Марал Ишан
Алашқа аты мағлұм Науан хазіреттің сүйікті шәкірті әрі сенімді серігі болған Шәймерден Қосшығұлов жайында біраз мағлұмат білетін сияқты едім. Әсіресе жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жылдары күшейіп кеткен патша өкіметінің қыр халқын шоқындыру саясатына қарсы шығып, қазақ зиялыларын төл дінін қорғап қалуға шақырып, ұлы Абайға хат жазып жүрген Көкшетау медресесінің жаңашыл мұғалімі ғой ол. Патша саясатына ашық қарсылық білдіріп, жергілікті жерде қарсы үгіт жүргізгені үшін ұстазы Наурызбай Таласов екеуі итжеккенге айдалып кетеді. Аймақ жұртының жатпай-тұрмай сұрауы, Әлихан Бөкейханов пен Мәмбетәлі Шөбеков секілді қазақ оқығандарының ізденуі арқасында тұтқыннан мерзімінен бұрын босап келеді. Елге оралған соң халқы
үшін қон етін кесіп беретін азаматты жерлестері II – Мемлекеттік думаға депутат етіп сайлаған.
Сонда Петербургте жүріп ол қазақтың ана тіліндегі тұңғыш газетін шығарған. Жауында да, дауылда да бір отар қойды адастырмай бастайтын серкедей, қойдай момын елін соңына ертіп, еркін, азат ертеңіне жетелесін деген ниетпен газет атын «Серке» қояды. Алғашқы адамынан-ақ азаттықты армандап, отаршылдық езгі мен қанауға қарсы күрес ашқан үнпарақты көп ұзамай патша үкіметі жапқызып тастайды. Бірақ, бұл, оның қадамын ашып, тізгінің ұстаған Шәймерденнің де, қаламын тербеп, халықты оятуға талпынған өзге ерлердің де тауынын шағып, талабын тұсай алмайды. Кейін дума таратылып елге қайтып оралған соң да Ш.Қосшығұлов халқының бостан болу қамын ойлап, елді өнер- білімге үндейді, туған жерінде мешіт салдырып, медресе ашады. Оның кіндік кесіп, кір жуған атамекені Көкшеден Ерейментауға шығар беттегі бүгінгі Ақмола облысының Еңбекшілер ауданы екенін де естігенім бар. Бірақ, оның атышулы Марал ишанның туған немересі екенін білмейді екем. Оның қоғам қайраткері, тарихшы әрі философ ғалым Өмірзақ Озғанбайдың «Рух күрестері» атты кітабынан оқып білдім.
«Қасқа айғырдан қасқа тумаса да төбел туады» деген қазақы қағиданың дұрыстығына көзім сонда тағы бір жеткендей болды. Тектің жайсаңдығы, тұқымның жақсылығы түбінде бір тартпай қоймайды екен ғой. Марал ишан болса, он тоғызыншы ғасырдың басында атақ-даңқы Қыр мен Сырға кең жайылып, отаршыл орыс үкіметінің үрейін алған ірі тұлға. Кенесары Қасымов бастаған ұлт- азаттық қозғалысының алдында қазақ елін бодандықтан құтқарып, бостандыққа жеткізуге ниет еткен оның іс-әрекеті патша ұлықтарын қатты абыржытып, әбігерге салғаны тарихи шындық. Ол туралы өткен ғасырдың алдында «Дала уәлаяты» газеті, ал он бесінші жылы «Айқап» журналы жазған. Мақалалардың мазмұнына қарағанда, екеуі де орыс басылымдарындағы деректерді арқау еткен сыңайлы. Зайыры, мәселе былай болса керек.
