06.02.2022
  286


Автор: Сарбас Ақтаев

Батыр және Жырау (Сыздық сұлтан-ұлы Жамбылдың досы)

Құйма құлақ қартың болса, жазып қойған хат та, ал ол жүз жасаған ақын болса, ағыл-тегіл тарих емес пе. Екі бірдей аумалы-төкпелі ғасырдың көзі тірі куәсі болған жыр алыбы Жамбыл тұтасып жатқан ел тарихының шын мәніндегі таусылмас шежіресі болған ғой. Бір ғажабы ол екі ғасырдың да елеулі –елеулі деген ұлылы-кішілі оқиғаларына атсалысып қана қоймай, оларды ой елегінен өткізіп, тиісті бағасын да беріп отырған. Кенесары-Наурызбай бастаған халық көтерілісінен кеш туғанымен, оған тікелей қатысқан қаһармандардың талайымен дәмдес-тұздас болған ақынның қозғалысқа деген дербес көзқарасы болғанға ұқсайды. Қырғыз елімен қаншылықты көрші-қолаң болып қоян-қолтық өмір сүргеніне қарамастан, көтерілісшілердің танау қусырылып тығырыққа тірелген тұста оларға тізе батырғанын онша айыптамайды. Тегінде ортақ жауға бас құрап, білек біріктіріп бірге қарсы шығуға уіде байлай тұрып ізінше айнып кеткен ағайындарды ақтауға ақындық ары жібермеген сияқты. Осы пікірді Жамбылдың қаһарман әкелерінің қасиетті күрес жолын одан әрі жалғастырып, табаны күректей он жеті жылдан астам арпалысып Қоқанның да, Қытайдың да, орыс әкімшілігінің өктемдігіне қарсы қайыспай қарсы тұрған Сыздық төремен қимас, сыйлас дос болуы дәлелдей түседі.


Атын естіген жан алдын көргенде «алдиярлап» тағзым ететін, сайып қыран сардар Сыздық, сұлтан дос таңдауда талғамсыз болмасқа керек. Туған елінің тәуелсіздігі үшін жан аямай отаршылдармен жиырма жылдай жұлқысқан жаужүрек батыр қоқандықтардың опасыздығын, қытайлықтардың зымияндығын, орыстардың өктемдігін қара бақайына дейін түйсініп тұла бойы түршігіп, қисапсыз қырғын-сүргіннен, жойқын қанды жорықтардын, саяз достардың сатқындығы мен аяр дұшпанның айуандығынан әбден қажып, алты басты аждаһадай орыс патшалығына әлі келмейтіндігіне көзі жетіп, оған қолына қайтып қару ұстамасқа уәде етіп, мәмілеге келіп тыныш өмір сүре бастаған жылдары, қапияда қаза болған әке әруағын тебірентіп, мүрдесіне тәуеп етіп қайтқалы қырғыз-қазақтан таңдап жанына ерткен он жеті ақын-жыршысының бірі Жамбыл


 


болуы тіпті де тегін емес. Жасы онда қырықтың қырқасына шақпағанымен Жәкеңнің ақындық даңқы дәуірлеп, қандай шаршы топқа да басалқа айтуға әбден жарап қалғанын аңғартпай ма бұл. Атақ-даңқына ертеден қанық еңіреген ерге аңқылдаған ақын да бірден құлай кетіп:


Сәлем бердік, алдияр, Орын бердің қасыңнан. Сен бір қалған көз едің


Кенесары асылдан, -деп дос құшағын жаяды. Жасы елуден енді асқан, орта бойлы, аса ширақ адам екен Сыздық. Шоқша қара сақалына қылау кіре бастаған бидай өнді бәденді сұлтанның әсіресе көзі әдемі, жанарлы-ақ. Келісті кескін- келбетіне, сыптығыр сымбатты дене бітміне, нәп-нәзік саусақтарына қарап, бақайшағына дейін қаруланған патша әскерлерін орны толмас шығынға ұшыратып бір айдай Шымкентте шендестірмей, екі айдай Ташкентке тісін батыртпай, Түркістан түбінде қазақ жауынгерлердін жүздеп жайпап, үрейін ұшыраған, қорқу-үрку дегенді білмейтін көзсіз батыр деп ешкім ойламайтындай. Ал енді осынау ойлы, сабырлы адам сөйлеп кеткенде есіліп, көсіліп, көзі от шашып, жүзі бал-бұл жанып мүлдем танымастай өзгеріп кететіні дүйім жұртты таңқалдырды.


