06.02.2022
  185


Автор: Светқали Нұржан

Шал

(Бүгінгі баллада)

Қара шал — қара бура, жарап алып,
Бір кепке он оралып соғады анық.
Шетінен әңгіменің кіріп көріп,
Талайлар шығып жатыр жараланып.
Ортаға қара шалды қамап алып,
Отырмыз бір топ жігіт қораланып.
"Ол анық.
Биылғы қыс жұт болады.
Жұт болса мына халық тіпті оңады..."
"Ой, жағың қарысқыр!"- деп кемпірі отыр,
Ал шалдың жоқтай оған түк те алаңы.
Сөздері біз тараптан құпталады.
Келгендей көптен күткен құт қонағы,
Біздерге нығыз сөйлеп, нықталады.
Қазанда былқып піскен сүр исіне,
Талай көз жұт көрмеген сұқтанады.
Құрдасым - шетте жатқан күп қараның,
Талмаусып танауынан шық тамады.
"Жұт болмай қайтушы еді, шырақтарым,
Таң ылғи атар болды құлақтанып.
Таң атса терістіктен бір суық жел,
Сарнайды миығады жеп, құлақ қарып.
Отырған біраз елміз бұлақ бағып,
Бұлағың жатыр биыл жылап тамып.
Кәнеки, насыбай?.."-деп сұрап қалып,
Жөнелді тағы арнайын сыр ақтарып.
"Болғаны шөбіміз бар бір апталық,
Әкелер күш-қайрат жоқ жырақ барып.
Айтпақшы, біздің елден сайланғандар,
Жатыр ма, орталықтан тұрақ тауып?"
Бұрғанмен әңгімесін басқа жаққа,
Шалыңның көкейінде бір-ақ қауіп.
"Көктемнен дәметіп еді жұрт алдағы,
Биыл да ұлан жазға дым тамбады.
Мінеки, күз ортасы аумай жатып,
Тәнжіді малдың кәрі-құртандары.
Бүгінде, не күйде елдің сұлтандары,
Талмап па жұрт алдында жыртар жағы?
Бар білем шеттерінен түлкі алдары,
Жырмайды тамағыңды қылтандары".
"Ой, байғұс, жөнде өзіңді"-дейді кемпір,
Көнетоз көрпесімен қымтанғалы.
«Мені қой»,
Талай жұттан тірі шыққам,
Күрең ат аман болсын тіл таңбалы.
Ай туады он ай болды шалқасынан,
(Таңырқап қалды өзі де қарт осыған).
Артынан қайырсыз бұлт ере келеді,
Қоңыздай індігешке шар тасыған".
Кетіпті жігіттердің алды қалғып,
Жеп алған сүрдің қазы - қартасынан.
Шынжыр бау сағаты мен жез шақшасын,
Қара шал алып жатыр қалтасынан.
Атқан соң изен қосқан насыбайды,
Түшкірік шықты кепкен аңқасынан!
"Ер кетті елге жүкті арта салып,
Ауызға жалған сөзден малта салып.
Соларға деген елдің зілін артсаң,
Жарылып кетер еді жартас анық.
Жатады ит - бауырға аяқ тарта салып,
Тұрады итсигекке қорқа сарып.
Қоспақтар желге қарап шөгер болды,
Күнбе-күн баратса да қаңқасы арып.
Кешегі мизам-шуақ басталғалы,
Қой біткен ықтай береді маңқасы ағып..."
Соғады әңгімесін шал сыбалап,
Қирадық көп үрпек бас қарсы қарап.
"...Құдай - ау, барады елді жаншып арақ,
Індет көп.
Енді қанша жан шыдамақ, мал да қат.
Малды бағар малшы да қат,
Бұл жұрттан қиын болды хал сұрамақ.
Құтылдық бодандықтан деп жүргенде,
Байғұс ел, тағы қанша қансырамақ?!".
"Әй, сорлы-ау, өлмейсің бе жөніңе",-деп,
Кемпірі шымшып жатыр сан сыналап.
"Е, менің қарғыс жетпес сіңірімді!.."
Жай тапты біреулерді шал сыбап ап.
"... Қорқамын Өмір зая, Шағырмадан,
Көп болды төбеде тұр ол сығалап".
Қара шал бір имейді бойды қазық,
Сәл ғана аяқтарын қойды жазып.
"Жұт болмай не болушы еді мұның арты,
Кеткен соң, жұмыла жұрт, пейілің азып,
Құдайды ойлап жатқан бір пенде жоқ,
Жүргені ырду-дырду тойды бағып.
Барады қырың тозып, ой құлазып,
Бірінде қайғысы жоқ, той, мына жұрт,
Көріп жүр ермегін іс, ойынын азық".
"Кәнеки, қонақ кәде, төсек салам",
Келіні иіліп тұр ойлы, нәзік.
Қара шал қарғып тұрды орынынан,
"Жігіттер, қайтыңдар,- деп, бойды жазып!"
Тұрғандай тұңғыш рет үлкенді ұғып,
Үйрілдік үй ығына бір топ жігіт.
Құрдасым шылым тістеп күрсінеді,
"Көп нәрсе білмеппіз,- деп, сілтеп жүріп".
Тас үйге сүйенемін діңкем құрып,
Тас шоқы тау үстінде тұр телміріп.
Оғаш бір қылығынан қымсынғандай,
Ілезде жатаған тау бүркенді бұлт.
Боз тұман терезеге шілтер құрып,
Үркер тұр қақ шекеде - білтемді ұрып.
Әлдебір жұлдыз түйме шекпенді шал,
Салардай ай-шақшаға үркерді үгіп.
Шоқтығы қара түнде шекпен кернеп,
Қара шал бара жатыр тепсеңге өрлеп.
"Бұл жұттың арты, ылайым, тоқтық болады!
Жігіттер! Көп уайым шекпендер..."-деп.
"Ай, жан-ай, шұбат болса..."-деп қояды,
Сүр еттен жіберген дос көп шеңгелдеп.
Түн қымтап алыпты әбден қыртыс қырды,
Кенеттен жел ысқырды, күрт ышқынды.
Шашылып ай-шақшадан бұлт - насыбай,
Аңқасы кеуіп қалған түн түшкірді.
Әл - хамд — ул — лиллаһ!.. Жәррәкім — аллаһ!





Пікір жазу