Ілгеріде Торғай облысы губернаторының кеңесшісі болып тұрған Г.Краф деген кісі Ресей Сыртқы Істер министрлігінің мұрағатын ақтарып отырып қазақ қырында өзін «әулиемін» деп жариялаған Марал Құрманұлы жайындағы қызықты деректерге тап болады. Шынында да, марал ишан сол тұстағы Сырдария мен Торғай облыстарында тұратын қазақтардың арасында есімі кең тараған танымал тұлға болғаны анық. Оны ел ішінде жұрттың бәрі әулие санап қастер тұтқан. Сол атақ-абыройын пайдаланып, оның өзі де халық арасында біраз сөз тууына, ұлықтардың айылын жинауына себепші болған. Тіпті, орыс астанасындағы басты әкімдер ол жөнінде сұрау салып анықтама –деректер жинауды қажет деп тапқан. Сонда жиналып, министрлік мұрағатында жатқан материалдарды ой сүзгісінен өткізе отырып, кеңесші аталмыш тұлға туралы «Петербургские ведомости» газетіне мақала жазады. Ол мақаласын кеңейтіп кейін Торғайда орыс тілінде шығатын облыстық хабаршыға жариялатады.
Әрине, Крафтың Маралға орыс отаршылдарының астам көзқарасы тұрғысынан қарап, оны қайткенмен кемсітуге тырысқаны бесенеден белгілі.
Алайда, оның тарих сахнасына шығар шағындағы қазақ сахарасының хал-жайын баяндауда келтірген деректері әлі де назар аударуға тұрарлықтай.
«Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ даласында бассыздық белең алды. Орынбор әкімшілігіне қарайтын қырда хандық билік үшін қызыл кеңірдек қырқыс қызды да кетті», - деп бастайды ол жазбасын. Расында да, Жантөре хан өлтірілгеннен кейін билікке талас тіпті күшейеді. Таққа отыруға тиіс Шерғазы сұлтанды Әбілхайыр ханның кенже ұлының немересі болғандықтан менсінбей, дүйім халық, әсіресе, төрелер жағы хандыққа лайықсыз деп біледі. Сондықтан Шерғазы сайланғанмен де қырға шығып жұртпен жүз көрісуге батылы бармай қорқып, ордадан шыға алмайды. Оның есесіне Нұралы ханнан туған ақылды да батымды, өткір де өжет Қаратай төре қырды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, бетіне жан баласын қаратпайды. Ал Сібір даласында,яғни Арқада хан Уәли әбден қартайып, өзіне қарайтын халыққа ықпалы жүрмей ел арасындағы бейбастықты ауыздықтап, тәртіп орнатуға шамасы келмейді.
Осындай алмағайып аласапыран кезде қырдағы ию-қию өмір сахнасында Бұқарда білім алып, тәрбие көрген қазақ азаматы Марал Құрманұлы шыға келеді. Ол өзін ел-жұртын кәпірлерге кіріптар етпей, бодандықтан құтқаратын әулиемін деп жариялады. Әйткенмен заты жуас болғанымен дінге енжарлау қазақтардың арасынан ол көп қолдаушы таба алмай, өзін «отқа күймейтін, оқ тимейтін қас батырмын», деген лақап таратты. Бұрын-соңды халық батырларының арасынан бұндай есімді естімеген жұрт оның батырлығына да шүбә келтірді.
Шын мәнінде Марал Құрманұлы азды-көпті білімі бар, кезінде кент ішінен тәрбие алған қатардағы қарапайым қазақ еді. Ол Троицкі бекінісінің төңірегінде көшіп-қонып жүретін керейлердің арасынан шыққан. Әкесі Құрман ел ішінде емшілік еткен тәуіп екен. Тағдыр жетіп ол дүние салғанда ұлы Марал (шын аты Мұса да болуы мүмкін) мүлдем жас қалады. Жақын ағайындары жетім баланы сауда-саттықпен әрі-бері өткен бір бұқарлық саудагер сартқа сатып жібереді. Сарт оны өзімен бірге Бұқарға алып кетіп, бірнеше жылдан соң басына бостандық береді. Бала Бұқарда ұзақ уақыт шығыс ғалымдарынан біраз мағлұмат алып, мол білім жинайды. Бәлкім, оның өз басына азаттық алуы осы білімдарлығынан да болар. Бостан болысымен-ақ ол 1820 жылы Сырдария бойында көшіп-қонып жүретін қазақтардың арасына бір-ақ тартады. Ғылымнан біраз хабары бар, діни білімі терең ол өзін болашақты болжайтын сәуегей, өткенді екшеп, ертеңді біліп отыратын әулие деп көрсетеді.