 


Сыздық атың жайылды Бұл өңірге жасыңнан. Айбатыңды көргенде Дұшпандарың бас ұрған. Даңқыңды естіп жүруші ем Шартарапқа шашылған.


Ақ жүзінді көрген соң, Енді мауқым басылған, -


деп Жәкең батыр ағасына дән риза болады.


Қырғыз ағайындар бас манабы Орманның үйіне түсіріп, арнайы үй тігіп, мал сойып, қол қусырып қонақ етіп құрметпен қарсы алса да, алғаш әкесінің кегін жоқтап жүрмес пе екен деп Сыздықтан қатты сескенеді. Алайда сөйлесе келе сұлтан жұрттың жүрегіне жол туып жылы рай туғызады.


-Мен сендермен шабысқалы келгенім жоқ, табысқалы келдім. Сен де қандас, жандас туысымсың. Жан ашуы үстінде әкемді өлтірдің деп кінә қояр жайым жоқ. Жалғыз –ақ тілегім: әкемнің сүйегін бер – аталарыма қосайын, алтын жүзігін бер – қолыма салайын, сарқасқа ерін бер – астыма басайын. Бар бұйымтайым осы, - дейді.


Қырғыз қандастар хан Кененің алтын жүзігі мен сарқасқа ерін табанда тауып, әкеп береді. Бірақ сүйегін тауып бере алмайды. Хан «Он бір жыра» деген жерге жерленген екен. Қабірін білетін кісі өліп қалыпты. Басқа тап басып білетін адам болмай шықты.


-Қап, болмас! – деп Сыздық сарқасқа ерді аударыстырып отырады да,алдыңғы қасын қанжармен қақ айырып, ішінен жіліншік-жіліншік алтын алады


 


да: -Әкемді өлтіріп қанын ішуді білгенмен, алтынын алуды білмеген екенсіңдер. Уақысы жоқ, бұл да болса бұйырған нәсіп қой! –деп қалтасына салады.


Арнап келіп алғаның Алтын-жүзік, сарқасқа ер. Атаңыздың аруағын


Сыйлайды екен бір тайпа ел. Екеуінің қалғаны –


«Он бір жыра» деген жер. Оны да айтты ағайын, Іштен шықты қайғы-шер. Атаның не арманы


Іздеп келіп артынан Бата қылса сіздей ер, -


деп қылыш мінез қылшылдаған Жамбыл осы оқиғаны табан аузында жыр жолдарына айналдырады. Онда:


Ауылға жүр, қонақ бол, Атан алып, ат мініп.


Аттанарсың Сыдеке,


Ата жолы деген сол, -дейтін де жолдар бар.


Ақынның қонаққа шақырғанын құп алып Сыздық сұлтанның Жамбыл ауылына келгені беймәлім. Ал сол жылы оған арнап шығарған осы өлеңнің бертін әдеби хатшысы Ғали Ормановқа өз аузымен айтып түсініктемесін жазғызғаны анық. Бұл өлең ақынның көзі тірісінде әзірленіп, 1946-жылы жарық көрген толық жинағында басылғанды. (Жамбыл Жабаев. Алматы, 1946).


Жалпы Жамбыл Сыздықпен кездесіп бірге жүрген күндерін аузынан тастамай жырдай ғып айтады екен. Сол кездесуден кейін Сыздық батыр жайында ертегі үлгісіндегі үлкен дастан шығарған. Онда батырдың жалғыз көзді Дәуге жолығып қап үңгірге қамалғаны, одан қалай аман құтылғаны әсем де әсерлі жырланатын көрінеді. Кезінде оны өзі қызық етіп айтады екен. Бірақ қағазға түспей бертін ұмыт болған. Іздеушісі келіссе, ол дастанды есте сақтаған кісілер әлі де табылып қалуы ғажап емес.


