тұр қырық бөліп,
Қызға көрік бермейді ол, жігітке ерік.
Өзін-өзі өлтіре бастады енді,
Бірін-бірі бұл қазақ қырып болып.
Босқа отырған боданбыз борбай сулап,
Жылан арбап бұтадан торғай шырлап.
Ай да ұқсайды алып бір өрмекшіге,
Шошытады сәулесі тордай шырмап.
Дәл тигесін атқан оқ тасадан жат,
Дәрменім жоқ ішуге ас адалдап.
Айдыныма ай нұры қонып жатыр,
Жібермесе үпіріп Жасаған Хақ.


 





Пікір жазу