Ақкөңіл, аңқылдақ, аңқау қазақтар алғаш оның айтқандарына құдайдай сенеді. Ісінің оңға басқаның байқаған Марал төңірегіне біраз бақсы-балгерлер жинап, нөкер ертіп Торғай өзенінің бойына көшіп келеді. Орналасып алған соң
«осы өңірге көшіп келіңдер» деп айналадағы елдерге жаушылар жібереді. Ақ сәлде салып, ақ киім киген әулиенің атақ-даңқы тез-ақ тарайды. Суқараңғы соқырды құлан таза жазып, ақсақты құлындай ойнатып жібереді екен деп жұрт аңыз ғып айта бастайды.
Әу баста Марал ишанның керемет көріпкелдігі, айтқаны келетін сәуегейлігі хақында алып-қашты лақапқа сеніп қалған қыр қазақтары, ақсақалдары мен рубасылары оның маңына көшіп келіп, алқа-қотан қоныстана бастайды. Бірақ өз
елінде кім пайғамбар бола алсын, ұзамай оның кереметіне күмән-күдік туып, жұрттың көңілі суиын дейді. Ем-домы бұрыннан бар үйреншікті қарекет боп, бәрі де жұртты айналасына ұйыстыру үшін ойлап табылған әдіс сияқты көрінеді. Шынтуайтына келгенде, мұндай күмәнда негіз де жоқ емес еді.
Жұртты төңірегіне жинаудағы Маралдың көздеген мақсаты – оларды отаршылдарға қарсы күреске көтеріп, орыс елінен бөлініп шығуға үндеу болатын. Кейін ол ойын ашық та айтты. Ресеймен қарым–қатынасты доғарып, бөлек ел болып, бір жерге ұйысып отырықшыланып мал өсірумен бірге егін де егейік деп үгіттеді. Жер сүмесін сауып, егінмен айналыссаңдар ол байлыққа жеткізеді деп егіншіліктің пайдасын насихаттады.
«Қазақтардың сол замандағы түсінігі бойынша емін-еркін, көшпелі өмірді тастап азабы ауыр егін шаруасымен айналыс дегені далалықтарға өлімдей көрінеді. Себебі, қазақ осы күнге дейін қара жұмысты ұят санайды. Оның үстіне қазақтардың өзі хандыққа таласып, бүлініп, қырылысып жатқанда Ресейден бөлін дегені қыр адамының ақылына сыймайтын сықылданады. Маралдың мәнісін білген соң жұрт оны әзәзіл алдаушы санап, бірте-бірте бұрынғы жерлеріне көшіп кете бастайды» деп жазады «Дала уәлаяты» газеті.
Діттеген ойын жұртпен араға кісі салмай-ақ ашық сөйлесіп жүзеге асыра алмаған соң Марал қазақтарды Ресейден бөліп алу туралы орыс үкіметінің өзімен сөйлесіп, келісуге бел буады. Осы мақсатпен ол Омбыға керей болысының старшыны Байсал арқылы екі хат жібереді. Біреуі Орынбор әскери губернаторы Эссенге, екіншісі, Сібір жеке корпусының командашасы Капцевичке жолданды. Татар мәнерінде жазылған екі хаттың да мағынасы бірдей, ал мазмұны төмендегідей:
«Патша ағзамның саясында қолдауын көріп жүрген, Омбыда тұрушы әр алуан ордендердің иегері Жандарал тақсырға бізден тағзым,- деп басталады хаттар әдеттегідей.
