Жалғыз ағаш - жалқы ақын
Қағапақты жарып шыққан қыршын күн,
Шыға сала демін жұттым тылсымның.
Мен Алтайды тастап кеттім озалда,
Дәл сол күннен бастау алды бұл сүргін.
Аспан - қайрақ,
Ай - қанжардың жүзінен.
Жанығанда жұлдыз болып үзілем.
Тар ғаламның,
Кең даламның түзінен,
Қонатын үй таппай қайтқан Қызыр ем.
Жараса тек сәл қағуға қанатын,
Алматыға өлу үшін баратын,
"Ақыным!.."- деп, жүр біздерді мына жұрт,
Бір-біріне ұқсайды рас бар ақын.
Ақын атап,
Батырып ап сонша ойға,
Жерінеді жандай көріп ең шайма.
Өр ұлдарын еркелетіп кемді күн,
Топырлатып тығады айдап Кеңсайға.
Көздерімнің шарасында қан ашып,
Қан отынан ағып түскен қарашық.
Қала берем адамдардың көшінен,
Айдың, күннің аманында адасып.
Бизар қылып тірілердің келесі,
Көз алдымнан кетпейді ылғи, о несі?
Қабірлердің құшағынан сытылып,
Қашып шыққан мүрделердің елесі.
Сол мүрдеге еріп кетем қия алмай,
Шақырады шың басына- қиянға Ай.
Қадам бассам шекараны бұзамын,
Жұрттың сызған шеңберіне сия алмай.
Елестердің айтқан жыры ойымда,
Екі дүние жүгін артып мойынға
Пана таппай жүрем түзде дірдектеп,
Өз атыма берген көше бойында.
Шөңге кіріп табаныма, басыма,
Басам сосын алға қарай асыға.
Жетемін кеп миым түсіп таңдайға,
Жапандағы жалғыз ағаш қасына.
Бұл сүргіннен құтылатын түрім жоқ,
Сайға қуып тықпай тынбас бұл індет.
Қан боп ағып шығар жанға тығын боп,
Жан өксігін жыр жаншиды күбірлеп.
"Жаныңа әкеп жерледім ғой өлеңді,
Жалғыз Ағаш, жыламашы сен енді."
Тауып алғам: "Жапандағы жалаңаш,
Жалғыз ағаш жалқы халқым!"-дегенді.
Жалғыз ағаш жұбатқанға көне ме,
Пысқырмайды қамқорсыған немеге!
Долы дауыл жұлқығанда жемісі,
Тоңдырады тас боп жауып төбеме.
Тас тигенде бұққанмын да, шықтандым,
Сонда да оған елес болып сұқтандым.
Бұтағында тұрам дарға асулы,
Жалғыз ағаш: "жақыным!" — деп ұққан күн.