06.02.2022
  142


Автор: Светқали Нұржан

Мұз кеме

Неше ғасыр қазынасын жат жеген,
Мұз тұтқыннан әрең босап Ақ кемем,
Азат желге желкен жая бергенде,
Қарақшылар басып алды, әттеген!
Қарақшылар,
Ата-тегі беймәлім,
Тек соларға бұйырды бар жиғаным.
Теңізге атты Ар дей-тұғын ағамды,
Ессіз жатыр ақ сақалды Иманым.
Құл болып жүр - Ұят деген ұл еді,
Сауап - Анам сансырайды, тірі өлік.
Обал - Апам лыпасы жоқ, Иба – қыз,
Жендеттердің жетегіңде үнемі.
Күрсінгенде көне көздер көген түп,
Жекіреді билікке ие Көбең тік.
Ышқынасың Балқаштағы балықтай,
Ал жендеттер сұрамайды сенен түк.
Күл-түтінге қойма болып өкпеміз,
Жүрегімді айғыздайды өктем із.
Жиіркенгенде менің лас кемемнен,
Қайта-қайта лоқсиды көк теңіз.
Көрінбейді азаттықтың аралы,
Есер күлкі есімді алып барады.
Азу тісін алтын аймен аптаған,
Ырсияды Мұзтаулардың араны.
Кіл қарақшы. Кемемнің жоқ иесі,
Істен шыққан барлық жұмыс жүйесі.
Ақ желкенді түте-түте тоздырды,
Қара аспанның жұғып қалған күйесі.
Қаруым жоқ қарақшымен айқасқа,
Қасапхана қақпаларын қайта ашпа.
Бір қуыста дірдек қағып отырам,
Ақ кемемді соғады деп қай тасқа.
Қызың қысыр қалады деп - ұл өлсе,
Күресе алмай өткенім бе бір ерше?
Күн не болмақ - қанға қанған кәпірлер,
Ақ кемеңді жатқа сатып жіберсе?!
Ақ кемемді қарақшылар басқарып,
Беймағұлым көз көрмеске қашты алып.
Күрек тісін күміс күнмен күптеген,
Таулар алдан шығады алып тас табыт.
Күдірейіп тұр таулардың жартасы,
Етегінде қайықтардың жаңқасы.
Қорқынышты: басып кеткен шыңға мөр,
Нұх пайғамбар кемесінің қаңқасы.
Көзімде үрей, жүрегімде қорқу бар,
О, Жасаған!
Алда қандай сор түн бар?
Көкжиекте Әзәзіл жел ойқастап,
Дөңбекшиді аждаһа жал толқындар.
... Әттеген - ай! Әттеген - ай! Әттеген!..
Саған қайыр тимей қойды - ау, қап, менен.
Желкеніңді кебін қылып оранып,
Мен өзіңмен бірге өлемін, Ақ кемем. 





Пікір жазу