-Әу бастан бір жаратқан құдай хақ, Мұхаммед пайғамбар мен оның төрт шадияры һәм төрт имамы шын. Әуелі Адам ата, екіншіден, Мұхаммед пайғамбар болғалы сол заманнан бермен қарай мұсылман боп, кәпір боп атанғалы бері біздің арамызда ешқандай қырқыс пен қақтығыс не дұшпандық болған емес. Сыйынып келе жатқанымыз да жалпыға ортақ бір Құдай. Осылайша, бұдан бірнеше жыл бұрын Ресей елінің шегінде бейқұт, бейбіт, жанға жайлы тыныштық болушы еді, жандарал тақсыр. Ол кездегі Ресей патшаларының тұсында орыстар рұқсатсыз қазақ жеріне кіруге батпаушы еді, оған құқықтары да болмаушы еді. Бұл күнде, тақсыр сені мен менің заманымда былай болып тұр. Орыстар қазаққа тиесілі жерді тартып алып, иеленіп кетті. Қазақтар да орыс жеріне кіріп алды. Бұл неге бұлай, бұлай болу себебі неліктен? Әлде бұл сізге де, бізге де байланысты ма, жандарал тақсыр? Сіздерден көп ұзамай қалай хабар алсақ та, біз бен сіздің уақытыңызда орыс болсын, қазақ болсын бүлікшілікке ұшырап отына қарап қалмас. Неге десеңіз, орыстардың барлығы да сіздің қарауыңызда, ал қазақтардың барлығы біздің қарамағымызда. Пайғамбардың тікелей шарапатымен, сізден менің мархабатты патша ағзамға жол тартып жолығуыма мұрсат етуіңізді
сұраймын. Бұл менің ең бір қиылып сұрайтын өтінішім. Сөзімнің қақтығына Иса хазіретті куә етіп қолымды қойып, мөрімді басамын».
Аяғында тағы да «бұл хатты апарушы Орта жүздің старшыны Байсал Атакелдіұлы. Мұса баһадүр сендіріп мөрін басады деп жазған.
Сібір әкімшілігі қазақ даласында өзін әулие деп жария еткен Марал Құрманұлы деген біреу пайда болғанын, оның Петербургқа барып-қайтуға тілек білдіріп жүргенін Азият департаментіне хабарлайды. Сол тұстағы вице-канцлер граф Несельроде 1821 жылғы 20 қаңтарда сібір генерал-губернаторы Сперанскийден хат арқылы Марал өтінішінің мән-жайы туралы пікірі қандай екенін сұрайды. Дәл сол кезде Сперанский Петербургте екен. 1822 жылғы 24 қаңтарда ол граф Несельродеге хатпен жауап қайтарады.
«Мархабатты менің төрем Карл Васильевич! –деп жазады губернатор.
– Жоғары мәртебелі өзіңіздің қазақ қырында өзін әулие деп жариялап жүрген Марал туралы сауалыңызға жауап қатуды борыш санаймын. Сіздің мәртебелі пікіріңізбен қалқысыз келісімен оның осында Петербургке келуіне рұқсат ету пайдалы болар еді, тіпті корпус командиріне оны орынды бір сылтаумен шақыртып алып осылай қарай аттандыруына бұйрық берілсе, нұр үстіне нұр. Ізгі ілтипатпен өзіңіздің биік құзырыңызға қалтқысыз қызмет етуге әрқашан әзір М.Сперанский».
Граф Несельроденің биік мәртебеліге баянхаты бойынша Марал Құрманұлын Петербургке шақыртып алу туралы 1822 жылғы 12 ақпанда жарлық шығып, оны жолға қамдау жөнінде тиісті нұсқаулар беріліп, қажетті жұмыстар атқарылып жатады. Бірақ Марал Құрманұлы бұл қамқорлықты пайдалана алмайды. Оны астанаға алдыру жөніндегі жарлыққа орай генерал Капцевичтің жазған хаты иесінің қолына тимей, Байсал старшынның қалтасында қала береді. Өйткені, Марал ол кезде тұрған жерін тастап басқа өңірге кетіп қалған көрінеді.