Ұлы жыршыны осынша баурап, шабытына тамыздық тастаған сұлтан Сыздықтың тегін адам емес екені белгілі болар. Ол қазақтың ең соңғы ханы кәдімгі Кенесарының бел баласы. Хан Кене опат болғанда артында сегіз ұл қалады. Бәйбішесі Күнімжаннан –Жапар, тайшық, Ахмет; ал тоқалы Жаңылдан – Омар, Осап, Әбубәкір, Сыздық және Жекей. Осы сегізінің ішінде қаражаяуы жоқ, шетінен сен тұр, мен атайын жүрек жұтқан көкжалдар. Сонда да әкесінің он жасында қалғанымен әке жолын айнымай жалғастырып, жиырма жылдай ат үстінен түспей отаршылдармен арыстандай алысқан Сыздықтың орны өз алдына бір төбе. Ол жайында архив метериалдарын тірнектеп жинап, біртіндеп аударып қазақ оқырмандарына жеткізуге жан салып жүрген қарт қаламгер Ғалым Ахмедовтың: «Сыздық сұлтан өз елдерінің азаттыға үшін күрескен Әл- Жазаирдың /Алжир/ Әбілқадыры, Мағриптың Әбділкәрімі, кавказдықтардың шейх Шамилі сынды бар өмірін ел үшін жұмсаған, халқының ана сүтін ақтаған


 


нағыз қаһарман адам», -деуі қадірлі ақсақалымыздың аузынан айтылған әділ де ортақ баға.


Әкесінің әскери айла-әдістерін түгел еншілеп, оны тың тәсілдермен байытып, тұтқиылдан шабуыл жасап талай сын сағаттарда жеңіп шығып жүрген жауынгер қолбасшының ерен ерліктері туралы інісі Ахмет төренің «Кенесары және Сыздық сұлтандар» деген кітабында бірқыдыру тәуір айтылған. Сол кітапты өткен ғасырдың аяғына таман Сырдария облыстық санақ комитетінің төрағасы, генерал-майор Н.И.Гродековтың тапсыруымен комитет мүшесі Е.Т.Смирнов орысшаға аудартып жарыққа шығартады. Оған жазған алғы сөзінде ол: «Сөз жоқ, бұл құдай ерекше зерде берген дарынды, жаны жас, қарапайым халыққа айтайын деген ойын да, сөзін де еркін жеткізе білетін шешен, қайратты тасыған қажырлы адам. бұқар,Хиуа, Қашқар хандарына соғыс, саясат жөнінен оның қандай абзал ақылшы, үлкен ұлық болғанына, бетімен жайылған жартылай тағы қыр шабандоздарының басын біріктіріп, қалайша уысында ұстағанына, Түркістан шебіндегі жаяу әскерлеріміздің қардай боратқан оғына сол аламан топты қасқая қарсы шапқызғанына, солармен Қызылқұмның сілейіп жатқан өлі шөлінің бір шетінен талмастан талай жортып аңдаусыз отырған жауына тайсалмай тап беріп жүргеніне, дұшпаны оны не үшін «сахара бас кесері» атағынына өзімен жүздескенде көз жеткізесің» , -деп жазды. /Ахмет Сұлтан Кенесарыұлы. Кенесары және Сыздық сұлтандар. Алматы. Жалын. 1992/. Осының өзі-ақ досы тұрсын, дұшпаны да мойындап, оған ден қойғанын аңғартса керек.


Бір ғажабы оның оққағар қасиеті. Не тылсымы барын кім білсін, ол әмәнда жауған оқтың ортасынан аман шығады. Оған бірер мысал мынау. 1864 жылы Қоқан ханының перменімен Созақтың хакімі боп тағайындалған Сыздықты хан тағына отырған қыпшақ Әлімқұл молда пансат атаған қайтарып беріп, Шымкентке келе жатқан Черняев жасағына қарсы шабуылға өзімен бірге ала шығады. Генералдың әскеріне қосылғалы Түркістаннан Шымкентке қарай тағы бір жасақ жол тартады. Әлімқұл ол жасақты Черняев келіп жеткенше құртып жібермек болады. Орыстар жағы соны сезіп қап, зеңбіректерін оқтап, мылтықтарын сайлап әзір отырады. Бірақ аттан түсіп жаяу шабуылға шыққан қазақтар жақындағанша оқ атпайды. Ту ұстаған Сыздық сұлтан өзі бастап жүз қадам жереге келгенде орыстар оқты жаудырады-ай келіп. Бірін бірі тасалап келе жатқан жігіттердің алғы легі жаппай құлап, кейінгілері жабысып жата қалады. Тек Сыздық сұлтан ғана ту ұстаған қалпы бір орнынан қозғалмай жауынан жүз қадам жерде бір сағаттай тік тұрады. Солдаттар оны өршелене атқанда тудың шүберегі шұрық-шұрық тесіліп, сау жері қалмайды. Бірақ сұлтанға оқ дарымай дін аман шығады. Әлімқұл оны адам жіберіп шақыртып алады. Келесі күні ол алпыс адаммен генерал Черняевтың екі жасағына тұтқиылдан ат қойып, қылыш- сойылмен соғысып-ақ, қыруар шығынға ұшыратады. Енді бірде әкесі Кенесарының әдісімен жауына шөп буып, домалатып барып, аңдаусызда тиеді. Сөйтіп есауыл Серовтың екі жүз адамын түгелге жуық қырып салады.


