Құм мен қобыз
(Көне таным сарынымен)
Құм,
Сексеуіл мүйізді жаралы өгіз,
Ыңыранады түн болса... Тоба, деңіз!
Түнде келем мен оған. Мүйізінде
Ілулі ылғи тұрады Қара Қобыз.
Айдын алтын сәулесі шыңдарды аптап,
Желдің жырын жатады қырлар жаттап.
Қолым тиіп кетеді қыл қобызға,
Көп ұзамай жетеді жындар қаптап.
Әрқайсының ізінде бұлақ қайнап,
Өргізеді бұлағын қыратқа айдап.
Түмен, түмен, түмен жын күрең құмда,
Отырады алдымда - "ләппай - лап!.."
Қыпшақ қайғы қолпаштап оғыз мұңын,
Жиылады жаныма ең ізгі жын.
Жұлдыз біткен сәйгел боп шаптан шағып,
Мөңірейді, мөңкиді өгіз құмым.
Қолда - қобыз, айналып тақсырға әлді,
Күңірентіп күйлерін бақсы ырғалды .
"Өгіз - құмның жарасын емдеңдер!"-деп,
Берем әлгі жындарға тапсырмамды.
Ит - маңырап, Қой - үріп, Ботам - ұлып,
Құм сауырын Шопан - жын жатады ұрып.
Алға Қас Сақ арбасын сүйремекке,
Ұмтылады өгізім қопарылып.
Кіреукелеп көзімді мөлдір сарын,
Жындарымды игі іске көп жұмсадым.
Тұяқтары сытырлап жылжиды алға,
Тұрған өгіз көтеріп жер құрсағын.
Іске жеккен жындарды нөкер – ырғақ,
Осы бір сәт жалғанда өте қымбат.
Өгіз - Құм мен Қобыз-Мұң аман болса,
Жер түбіне көшіммен жетерім - Хақ.
Мен Құмымды емдеймін жете біліп,
Сол бір емнен жөнейді ол көтеріліп.
Шолпан туа бергенде, Қобызымды,
Сексеуілге қайтадан кетем іліп.
Мен осылай күн кешкем бұрындары,
Қазір жалған әңгіме мұның бәрі.
Қуып салды біржола жынымды әрі,
Аузынан жаман пенденің зұлымдары.
Тірі жатыр мертіліп қырымда әлі,
Шығар - шықпас жаны бар - ұғым кәрі.
Көңіл қанша қиялға алданбақшы?
Жинай алмай Жындарын зарланбақшы,
Қобызының жаңқасын отынға алған,
Өгізінің қаңқасы қалған бақсы.