Маралдың қазақ сахарасынан кетуі турасындағы хабарлар түрлі-түрлі болды. Кейбір сыбысқа қарағанда, ол «Алашшылдардың» шақыруы бойынша солармен бірлесіп, хиуалықтармен соғысып жатқан Бұқар әміріне көмек беруге кетті дейді. Ал бұдан гөрі дұрысырық хабар 1824 жылы алынады.
Оған бақсақ, 1823 жылдың жазында хиуалықтардың Бұқараға бара жатқан керуенге шабуыл жасап, қазақ кірекештерінің мың түйесі мен жүз мың қойын айдап алып, елу адамын өлтіріп кеткен хабарын ести сала Марал Құрманұлы ақ адал мал-мүлікті қайтару үшін Хиуаға аттанғалы қол жинайды. Халықты бұл жорыққа көбірек тарту үшін жұртқа жар салып, бұл жолы өзімен бірге жауға қарсы барғандарға оқ өтпейді,қылыш дарымайды деп жариялайды. Дұшпанды жайпап, таланған малды түгел қайтарып олжалы оралатынына сенген қазақтардың көпшілігі Құрманұлының уағдасына қызығып Хиуаға қарсы аттанады. Жүзеге асуы екіталай бұл қатерлі сапардың немен аяқталғаны белгісіз. Марал ишанның бұдан кейінгі тағдыры да беймағұлым. Оның хиуалықтармен шайқаста жолдастары тарап кетіп, жау қолында жалғыз қалып опат болғанын немесе сенген жұртына көңілі қалып, сопылық жолына түсіп кеткенін білмей замандастары дал болады.
Кезіндегі орыс басылымдарының ол жайында жазғандарын саралай келіп
«Айқап» журналы өзіндік бір ой түйеді. «Марал Құрман баласы дабыра пайғамбар да емес, әулие ишан да емес, елді қару күшімен қорғау қиялына берілген бір жан,- деп жазады. – Былайғы қауымнан ақылының биігірек, рухының күштірек болуымен асып дара шыққан бір қиялдағы бірбеткей адам. Бала жасынан Бұқарда тәрбиеленген. Ондағы біртүрлі мәдениетке қалыптасқан. Марал қазақ жұртының саяси қалпын һәм шаруа тіршілігін өзгертуді армандаған. Бірақ оның тұтынған аспабы – мұсылманшылдық мақсатына лайықты болмай шығып, халықтың ақыл- ойын өзіне қарата алмады... Алайда, бір нәрсе талассыз, ол жұртына шын ықыласпен жақсылық істеуге талаптанған адам еді». Біздің пайымдауымызша, Марал Құрманұлы оққа да ұшпаған, жау қолында да қалмаған, назаланып сопылық та қумаған. Жорық нәтижесі ойдағыдай болмай, соңына ерген жұртты тарап кеткен соң, сенген халқына көңілі суып, ол Сарыарқаның сауырындағы Бұланды орманы мен Атансор өңірін жайлайтын ағайындарын бетке алып тартып отырған болуы керек. Қалың қоныстанған Ақсары, Күрсары керейлер оны құшақ жайып, хан көтеріп қарсы алған тәрізді. Оған сол ғасырдың орта шенінде осы аймақта болған генерал И.Ф. Бламгертің естелігі айғақ. Ол өзінің «Естеліктер» атты кітабында 1852 жылы әскерилермен бірге Қорған және Қаракөл маңында аялдағанын және осы сапарында әулие Марал ишанмен кездескенін жазады.