Орыс деректтерінде Садық, Сыдық болып жүретін Орта Азияда патша үкіметіне, хандарға, қытайларға қарсы батыр, ақылды сардар осы Сыздық. Өткен ғасырда ол туралы орыс тілінде түрлі мақалалар көп жазылып қоймай, Карузин


 


деген жазушының романы да шыққан. Өзіміздің амангелді Иманов тоқсаныншы жылдары онымен жолығып, батасын алыпты деген де сөз бар.


Осындай біртуар бірегей тұлғамен «Сен бір қалған көз едің, Кенесары асылдан» деп дос, жолдас болуы Жамбылдың өміріндігі ақын абыройын асырып, атағын аспандата түсер арайлы сәттер екенінде дау жоқ.


Иә, «Кенесары асылдан» дегеннен шығады. Осы бір ауыз сөзбен-ақ кемел ойлы ақын халық көтерілісінің көсеміне өз бағасын берген жоқ па еді. Осы көзқарасынан Жәкең тірі күнінде ешқашан танбаған тәрізді. Ал Жәкеңнің 1982 жылы жарық көрген екі томдығындағы:


Кенесары, Наурызбай Алатауға оқ атқан,


Өз хандығын қорғаған. Заманында Кенені


Қырғыз-қазақ қарғаған. Қарғаған соң қалың ел. Бастарын өзі жалмаған, -


деген жолдарға жөн болсын?! Біз бала күнімізде оқып, жадымызға тоқыған,


«Клим батыр» жырында Хазіреті Ғали да, Ескендір Зұлқарнайын да, Рүстем мен Манас та Климнің деңгейіне жете алмағанын жырлай келіп:


Кенесары – Наурызбай. Жауына қарсы оқ атқан, Оғын қардай боратқан


Олар да бұндай болмаған, -


деуші еді ғой. Сонда Жәкеңнің көзі таюын тыпырши күтіп, жоғарыдағы жолдарды қай пысық қоса қойды екен, ә? Әлде оны партияның Кенесары бастаған ұлт- азаттық қозғалысы туралы сыңарезу саясат ұстанып, кейін қаһарлы қаулы қабылданатынын күні бұрын көре білген кемеңгер етіп көрсеткісі келген біреу ме? Сондай себептермен оның «Менің өмірім» дастанындағы:


Түнерген ел қабағы жабық жатыр, Бірі тоқ, мыңнан өзегі талып жатыр, Ел басқару қарынның қамы ма еді, Ит те, құс та тамағын тауып жатыр. Асқақтаған адамда тоба болмас,


Ел қорғаған адамда мола болмас, Елден туып ер болсаң елге қара, Шірік қурай ауылға қора болмас, -


деген шумақтардың арасына бәз-біреулер: Қазақтың ханға құмар Кене ханы, Кеше ғана басылған шыққан шаңы, Хан болмады қан ішкен қасқыр болды, Белгісі жоқ көмілген мола мәні, -


деген төрт жолды сыналап тығып жіберген. Кәдімгі қазіргі әсіресе сәнқой жастардың бүп-бүтін джинсиіне жапсыра салған жамауы сияқты. Бұндай жымысқы жолмен Жәкең жырларын толықтырамын десек, ата ақынды


 


асқақтатудың орнына аласартып алуымыз кәдік-ау. Алмас жүзіндей алғыр ақын айтқанынан қайтпасқа керек. Бір мақтаған адамын қайта даттауы ақылға қонбайды. Сондықтан оның Сыздық сұлтан сияқты Кенесары туралы пікірі де тұрақты болғаны сөзсіз. Олай болса ұлы ақынның жыр жинақтарын қайта құрастырғанда әлгіндей жамап-жасқап жаңсақ пікір тықпалаудан аулақ болған абзал. Асылы, Жәкеңнің көзі тірі кезінде өзімен ақылдаса отырып әзірленген, кәдімгі Сәбит Мұқанов алғы сөз жазған қырық алтыншы жылғы басылым жыр алыбы шығармаларының келер жинақтарына негіз етіп алынса артық болмас еді. Әйтпесе жібекті түте білмей жүн етіп алып жүрерміз.





Пікір жазу