«Менің жанымдағы қазақтар оның алдында құрдай жорғалады. Содан-ақ менің алып кетуіме олардың көмектеспейтіні белгілі болды. Марал ишан басына сәлде орап қолындағы жылқы құйрығынан жасалынған үлкен желпуішімен үнемі желпініп отырды. Жалпы, жұртына жан-тәнімен жақсылық жасауға талпынған кісі көрінеді» деп генерал оның жаны ізгі, жұртына тек жақсылық қана тілейтін абзал тұлға екенін атап айтады.
Сондай біртуар ірі тұлға кешегі кеңес дәуірінде тіпті аты да аталмай халық жадынан, тарих бетінен сызып тасталынады. Үрім-бұтағы дінбасы – ишанның ұрпағы деп шетқақпайланып, қуғын-сүргінге ұшырады.
-Заманында ірі қайраткер болған, халықтың тәуелсіздігі үшін күрескен Марал бабаның ұрпағы болғанымызды мақтан тұтамыз, - дейді оның шөбере қызы Майра Жүнісова. Тәуелсіздік алған қазақ елі ұзақ уақыт ұмыт қалған бабаларымыздың есімін халқымызға қайтарып бергеніне дән ризамыз.
Марал ишаннан Ораз, Қосшығұл сынды ұлдар туған. Майра сол Ораздың немересі Болаттың қызы. Ал Қосшығұлдан кәдімгі дума депутаты, жаңашыл ұстаз, өз дәуірінің даңқты перзенттерінің бірі болған Шәймерден туады. Кейін саяси өмірден қол үзіп, бірегей бала оқытумен шұғылданып ұстаздық құрған оны Кеңес өкіметінің қызық саясаты сыйғызбайды. Мешіт салып, медресе ашқан бұрынғы дін иесі деп қыр соңынан қалмай қуғынға түсіріп, түрмеге қамап, ақыры жер аударып тынады. Бір кезде бүкіл аймағы «Шәйкен молда» деп алақанда ұстап, қадір тұтқан азамат ақыр аяғында Омбы жақта аштан өледі.
Атақты атасы жайында оның ағасы Қалыштың немересі Сәдуақастың жұрт аузында жүрген мынадай бір өлеңі бар:
Қаласы аталыпты Мәтен болып,
Жасыңнан атың шықты Шәкең, болып.
Толқыны дүниенің кез келген соң, Өмірден өттің, тәте, әсем болып. Жектің де пар қараны шаналадың, Оқумен шариғатты сараладың.
Құдай берген бақ-дәулет арқасында, Дүниенің төрт бұрышын араладың. Оқытып жат пен жақын балаларын, Боларын бұл заманның шамаладың.
Осыған қарағанда Шәймерденнен кезінде тәлім алып, тәрбиесін көрген жандардың өзі де, көзі де әлі бар болса керек. Бәлкім, ол туралы кейінгі азды- көпті ізденістер өрістеп, зерттеулер жүріп, еңбектер туып жатуына солар да себеп болған шығар. Ол жайында жап-жақсы кітап та жазылды. Сол кітаптың авторы, ғылым докторы Өмірзақ Озғанбай айтқандай,өз дәуірінің ақиық азаматы туралы осы уақытқа дейін беймәлім болып келген деректер жинақталып жатса, қасиетті баба алдында перзенттік борышымыз орындалған болар еді (Ө.Озғанбай. Рух күрескері «Елорда» баспасы. Астана. 1999).
Көшелі де көрнекті қайраткер Ш.Қосшығұловтың атасы Марал ишан жайында да осындай зерттеулер қолға алынған тәрізді. Әйтеуір қай заманда, қай қоғамда болсын елінің ертеңін ойлап, жар құлағы жастыққа тимей жанкешті күрес жүргізген қажырлы қайраткерлердің есімі ұрпақтан ұрпаққа жетіп есте қалғаны бір ғанибет емес пе. Тек бұл бағыттағы жұмыс жемісті, ізденіс өрісті болсын деңіз!»